БҚО әкімдігі мен Фраунгофер институты арасында меморандумға қол қойылды

Кеше, 27 ақпан күні Оралда БҚО әкімдігі мен Фраунгофер атындағы қолданбалы зерттеулерге ықпал ету қоғамы өнеркәсіп өндірісін ұйымдастыру мен автоматтандыру институты (ФРГ) арасында өзара түсіністік жөніндегі меморандумға қол қойылды.

Кездесуге қатысқан облыс әкімінің орынбасары Марат Кәрімовтің атап өткеніндей, қазіргідей кезеңде өнеркәсіп саласы жаңашылдыққа, озық технология мен ғылымға негізделсе ғана алға баса алады. Бұл ретте меморандум БҚО кәсіпорындары, ғылыми-зерттеу институттары мен Фраунгофер жүйесі арасында жекелеген келісімдерге, инновациялық байланыстарға қол жеткізудің алғышарты болып табылады. Осы мақсатта Ақ Жайық өңіріне жұмыс сапарымен келген аталмыш институттың ғылыми менеджері Сергей Серебрянский өзара тиімді қарым-қатынастың жолға қойылуына мүдделі екендігін білдірді.

Айта кетейік, 22 мыңнан астам қызметкері мен 66 институты бар Фраунгофер қоғамы Еуропадағы ірі ғылыми-зерттеу мекемесі болып табылады. Оның жылдық бюджеті 1,9 млрд. еуродан асса, соның 1,5 миллиарды келісімшарттармен жасалатын жұмыстар үлесіне тиеді. Фраунгофер институттары инновацияны дамытып, технологиялық әлеуетті нығайтуды көздейді, жаңа тұрпаттағы ғалымдар мен мамандар біліктілігін арттырумен айналысады. Соның ішінде өнеркәсіп өндірісін ұйымдастыру мен автоматтандыру институты санды инжиниринг, логистика және материалдық ағындарды өңдеу техникасы, автоматтандыру, технологиялық үдерістер мен өнеркәсіп қондырғылары сынды салаларда ғылыми зерттеулер жүргізеді.

Меморандумға сәйкес тараптар өңірде «жасыл» технологиялар мен қаланы жоспарлауда инновациялық шешімдерді бірлесіп әзірлеу, санды инжиниринг, қуат көздерін үнемдеу, техникалық энергоаудит, ауыл шаруашылы және өнеркәсіп кәсіпорындарында тиімді ресурс көзі бар технология енгізуде бағалау сынды салаларда ынтымақтастық орнатуға мүдделі.

Сапар барысында С.Серебрянский Орал қаласындағы бірқатар кәсіпорындар мен іргелі ЖОО-ларда болып, сондай-ақ қала әкімі Алтай Көлгіновпен де кездесті. Мұнда аталып өтілгеніндей, өнеркәсіп өндірісін ұйымдастыру мен автоматтандыру институты Оралмен бауырлас қала болып саналатын Магдебургте орын тепкен. Сондықтан екі қаланың байланысы индустриялық-инновациялық бағытта да дами беретін болады.

http://inform.kz/
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз