Экономикалық одақтың арқасында бірлескен кәсіпорындардың көбейері анық - В.Голоухов, кәсіпкер, БҚО

Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы бірлескен кәсіпорындар қатарының көбеюіне серпін бермек.

Бұл туралы «Автокомбинат» АҚ директоры, БҚО мәслихатының депутаты Валерий Голоухов мәлім етті.

Оның пікірінше, Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың бастамасымен Астанада Еуразия­лық экономикалық одақты құру жөніндегі келісімшартқа қол қойылуын ХХІ ғасырдың маңызды тарихи оқиғаларының қатарына қосуға болады. Еліміз әуелі жекелеген өндірісшілермен әріптестік орнатып, бірлескен кәсіпорындарды құрып, өзге де интеграциялық шараларды қолға алып, бұл мақсатқа біртіндеп қадам жасады. Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттерінің Кедендік одағының құрылуы да - сондай маңызды қадамдардың бірі.

Ресей Федерациясының бес ірі өнеркәсіптік-аграрлық өңірлерімен шектесетін Батыс Қазақстан облысының өзара тиімді экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени байланыстар жасауда тәжірибесі мол. Енді келісімшартқа қол қоюдың нәтижесінде әріптестікті кеңейтудің жаңа көкжиектері ашылады. Кәсіпкерлерге бұл үрдіс ашықтығымен, саясиландырылмауымен  тартымды. Сонымен қатар бәсекелестіктен үркудің жөні жоқ. Еуразиялық экономикалық одақ керісінше төрешілдік сөзбұйдасыз, ешбір кедергісіз озық инновациялық технологияларды кәсіпорындардың бір-бірінен тікелей алуға, өндірісті жаңғыртуға мүмкіндік береді.

ЕАЭО-ны құру заманның, бірыңғай нарықтың ағынында даму қажеттілігінен туындап отыр. Бүкіләлемдік тәжірибеге сүйенсек, оқшауланудың жолы тұйық. Келісімшартқа қатысушы елдердің транзиттік, энергетикалық және өзге де әлеуетін пайдаланбайынша, экономикалық өсімге және іскерлік белсенділікті көтеруге қол жеткізу қиын.

Мысалы, Батыс Қазақстан облысында 13 қазақстандық-ресейлік кәсіпорын жұмыс істейді. Енді олардың қатары өсетініне күмән жоқ. Интеграциялық үрдістерге шағын және орта бизнес белсене қатысуға құлықты. «Автокомбинат» АҚ Ресейдің іргелес облыстарындағы кәсіпорындармен көптен бері әріптестік байланыста. Еуразиялық экономикалық одақ аясында әріптестік қарым-қатынас, алыс-беріс өрби түспек.

«Мақсатты түрде, қажымай-талмай 20 жыл бойы Еуразиялық одақ идеясын көтеріп, идеяның өміршеңдігі мен қажеттілігіне көптеген адамның көзін жеткізе білген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке бастамасы мен орасан үлесін айрықша атап көрсеткім келеді. Әрі мұның өзі Елбасымыздың барша қазақстандықтардың әл-ауқатын көтеруге бағытталған саясатының көрегендігі мен жан-жақтылығын көрсетеді», деп түйіндеді ойын В.Голоухов.

inform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз