Кәсіпкер құқығы қорғалды - Орал қалалық сотының қаулысы бұзылды

БҚО сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы жасаған әрекеттерінде қылмыстық құрам жоқ деген желеумен лауазымды тұлға А.Хасановтың үстінен көтерілген қылмыстық істі қысқарту туралы Батыс Қазақстан облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті тергеушісінің қаулысын бұзу жөніндегі жеке кәсіпкер А.Ысқақовтың шағымын қанағаттандырмай тастаған Орал қалалық сотының 2014 жылғы 10 ақпандағы қаулысын бұзып, жаңа шешім шығарды.

Облыстық соттың баспасөз хатшысы Амангелді Шахиннің хабарлағанындай, қызмет бабын пайдаланып, жеке кәсіпкер А.Ысқақовтың құқықтары мен заңды мүдделерін шектегені және қызметіне заңсыз араласқаны үшін 2011 жылы 9 ақпанда «Орал қалалық малдәрігерлік бөлімі» мемлекеттік мекемесінің бастығы А.Хасановтың үстінен ҚР Қылмыстық Кодексінің 189-бабымен қылмыстық іс көтерілген болатын. Аталған қылмыстық іс сол жылғы 30 қарашада айыптау қорытындысымен Орал қалалық прокуратурасына түсіп, А.Хасановтың әрекеттерінде қылмыстық құрам жоқ деген тұжырым жасалады.

2013 жылы 20 ақпанда ҚР Бас прокуратурасы қалалық прокуратураның шешімін бұзып, Қылмыстық Кодекстің 189-бабы сол қылмыстық жазаланатын күйде қалғандығын, бірақ жаңа редакциясында ондай әрекет үшін неғұрлым қатаң жауапкершілік пен жаза көзделіп, Заңның басқа тарауына ауыстырылғандығын көрсете отырып, қылмыстық істі БҚО облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментіне тергеу үшін қайта жолдаған болатын.

Аталған департамент тергеушісі Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметін жетілдіру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы 2011 жылғы 9 қарашадағы заң бойынша Қылмыстық Кодекстегі 189-бап алынып тасталып, аталған норма сыбайлас жемқорлық қылмыстарының қатарына жатқызылуына байланысты А.Хасановты ҚР Қылмыстық Кодексі 310-бабының 1-бөлімімен жазалау айыпталушының жағдайын нашарлатып жібереді деген желеумен істі 2013 жылғы 30 қазанда қысқартып жіберген.

Тергеушінің істі қысқартуын заңсыз деп тапқан кәсіпкер 2014 жылғы 29 қаңтарда Орал қалалық сотына шағым түсірген еді. Қалалық сот 2014 жылғы 10 ақпандағы қаулысымен кәсіпкердің шағымын қанағаттандырмай, тергеушінің қаулысын күшінде қалдырған болатын.

Осы істі А.Ысқақовтың жеке шағымымен қараған БҚО сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы бірінші сатыдағы соттың қылмыстық қудалау органдарының пайымдарына сүйеніп жасаған тұжырымын қате деп тауып, 2014 жылғы 19 ақпандағы қаулысымен шағымды қанағаттандырды. А.Хасановтың әрекеті Қылмыстық Кодекстің жаңа редакциясында да қылмыстық жазаланатын күйде қалып отыр деп тапты.

Қылмыстық Кодекстің 5-бабының 3-бөлігіне сәйкесті қылмыстық әрекет жасаған тұлғаның жағдайын нашарлатып жіберетін қылмыстық заңның кері күші болмайды. Бірақ бірінші сатыдағы сот пен қылмыстық қудалау органдары Қылмыстық Кодекс нормаларына дұрыс жүгінбеген. Бұл жағдайда Қылмыстық Кодекстің 4-бабына жүгіну керек еді. Ол бойынша қылмыс пен жасалған әрекеттің жазасы сол әрекет жасалған кезде қолданыста болған заңмен айқындалады.

Сот қылмыстық қудалау органдарының кәсіпкер А.Ысқақовтың құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтірген әрекеттеріндегі қайшылықтарды жою үшін істі БҚО прокурорына жолдады.

http://www.inform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз