Елбасы тапсырмасына сәйкес жастар мәселесі оң жолға қойылып, ауқымды істер атқарылып келеді - БҚО әкімі

Елімізде Елбасы тапсырмасына сәйкес жастар мәселесі оң жолға қойылып, ауқымды істер атқарылуда.

Бұл туралы 9 сәуір күні Қаратөбе ауданында облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен өткен БҚО әкімі жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңестің көшпелі отырысында мәлім етілді.

Өңір басшысы атап өткеніндей, Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап жарқын болашақ иесі жастар мәселесі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басты назарында болып келеді. Елбасының сарабдал саясаты  арқасында ауыл жастары  мемлекеттік «Жасыл ел», «Дипломмен ауылға», «Жастар тәжірибесі» бағдарламаларына белсенді қатысып, жоба игілігін көруде.  Жастар саясатын дамытуға Елбасының биылғы «Қазақстан жолы - 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында да баса мән берілгені мәлім. Мемлекетіміздің ұстанған саясатын жүзеге асыру барлық деңгейдегі әкімдердің міндеті болып табылады.  Сондықтан облыс басшысы көшпелі кеңеске қатысушыларды жастар саясатының көкейкесті мәселелері бойынша ашық пікір алмасуға шақырып, алда тұрған міндеттерді атап өтіп, нақты тапсырмалар берді.

БҚО жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серік Молдағалиевтің айтуынша, облыста 167490 жас болса, бұл - облыс тұрғындарының 27,1 пайызы, соның 4,5 пайызы жұмыссыздар есебінде. Өңірде барлығы 87 жастар бірлестіктері болса, соның 25-і аудандарда қызмет етеді. Жастар саясаты саласындағы әлеуметтік маңызы зор жобаларды жүзеге асыруға биыл 84,8 млн. теңге (2013 жылы - 77,8 млн. теңге) қаралса, соның ішінде 45 млн. теңге облыстық, 39,8 млн. теңге қалалық және аудандық бюджеттерден бөлінді. Өңірде ЖОО және арнаулы орта оқу орындарын бітіруші 3735 жас маман жұмысқа орналасуды қажет етеді.

Жиында сондай-ақ Қаратөбе, Сырым, Шыңғырлау аудандарының әкімдері Асхат Шахаров, Абат Шыныбеков, Алдияр Халелов, «БҚО Жаңа толқын» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дәурен Сатқанов, «Сырым елі» аудандық газетінің тілшісі Бауыржан Ширмединұлы, «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанаты облыстық филиалының хатшысы Дархан Қадырәлиев, облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының жетекшісі  Серік Тоқмамбетов және басқалар жас кәсіпкерлерге қолдау көрсету, жастарды жұмысқа тарту, мемлекеттік бағдарламаларға көбірек қатыстыру, бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру, облыстық жастар сайтының жұмысын жолға қою турасында ойларын айтып, ұсыныс-тілектерін жеткізді.

inform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз