Экономикалық одақтың құрылуынан тұтынушылар да ұтылмайды - профессор Р.Ғабдуалиева

Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы Қазақстан үшін тиімді. Бұл туралы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті экономика және бизнес факультетінің деканы, экономика ғылымдарының докторы, профессор Раушан Ғабдуалиева мәлім етті.

Оның айтуынша, Еуразиялық экономикалық одақтың дүниеге келуімен шикізаттық, адами, технологиялық түрдегі ортақ стратегиялық активтер базасы, яғни әлемдік экономиканың сақтандыру жүйесі құрылды. Бүгінде әлемде экономикалық, кедендік және еркін экономикалық аймақтар деп кете беретін 300-ге тарта мемлекетаралық құрылымдар жұмыс істейді. Еуропа елдерінің Еуроодағы да - сондай құрылымның бірі. Азуын айға білеген алып держава АҚШ-тың өзі «NAFTA» деген ұйымға мүше. Бұл ұйымды бір құрлықта орналасқан АҚШ, Канада, Мексика өзара еркін сауда жүргізу үшін құрған. Еуразиялық экономикалық одақ еліміздің тәуелсіздігіне нұқсан тигізбей ме деген сауалдың көпшіліктің көкейінде жүргені белгілі. Алайда жаңа құрылымның тек қана экономикалық одақ екенін естен шығармау керек. Ықпалдастықтың басты қағидаттары экономикалық прагматизмге және ашықтық пен теңдікке негізделген.

Үш мемлекеттің экономикалық одақ құруға қол қоюымен, үлкен экономикалық кеңістік пайда болды. Брестен бастап Владивостокқа дейінгі кеңістікте 200 миллионға жуық халық тірлік етеді. Айлапат кеңістікке қадам басу 17 миллион халқы бар Қазақстан мен  оның кәсіпкерлері үшін де өте тиімді. Олар өз өнімдерін молынан шығарып, осы кеңістікке ұсына алады. Отандық кәсіпкерлер мемлекеттік сатып алулар нарығының көлемі Қазақстандағы мемлекеттік сатып алулар нарығынан 26 есеге асатын, шамамен 198 миллиард АҚШ долларын құрайтын Ресей Федерациясының және Беларусь Республикасының  мемлекеттік сатып  алулар  нарығына  қатысатын  болады.

Кәсіпкерлік үшін Еуразиялық экономикалық одаққа мүшелік оған қатысушы елдерге бірыңғай көліктік жүйені, қолайлы инвестициялық ахуал және өзге де қажетті жүйелерді қалыптастыруға жол ашады. Айталық, Кедендік одақ жағдайында кәсіпкерлер одақ шеңберінде жүктерді тасымалдаудың біршама жеңілдегенін сезінді. Кеден одағы құрылғаннан бергі уақытта  Қазақстан өнеркәсібінің өңдеу саласына құйылған шетел инвестициясының көлемі екі есеге, 2009 жылғы 1,8 миллиард доллардан 2012 жылы 3,4 миллиард долларға дейін өсті. Бұл көрсеткіштер, әрине, Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын айқын көрсетеді. Одан басқа Еуразиялық экономикалық одақ жөніндегі келісімшартта кез келген қатысушы мемлекеттің үстемдік етуіне жол берілмейді. Онда тең құқықтық, қатысушы тараптардың ұлттық мүдделерін есепке алу қамтамасыз етілген. Келісімшартта стратегиялық маңызды мәселелерді және барлық деңгейдегі шешімдерді қабылдауда ортақ келісімге келу тетіктері көрініс тапты.   

«Экономикалық одақтың құрылуынан тұтынушылар әсте ұтылмайды. Әрине, қазір нарықтағы баға көтеріңкі, бірақ жабық есіктер айқара ашылып, үш елдің аумағында тауарлар ағыны еркін басталған кезде, жоғары деңгейдегі бәсекелестік пайда болады. Тұтынушы қауым тауарлар мен азық-түлікті сапасына қарай таңдап, талғап алатын болады.  Бұған  қоса  өнімдердің  де  түрлері  артады», деп түйіндеді ойын экономист-ғалым.

inform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз