Чехия-Орталық Азия сауда палатасының президенті БҚО-да бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдай жасалғанын атап өтті

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев бүгін Чехия-Орталық Азия сауда палатасының президенті Иржи Неставал бастаған чехиялық делегацияны қабылдады.

Кездесуде Батыс Қазақстан облысы мен Чехия арасындағы өзара қарым-қатынасты дамытудың маңызды мәселелері талқыланды. Туризм, құрылыс, машина жасау, мұнайгаз саласы, білім беру екіжақты ынтымақтастықтың басым бағыттары ретінде аталды.

Облыс басшысы чехиялық инвесторлармен байланыстың ұзақ мерзімді және қарқынды болуын қалайтынын жеткізді. Иржи Неставал мырза өз кезегінде Нұрлан Асқарұлына қолдағаны үшін ризашылығын білдіріп, Батыс Қазақстанда бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдай жасалып отырғанын атап өтті. «Біздің сауда палатасы Батыс Қазақстан облысымен осыдан он жылдай бұрын жұмыс жасай бастады. Біз өңір басшысымен машина жасау, басқа да өндіріс орындарын нығайтуға бағытталған бірлескен чехиялық-қазақстандық кәсіпорындар ашу мәселесін талқыладық. Туризм, соның ішінде демалыс және емдік туризм де ұмыт қалған жоқ», деді ол.

Кездесу барысында сондай-ақ білім беру сапасын арттыру, БҚО мен Чехия университеттері мен колледждері арасындағы қарым-қатынасты орнықтыру, студенттер үшін халықаралық тағылымдама ұйымдастыру жайы да сөз болды.

Екі күнге созылатын сапар барысында чехиялық делегация ертең БҚО бизнес құрылымдары өкілдерімен дөңгелек үстел отырысында бас қосып, бірқатар нысандарды араламақ.

inform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз