Елбасы Жолдауына сәйкес жастардың баспаналы болуы болашаққа деген сенімді арттырады - Қ.Мәдір

Елбасының жаңа Жолдауына сәйкес жастардың баспаналы болуы болашаққа деген сенімді арттырады. Бұл туралы «Өнер» қоғамдық қорының директоры, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті Қуандық Мәдір мәлім етті.

Оның айтуынша, дүниені дағдарыс жайлаған уақытта еліміздің күн санап дамуы, белгілі бір асуды бағындырып, келесі бір белге еркін бет түзеуі, әрине, Елбасының көрегенді саясатының нәтижесі.

Жолдаудың мазмұны терең, бағыты айқын, стратегиялық мәні үлкен, еліміздің құрылымдық реформаларын одан әрі жүзеге асыруға бағытталған.

«Алдымыздағы 2-3 жыл бүкіл дүниеге де, елімізге де оңай болмайды», - деп сөз бастаған Президент елімізде әуежай, ұшу-қону алаңдары, теңіз инфрақұрылымы жаппай жөнделіп, жаңадан жол төселіп, теміржол желісі тартылатындығын жеткізді. Елорда Астанадан бастау алатын күретамыр жолдар - елдің экономикасын дұрыстап, халықтың әл-ауқатын арттыруға қызмет ететін бірден-бір негіз. Жолдаудағы тағы бір көңіл төркінінен орын алған сала - әлеуметтік ахуал еді: жағдайы нашар мектеп пен үш ауысымдық оқу мәселесі шешіліп, оған 70 миллиард, балабақша салуға 20 миллиард, тозығы жеткен тұрғын жайларды жөндеуге 200 миллиард, арендалық негіздегі баспана салуға 180 миллиард теңге қарастырылмақ. Осы жерде «Жаңа тұрғын үй бағдарламасы бойынша, пәтер делдалсыз және ипотека төмен пайызбен берілетін болады. 1-2 пайыз жеткілікті шығар. Және алғашқы төлемсіз береміз. Ол әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға қолжетімді болады», - деген Мемлекет басшысы алғашқы төлемсіз жалдамалы пәтер алуға мүмкіндік туатынын мәлімдеді. Бұл баспанадан күдер үзе бастаған жастарға, соның ішінде мардымсыз жалақы алатын оқытушылар мен мәдениет қызметкерлеріне үлкен қамқорлық екенін баса айтқым келеді.

«Сөзінің соңында Нұрсұлтан Әбішұлы Тоныкөк бабамыздың өсиетін тілге тиек ете келіп «Жалпыұлттық идеяны өміршең ететін - елдің бірлігі. Ауызбіршілік қашқан, алауыздық тасқан жерде ешқашан да жалпыұлттық идеялар жүзеге асқан емес. Қазақстанның шыққан шыңы мен бағындырған биіктерінің ең басты себебі - бірлік, берекесі», - деп сөзін түйіндеді. Тәуелсіз еліміздің жарқын болашағы үшін әр қазақстандық азамат елінің патриоты болып, Елбасы салып берген жалпыұлттық идея - Мәңгілік елді басшылыққа ала отырып, аянбай еңбек етуіміз керек», - деді Қ.Мәдір.

http://kazinform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз