ЕАЭО жағдайында ауылшаруашылығы тауарларын өндірушілер бәсекеге қабілетті болуы тиіс - БҚО әкімі

Біз Кедендік одақ аясында жұмыс жасап келеміз. Еуразиялық экономикалық одаққа қол қойылды. Сондықтан ауылшаруашылығы тауарларын өндірушілер де бәсекеге қабілетті болуы керек. Бұл туралы бүгін Тасқала ауданында «Агробизнес-2020» бағдарламасын жүзеге асыру мәселелері бойынша өткізілген кеңесте облыс әкімі Нұрлан Ноғаев мәлім етті.

Өңір басшысының айтуынша, Елбасы тапсырмасына сәйкес фермерлерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде. Мемлекеттік бағдарлама игілігін пайдаланып қалу керек. Өкінішке қарай, қаржылай қолдау туралы шалғайдағы ауылдар түгілі, қала іргесіндегі аудандардың шаруалары біле бермейді. Тіпті кейде бағдарлама әкімшілері де нақты жағдайды айта алмайды.

Жиында облыс әкімінің орынбасары Арман Өтеғұловтың баян еткендей, Тасқала ауданында 326 шаруа қожалығы тіркелсе, соның 88-і немесе 27 пайызы жұмыс жасамайды.

Ауданда егістік алқаптар тиімді пайдаланылмайды. Майлы дақылдар да толық егілмеген. Құрғақшылықтың әсерінен кейбіреулер егінмен бас ауыртқысы келмейді. Аудан әкімі Санжар Әлиев келтірген мәліметке қарағанда, 292 шаруашылық нысаны ауданда жерді жалға алған, қазіргі кезде ауыл шаруашылығы жерлерін түгендеу жұмыстары жүргізілуде. Қайтарылған жер телімдерін жұмыс жасағысы келген отандық инвесторларға беру көзделуде.

Облыс әкімі орынды ескерткеніндей, басқа аудандарда егіс науқанына байланысты тиісті шаралар алынуда. Тасқалада жақсы егістік жерлері баршылық. Озық технологияны пайдалана білсе, мол өнім алуға болады. Сондай-ақ жасыл орақ науқаны да қарқынды жүріп жатқан жоқ. Үш ауылдық округте дизельді отынды алуға тапсырыс берілмеген. Бұл округ, аудан басшылары, басқа да жауапты қызметкерлер шаруаларды дер кезінде хабардар етпейді, түсінік жұмыстарын жүргізбейді деген сөз.

Кеңесте шаруа қожалықтарының басшылары бруцеллез мәселесін де көтерді. Малда аурудың бар-жоқтығын анықтау үшін әр жиырма күн сайын қан алу керек. Мұндай алдын алу шараларын жүргізуге кез-келген шаруаның қалтасы көтере бермейді. Кейбіреулерінің банктер алдында міндеттемелері бар. Осындай қиындықтан шығу үшін бір шаруаға биыл 65 ірі қара тапсыруына тура келген. Тек бір ауданның өзінде малдан 271 бруцеллез дерті тіркелген. Тасқала ауданында 25 мыңдай ірі қара болса, бруцеллезге жатқызылды деген себеппен кете берсе, мал азайып кетеді. Шаруалардың пікірінше, бұл ретте малдан ауруды анықтау бағытында министрлік тарапынан жіберілген есеп-қисап дұрыс жасалмай отыр.

Жиында өзге де көкейкесті мәселелер талқыланып, жағдайды жақсарту жөнінде тапсырмалар берілді.

Облыс басшысы ауданға сапар барысында бірқатар өндіріс, құрылыс орындарында, шаруа қожалықтарында болып, жұмыс барысымен танысты.

Айта кетейік, «Агробизнес-2020» бағдарламасын жүзеге асыру барысына байланысты кеңес бұған дейін Зеленов, Теректі аудандарында өткен болатын. Негізінен ол өңір басшысының қатысуымен барлық он екі ауданды қамтитын болады.

 

inform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз