Ақжайықтық оқушы Беларусьта өткен халықаралық байқауда жеңімпаз атанды

Ақжайық аудандық балалар шығармашылығы орталығы «Көркем сурет» үйірмесінің мүшесі Әлихан Мұратов Беларусь Республикасының Мәдениет министрлігінің «Брест қамалы» мемориалдық кешені ұйымдастырған «Балалар сурет салуда» атты халықаралық шығармашылық акцияның жеңімпазы атанды.

Бұл туралы кеше Ақжайық аудандық балалар шығармашылығы орталығына Қазақстанның Брест қаласындағы консулдығынан хабар келген. «Крепость бессмертная» деп аталатын акция Халықаралық балаларды қорғау күніне орай 2008 жылдан бастап қолға алынып келеді.

Осы шараға Әлихан Мұратовтың «Бой в Брестской крепости» атты жұмысы жіберілген болатын. Аталған қамалда Ұлы Отан соғысының алғашқы күндері жау соққысына ерлікпен тойтарыс берген КСРО-ның шекаралық шебіндегі қаһармандық соғыс қимылының бірі болғаны мәлім. Әлихан өз шығармасында осыны бейнелеп, ашуға ұмтылды.

ІІ дүниежүзілік соғыстың тарихи оқиғаларын еске алу және жадымызда сақтау мақсатындағы іс-шараға Ресей Федерациясы, Украина, Қазақстан, Литва, Латвия, Чех және Польша Республикаларының дарынды суретшілері қатысып келеді. Ал бұл жолғы акцияға түскен 268 суреттің 77-сі жеңімпаз атанды. Соның ішінде 14 жастағы Әлихан Мұратовтың жұмысы да бар. Қайсар Сисенғазиевтің жетекшілігімен Әлихан үйірмеге 2009 жылдан бері қатысып келеді. Аудандық сурет, көрме байқауларында жеңімпаз атанған кезі аз емес.

Әлиханға ұйымдастыру алқасынан диплом, жеңімпаздардың суреттері топтастырылған кітапша, «Брест қамалы» атты DVD дискісіне жазылған кинофильм жіберілді. «Брест қамалы» мемориалдық кешенінің директоры Г.Г.Бысюк шәкіртке жолдаған алғысхатында 2015 жылы Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойына орай әрі қарай шығармашылық байланыстарының үзілмейтініне сенім білдірген.

http://inform.kz/
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз