Дәрігерлер 14 жасар жасөспірімді ажалдан аман алып қалды

28 шілде күні кешкісін БҚО Жәнібек ауданы Жәнібек ауылында орын алды. 2000 жылғы Азамат Қасымовтың үстіне биіктен профтабақша құлап, қатты жарақат алды.

Жоғарыдан құлаған профтабақша баланың оң жақ аяғын тізеден төмен жарақаттаған. Қан тамырлары, бұлшық ет және  сіңірі зақымдануы салдарынан ауыр жарақаттанып, қатты қансыраған жасөспірім өте ауыр халде аудандық ауруханаға жеткізіледі. Ол жерде науқасқа жедел  түрде алғашқы көмек көрсетілді.

Облыстан шұғыл аттанған хирург Жанайдар Қазтуғанов, балалар травматологы Марат Жұмабаев, реаниматолог Мұхтар Мақауов науқасқа шұғыл түрде ота жасауға кіріседі. Дәрігерлер түнімен бала өмірін сақтап қалу үшін күреседі. Нәтижесінде ота сәтті жасалып, баланың өмірімен қоса аяғы да аман қалды. 29 шілде күні жасөспірім санавиациямен облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізілді.

Облыстық клиникалық ауруханаға қарасты санавиацияның бөлім меңгерушісі Ғалымжан Мырзағалиевтің айтуынша, санитарлық авиация  көліктік қызметінің құрамында бір ұшақ бар. Жарты жылда облыс бойынша 162 шақыру болып, санитарлық тапсырма орындалған. Соның ішінде  ана мен баланы құтқару мақсатында 94 рет әуеге көтеріліп, олардың өмірін ажалдан арашалап қалды. Өте күрделі жағдайда санавиация Астанадан арнайы шақырылады. Жалпы санитарлық авиацияның қызмет көрсету құны (отасыз) 600-700 мың теңгені құрайды.  

Хирург Жанайдар Қазтуғановтың сөзіне қарағанда, аудандық аурухана  дәрігерлерінің «алтын уақытты», яғни алғашқы бір сағатты  тиімді пайдалануының нәтижесінде 14 жасар Азаматқа жасалған ота сәтті шыққан.

фото Медета Досумова
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз