Ел бірлігін сақтаудан асқан ұлы мақсат жоқ - Мемлекет басшысы

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Салтанат сарайында этномәдени бірлестіктер, зиялы қауым өкілдері және ауған соғысы ардагерлерімен кездесті. 

Қатысушылар атынан сөз алған белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағы БҚО бөлімшесінің төрайымы Ақұштап Бақтыгереева, «Яик» фольклорлық ансамблінің жетекшісі Владимир Новиков, «Татар мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Альфия Лежнина елімізде ұлтаралық татулық негізінде бейбітшілік пен келісім салтанат құрып отырғанын, шағын және орта бизнеске жағдай жасау нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылып жатқанын, білім, мәдениет, тілдерді дамыту саласында көптеген жұмыстар қолға алынғанын, ең бастысы, Қазақстан болашағы халық бірлігінде екендігін жеткізді. 

Емен-жарқын әңгіме барысында Елбасы көк түріктерден бастап, Қазақ елінің бақыты оның бірлігінде екендігін, Қазақстан барлық ұлт өкілдері үшін ортақ үйге айналғандығын атап көрсетті. Бұдан жиырма жыл бұрын құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы өзінің жасампаздығымен әлемге танылды. Қазақстан қазіргі таңда бүкіл дүниежүзі таныған, көптеген ірі шаралар өтетін іргелі мемлекетке айналды. Бірлігі жоқ елдерде береке жоқ, оларда даму жоқ, тіпті қан да төгіліп жатыр. Сондықтан, ел бірлігін сақтаудан асқан ұлы мақсат болмақ емес. 

Айта кетейік, өңірде тоқсаннан астам ұлт өкілдері тұрады. Облыстық ассамблея құрамында 123 мүше болса, 17 адам - ҚХА мүшесі. Қазақстан халқы БҚО ассамблеясы құрамында 48 этномәдени бірлестік болса, соның 15-і Орал қаласында. Этномәдени бірлестік жетекшілерінен құралған ассамблея кеңесіне қоса ғылыми-сарапшы топ, ақсақалдар кеңесі, аналар кеңесі, жұртшылықпен және БАҚ-пен байланыс кеңесі, жастар қанаты, аудандар мен ауылдық округтерде 163 қоғамдық келісім кеңесі жұмыс жасайды. Биыл ҚХА жылына байланысты арнайы жоспар жасалып, «20 ізгі іс» аясында қайырымдылық, мәдени-ағарту, Ұлы Отан соғысы ардагерлерін құрметтеу және басқа шаралар өріс алуда. «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мегажобасының эстафетасы барлық аудан орталықтары мен ауылдық округтерге ерекше, мерекелік серпінмен табыс етілуде. Бұл шара 1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі мерекесі қарсаңында қорытындыланбақ. 

Биыл Орал қаласында сән-салтанаты келіскен Достық үйін пайдалануға беру көзделуде, бұл этномәдени бірлестіктердің тынысын одан сайын аша түсетін болады.

2 

http://inform.kz/
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз