Еуразиялық одақ кәсіпкерлер үшін тиімді болмақ - Н.Мақсотов, БҚО

Еуразиялық экономикалық одақ кәсіпкерлер үшін тиімді болмақ. Бұл туралы БҚО кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Нұржан Мақсотов мәлім етті.

Оның пікірінше, аталмыш одақ құрылған жағдайда, мемлекетіміздің  экономикалық дамуына, инвестиция тарту мәселелеріне оң ықпал етеді деп күтілуде.

ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Еуразия идеясын көтергеніне биыл тура 20 жыл болды. Бұл идея  қазіргі таңда өмірде де, тәжірибе жүзінде де іске асырылуда. Бұлай дейтініміз, осы идея көтерілгеннен бері, мемлекетіміз ықпалдастықтың үш сатысынан өтті: бастапқыда Кеден одағы, кейін Бірыңғай экономикалық кеңістік және экономикалық ықпалдастықтың ең биік  шыңы - Еуразиялық экономикалық одақ. Бүгінгі таңда осы одақтың табалдырығынан аттауға дайын тұрмыз.

ҚР Президентінің 1996 жылғы 23 мамырда қол қойылған «Еуразиялық университеті туралы» Жарлығы бұл бағыттағы ең алғашқы қадамдардың бірі болды. Жарлықта Еуразиялық университеттің Қазақстан Республикасының кеңейтілген халықаралық қатынастарын, оның әлемдік ықпалдастық үрдістеріне белсенді қатысуын, Еуразиялық одақ идеясын іс жүзінде іске асыруын есепке ала отырып құрылатындығы көрсетілді. Соңынан 1996 жылы үш мемлекет қана кірген Кеден одағы құрыла бастады. Еуразиялық идеяның алға ілгерілеуінде  Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан кірген Пар­ламентаралық комитеттің базасында ЕуроАзЭҚ-тың құрылуы үлкен  жетістік  болды.

Ал 2001 жылдың қараша айында Санкт-Петерборда  Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың Парла­ментаралық ассамблеясының бірінші отырысы өтті. Осы елдердің мемлекет басшыларының арасында бұл туралы келісімге 2000 жылдың 10 қазанында қол қойылды,  ал 2001 жылдың 31 мамырында ол ратификацияланды. Оның шеңберінде жүзден астам келісімшарттарға қол қойылды. Негізінен, жаңа за­манғы еуразиялық идеясы - бұл ықпалдастық және экономикалық аспектілер ғана емес, сондай-ақ  көптеген жалпы адамгершілік проблемаларды шешуде бірден-бір  өміршең  шешім болып табылатындығын атап өткен дұрыс. Себебі Қазақстан Президенті Н.Назарбаев: «Ықпалдастық туралы сөз қозғай отырып, біздер экономикалық аспектіні ғана айтпауымыз қажет. Интеграцияны адамгершілік тұрғыдан да қарастыруымыз керек» деген болатын. Сонымен қатар Елбасы: «Біз ХХІ ғасырдың жаһандық өзгерістеріне еуразиялық ықпалдастықпен жауап бере аламыз. Біздер Ресей және Белоруссиямен бірге Біріккен экономикалық кеңістікті құрдық және Еуразиялық экономикалық одақты құруға қадам жасаудамыз. Бұл, жалпы аймақтық тұрақтылықты, біздің экономикаларымыздың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңызды факторы», деп ықпалдастықтың болашаққа апаратын төте жол екендігін баса айтты.  Яғни әрбір мемлекет және қоғам жаһандандырылып жатқан әлемде өзінің жеке кеңістігінде ғана қалып қоюға болмайтындығын түсініп, бір шешімге келуі тиіс. Қазақстан ықпалдастықтың еріктілігі қағидасын ұстанушылардың бірі болып қала береді.

Бүгінде жұрт Еуразиялық одақтың маңызын жете түсінбей, ол туралы әр түрлі пікір айтады. Бұл дұрыс емес. Еуразиялық одақтың құрамына кірген мемлекеттер тепе-теңдікті сақтап, бір-бірінің ішкі істеріне араласпайды, зайырлылықты құрметтеп, мемлекеттік шекараларға  қол сұқпайды.

Еуразиялық экономикалық одаққа кіру жөніндегі шарт елімізде көптен бері талқыланып келеді. Бұл шарттың мемлекеттер арасындағы кәсіпкерлердің байланысына, тауар айналымдарына үлкен ықпалы болады. Ал бұл өз кезегінде кәсіпкерлер палатасына үлкен жауапкершілік жүктейді. Осыған орай ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасында отыздан астам кеңестер шақырылып, онда Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың әрбір бөлімі талқыланды. Аталмыш шарттың 750-ден астам парақтан тұратынын ескерсек, осы бағытта жасалған жұмыстың өте ауқымды болғанын көреміз. Жоғарыдағыдай отырыстар өңірдегі кәсіпкерлер палатасында да жиі өткізілуде. Шартты талдау барысында аймақ кәсіпкер­лері мұның маңызын жете түсініп, кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы  өз пікірлері мен ұсыныстарын жеткізуде.

Шарттың тараптары болып саналатын Ресей және Беларусь мемлекеттері алдымен  өндірілген өнімдердің сапасына қарайды. Отандық өнімдер бәсекеге қабілетті болған жағдайда ғана өз еліміздің, сондай-ақ одақ құрамына кіретін өзге де мемлекеттердің  сұранысына ие болмақ. Сондықтан біздің өнім өндірушілеріміз экспортқа шығаратын тауарларының сапасына баса назар аударуы тиіс. Бұл ретте біз әрбір мемлекеттік бағдарламалар, бөлінген қаржы тұтынушыларымызға дер кезінде жетіп, кәсіпкерліктің дамуы үшін  серпіліс беретін салық немесе басқа да салалық заңнамаларға өзгерістер енгізу қажет деп есептейміз. Қысқаша айтқанда, бұл кәсіпкерлер үшін капитал, жұмыс күші, инвестиция тартудағы еркін айналым дер едім.

Себебі мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастарда сауда-экономикалық ынтымақтастығына шағын және орта бизнес деңгейінде әріптестік байланыстардың тұрақтылығы тән екендігі белгілі. Мысалы, жеке бизнес саласындағыларға ынтымақтастықты дамытудың басты салалары ретінде энергетика, транзиттік-көліктік, химия, фармацевтика, жеңіл және ауыр өнеркәсіп, ауыл шаруашылығын, туризм, теле­коммуникация мен байланыс бағыттарын  бөліп көрсетуге болады.

«Қорыта айтқанда, кәсіпкерлік саласының дамуы мемлекет, бизнес және білім саласының бірлесіп әрекет етуіне байланысты дегім келеді. Жоғарыда аталған сала өкілдері бір-біріне көмектесіп, бірлесіп жұмыстанғанда ғана  нәтижелі жұмысқа қол жеткізе аламыз. Елбасымыз биылғы «Қазақстан жолы - 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Біз экономикамызға шетелдік инвестициялар, технологиялар мен инновацияларды кеңінен тартатын боламыз. Инвесторлар үшін жұмысқа қолайлы жағдайлар жасаймыз. Біз дамыған 30 елдің тобына кірудің осы маңызды тетігі арқылы экономикамыздың өңірлік, жаһандық экономикалық жү-йемен терең ықпалдасуын айқын көріп отырмыз. Бұл ең алдымен Еуразиялық экономикалық одақ қалыптастыруға қатысуымызға, Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруімізге байланысты» деген болатын. Елбасының осы пікірінің өзі Еуразиялық одақтың қаншалықты тиімді екенін көрсетіп тұрған жоқ па?», деп түйіндеді ойын Н.Мақсотов.

inform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз