Экономикалық одақтың Ресейдің бес облысымен шектесетін Батыс Қазақстан үшін маңызы зор - Н.Ноғаев

Қазіргі кезде кеңінен талқыланып жатқан, кеше үш елдің басшылары қол қойған Еуразиялық экономикалық одақтың біздің еліміз үшін тиімділігі қандай, сондай-ақ өңірдегі өзекті мәселелер жөнінде ҚазАқпарат тілшісі Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаевпен сұхбаттасқан еді.

-Алдымен сөз хақында қысқаша айтып өтейін, биыл Еуразиялық одақ идеясына 20 жыл толғаны мәлім, деді әкім. Елбасының көрегенділігінен туындаған ықпалдастық  бастамасы бүкіл бұрынғы кеңестік кеңістікте бұрын-соңды болмаған серпіліс туғызды. 

«Еуразиялық ықпалдастық» термині КСРО ыдырағаннан кейін пайда болған мемлекеттердің жақындасу процесі туралы сөз болған кезде жақын және алыс шетелдердің саяси элитасы сөздік қорының табиғи бір бөлігіне айналды.

Бүгінгі таңда ықпалдастықтың оған іс жүзінде қатысушы елдердің тұрақты және орнықты дамуына мүмкіндік беретін маңызды фактор болып табылатынына ешкімнің күмәні жоқ.

Батыс Қазақстан облысы бойынша алатын болсақ, Ресей Федерациясы және Беларусь Республикасымен сыртқы сауда айналымы осы жылдың тек қаңтар-ақпанында ғана 95,9 млн. АҚШ долларына жетті.

Қазіргі кезде өңірде индустриялық аймақ құру жоспарлануда. Бұл аумақта Кедендік одақ елдерінің кәсіпорындарымен бірлескен өндіріс орындарын ашу көзделуде.

Сонымен бірге алдағы маусым айында Орынбор облысымен бірлесе отырып, шекаралас аймақтарды дамыту форумы өткізілмек. Мұнда аймақтардың бір-бірімен түрлі саладағы тиімді қарым-қатынасын одан әрі тереңдету мәселелері талқыланып, жаңа келісімдерге жол ашылмақ.

Батыс Қазақстанның Ресейдің бес бірдей облысымен шектесетіні белгілі. Соңғы жылдары облыс делегациясы Ресей Федерациясының шекаралас аймақтарына ресми іс-сапармен барып қайтты. Солардың барысында сауда-экономикалық, мәдени және ғылыми ынтымақтастық жөнінде меморандумдарға және келісімдерге қол қойылды. Сондай-ақ өткен жылы облыс делегациясының Татарстан Республикасына жұмыс сапары да жемісті болды.

Қол бастаған батыр, сөз бастаған шешендері, арқалы күйші, аруақты ақын қыздары көп болған халқымыз ежелден әйелдер қауымына құрметпен қарайды. Жайықтан түлеп ұшқан Жұбан Молдағалиевтің: «Мен қазақ әйеліне қайран қалам», - деп тамсанып өткенін өлең сүйер қауым жақсы біледі. Өткен жылы Орал қаласында «Кедендік одақ әйелдерінің бастамалары» атты шекаралас аймақтардың республикалық форумы өтіп, онда нәзік жандар бір-біріне көмек қолын созып, қордаланған мәселені бірлесіп шешудің жолын талқылады. Сала-сала бойынша жиындар өткізіп, жеті рет өлшеп, бір рет кесу игі дәстүрге айналып келеді.

Осындай шаралардың сыртқы қарым-қатынасты нығайта отырып, өзінің тиісті оң нәтижесін беретіні сөзсіз. Мұндай кездесулердің басты мақсаты көршілес елдердің ұйымдары, кәсіпорындары арасында өндірістік және технологиялық байланыстарды кеңейтудегі өзара мүдделілік, сонымен қатар облыстардағы бірлескен бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асыру жолымен қызметтер көрсету, тікелей өндірістік байланыстарды, кәсіпкерлік саласында ынтымақтастықты дамыту болып табылады.

-Нұрлан Асқарұлы, өңірде Елбасы тапсырмаларына сәйкес қандай жұмыстар атқарылуда, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу деңгейін қалайша бағалар едіңіз, енді соған тоқталсаңыз?

-Елбасы тапсырмаларының мүлтіксіз орындалуы бірінші кезекте елдің күнделікті тұрмысынан айқын көрініп отырады. Оның бәрін халық анық сезініп келеді. Сәл ғана шегініс жасап, цифрларға жүгінсек, 2014 жылдың қаңтар-сәуірінде ғана 633,7 млрд. теңге өнеркәсіп өнімдері өндірілді.

Негізгі капиталға қосылған инвестициялар 53,0 млрд. теңгені құрады, бұл өткен жылдың осы кезеңіндегіден 23,6 пайызға көп.

Облыс бойынша индустрияландыру картасы аясында 286,7 млрд. теңгеге 36 жоба жүзеге асырылып жатса, соның 31-і іске қосылып, бұл 1272 тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Күні бүгін осы  нысандардың 20-сы 70 пайыз және одан астам, 4 жоба 50 пайыздан астам жобалық қуаттылығына шықты. Қалған 7 нысан бойынша жобалық қуаттылығына кезең-кезеңмен шығу жұмыстары жалғасуда.

Қазынаға түсіп жатқан салық пен шикізат өңдеуді қоспағанда, осы сандардың астарында ашылған жұмыс орындары мен отбасыларға түсіп жатқан табыс көздері қаншама десеңізші. Мұның бәрі еліміз егемендік алғанға дейін мүмкін емес болатын.

Құрылыс жұмыстары да қарқынды өріс алып келеді. Мұндағы жұмыс көлемі 2013 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 35,8 пайызға артты.

Өңір экономикасының негізгі өзегі ауыл шаруашылығы болса, ондағы жалпы өнімнің көлемі өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 4,5 пайызға өсті.

Бір қызметкердің орташа айлық еңбекақысы 2014 жылдың қаңтар-наурызында 8,6 пайызға артып, нақты еңбекақы индексі 103,5 пайызды құрады.

Инфляцияның жалпы деңгейі - 102,9 пайыз, республика бойынша бұл көрсеткіш - 103,9 пайыз.

«Бизнестің жол картасы - 2020»  бағдарламасы жүзеге асырыла бастағаннан бері облыста 45 млрд. теңгеге 312 жоба (2800-ден астам жұмыс орны) мақұлданды. Сондай-ақ «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасының екінші бағыты «Кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу»  аясында 4,5 млрд. теңгеден  астам қаражат (2300-ден астам жұмыс орны) игерілді.  

-Индустрияландыру картасына БҚО-дан жаңа жобалар енгізіле ме?

-Индустрияландыру картасына жалпы құны 17,9 млрд. теңгені құрайтын қосымша төрт жобаны (500 жұмыс орны) енгізу үшін жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, Зеленов ауданында ауыз су өндіру кешені («Родник» фирмасы» ЖШС), Ақжайық ауданында ет өңдеу кешені («Батыс Марка Ламб» ЖШС), Оралда автоклавтық ұялы бетон өндірісін ұйымдастыру («Батыс Қазақстан құрылыс материалдары корпорациясы» АҚ), газтурбиналық электростансасы (бірінші кешені, қуаты 100 МВт, «Батыс Пауэр» ЖШС) бой көтермекші. Сонымен қатар басым бағыттар бойынша жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар тізімі жаңартылуда.

-Тағы бір сауал, Қарашығанақ кешенін игеріп жатқан шетелдік альянстың жергілікті кәсіпорындарға беті бұрыла ма, бұлардың үлестік қатысын көбейту үшін қандай шаралар қолға алынбақ?

-Бұл мәселе үнемі назарда. Соңғы кезде «ҚПО б.в.» компаниясы жергілікті кәсіпорындармен, соның ішінде «Ақсай индустриалдық паркі» ЖШС-мен (оған 13 компания кіреді) жұмысты жандандырды. Оған қоса күш біріктіру мақсатында құрылған «Машзавод» консорциумы шетелдік кәсіпорындар алдында машина жасау компаниялардың мүддесін қорғау және өз қызметтерін ұсыну бойынша маңызды рөл атқаруда. Консорциум «ҚПО б.в.», ТШО-ның жеткізушілер тізімінде тіркелген, жақында Қашаған кен орнында қызмет көрсететін NCOC компаниясының жеткізушілер тізіміне де енгізілді.

Биылғы сәуір айында Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігімен бірлесіп жергілікті компаниялардың мүмкіндіктерін көрсету және өзара тиімді байланысты одан әрі өрістету мақсатында мұнайгаз секторындағы машина жасау және сервистік компаниялардың форумы ұйымдастырылды. Оған 250-ден астам, соның ішінде мұнайгаз және аралас секторларда қызмет көрсететін жер қойнауын пайдаланушылар, мемлекеттік органдар, машина жасау және сервистік компаниялар қатысты. «ҚПО б.в.», «Теңізшевройл», «Halliburton», «Schlumberger», «Baker Hughes» сынды компаниялар өкілдерінің осындай жиынға қатысып, мәселені бірлесіп талқылауының өзі олардың беті бері қарағанын көрсетеді. Ендігі мәселе қазақстандық кәсіпорындардың өзінің бәсекеге қабілеттілігін көрсетіп, түрлі тендер, сатып алуларда өз үлесін ала білуде.

Батысқазақстандық өнеркәсіп орындарының мүмкіндіктерімен танысу мақсатында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ және «Теңізшевройл» ЖШС делегацияларының да Орал қаласына келуі жоспарлануда.

Қорыта айтқанда, ықпалдастық байланыстың өндірістік әлеуеті барынша дамыған, географиялық жағынан қолайлы орналасқан, яғни Ресейдің бес бірдей өңірімен шектесетін Батыс Қазақстан облысы үшін маңызы зор. Ең бастысы, әңгіме қай тарапқа да тиімді, облыстың қарқынды дамуына септесетін төте жолды таба білуде болса керек.  

inform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз