Елбасы Жарлығы кәсіпкерліктің өркендеуіне кең өріс ашады - Е.Елемесов, кәсіпкер, БҚО

Елбасымыздың «Қазақстанда кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды жақсарту жөніндегі түбегейлі шаралар туралы» Жарлығы жер-жерде кәсіпкерліктің өркендеуіне кең өріс ашатыны сөзсіз.

Бұл туралы Жәнібек ауданында тұратын өңірге танымал кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты Ескендір Елемесов мәлім етті.

Оның айтуынша, Жарлыққа сәйкес тәуекелдерді бағалау негізінде тексерулерді ұйымдастыруға көшу, сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілерінің жауапкершілігін сақтандыру мүмкіндігін кәсіпкерлік субъектілерін тексерудің баламасы ретінде енгізуді, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін тарату рәсімдерін жеңілдету, Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды түбегейлі жақсартуға бағытталған өзге де шаралар жүзеге асырылатын болады.

Нұрсұлтан Әбішұлын Ұлт Көшбасшысы, қарымды қайраткер, дарынды стратег ретінде көпшілік мойындайды. Мемлекет басшысы «Қазақстан жолы - 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты биылғы Жолдауында аграрлық секторды дамыту, әсіресе, шағын және орта бизнес түріндегі жаңа өңдеу кәсіпорындары желісін құру жөнінде бағдар беріп, «Бизнесті дамытуға кедергі келтіретін барлық енжар құқықтық нормалардың күшін жою керек. Шағын бизнес ұрпақтан-ұрпаққа берілетін отбасы дәстүріне айналуы тиіс», - деп ел экономикасын дамытудағы жарқын мүдде жолын көрсетіп еді. Міне, Елбасымыз Үкіметке бұл бағытта нақты міндеттерді алға қойып, сөзден іске көшетін уақыт келгенін дәлелдеуде. Өз басым кәсіпкер ретінде қазір ауыл шаруашылығын жетілдіру, шағын және орта бизнесті дамыту бағытында мемлекеттік бағдарламалар арқылы үлкен қолдау жасап жатқанын айрықша сезінгенімді айтқым келеді. 2014 жылғы 2 сәуірден бастап 2015 жылғы 1 қаңтарға дейін шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін тексерулерді тоқтату туралы шешімі кәсіпкерліктің дамуына оң ықпал етері анық. Яғни, орта және шағын бизнестің өзіндік дамуына сүбелі үлес қосар жақсы бастама деп білемін. Бұл Жарлықтың егеменді еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында еселі еңбек етіп жүрген барлық кәсіпкерлер үшін тың қолдау екені риясыз шындық.

Бүгінгі күні елімізде даму мен өркендеудің іргетасы қаланды. Сындарлы жылдардың сынынан сүрінбей өткен мемлекетіміз төрткүл әлемге танылды. Еліміз беделі биік, қуатты мемлекетке айналды. Тәуелсіздік алғаннан бергі жылдары Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев елімізде кәсіпкерлікті қолдау жолында сарабдал саясатын жүргізуде.

«Ең бастысы, еліміз аман, жұртымыз тыныш.  Алдағы уақытта да Ұлт Көшбасшысы Н.Назарбаевтың салиқалы саясатын бір кісідей жүзеге асыру жолында барша қазақстандықтар ерінбей, жалықпай еңбек етеді деген ойдамын», деп түйіндеді ойын кәсіпкер.

http://inform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз