Еуразиялық одақтың құрылуы жаңа деңгейдегі байланысқа жол ашады - Р.Ғабдуәлиева, экономика ғылымдарының докторы

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Мәскеу мемлекеттік университетінде бұрынғы кеңес елдерінің Еуразиялық одаққа бірігуі жөнінде идея көтергеніне биыл жиырма жыл толып отыр. Қазақстан бүгінде ТМД кеңісті­гінде жақын көршілермен әріптес­тік және тығыз өзара байла­ныс­ты нығайту саясатын жалғастыруда.

Ресей және Беларусьпен бірге Кеден одағы және Біртұтас эко­номикалық кеңістіктің құрылуы соған дәлел. Осы байланыстардың мән-маңызы, қыр-сыры, даму жолдары жөнінде экономика ғылымдарының докторы, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті экономика және бизнес факультетінің деканы Раушан Ғабдуәлиева өз ой-толғамын былайша білдірді.

- Әлемдік экономикадағы жа­һан­дық өзгерістер, мемлекет­тер­­дің өзара тәуелділігі, әлеумет­тік-экономикалық мәселе­лердің күр­деленуі дүниежүзілік қауымдас­тықтың барлық елдерімен дос­тық және өзара тиімді қарым-қа­тынастарды одан әрі нығайту­ды, үйлестіруге күш салуды қажет е­те­ді, - деді ғалым. Кеден одағын құрудың түпкі мақ­са­ты Біртұтас экономикалық кеңістік қалыптастыру болып табылатыны белгілі.

Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістіктің жұмысы оған қа­тысушы елдердің әрқайсысының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. Сонымен қатар Кеден одағына мүше елдердің экономикасы­ның тұрақты дамуын қалыптас­тыруға және құрылымдық жа­­ғы­нан қайта құруға, әлемдік на­рықта инте­г­рациялық бірігуге, Қазақстан, Ре­сей және Беларусь өндіруші­ле­рінің неғұрлым тығыз кооперациялары үшін біртұтас көліктік энергетикалық және ақпараттық жүйе құруға жағдай туғызады. Өзінің қызмет ету барысында Кеден одағы экономикалық өсімнің тұрақты қарқынын сақтап келе­ді. Кеден одағы елдерінің жалпы өнімінің жиынтық өсімі 3,5 пайызды, осы елдер арасындағы өзара сау­даның өсімі 8,7 пайызды, сыртқы сау­да өсімі 3,2 пайызды құрады.

Қазірдің өзінде Кеден одағына, еркін экономикалық аймаққа бірігуге ынталы екендіктерін бірқатар елдер мәлімдеп үлгерді. 2020 жылға дейін-ақ бүгінгі үш­­тіктің Кедендік одағы үлкен эко­номикалық қауымдастыққа ай­наларына сенім мол. Қазақстан бұл одаққа мүше болудан ұтылған жоқ. Өйткені кедендік декларациялау үрдісі қысқартылды, транзитті сау­да операцияларының әлеуетті өсімі қамтамасыз етілді, Қазақ­-
стан­ның логистикалық нарығы­ның жедел дамуы байқалды, қазақ­стан­дық тауарлардың Ресей жә­не Беларусь арқылы транзиті қысқартылды. Сонымен қатар ке­ден тарифінің өсімі бюджетке түсетін түсімдердің және еліміз­дің аумағында біріккен кәсіпорындар құру арқылы инвестиция көле­мінің өсіміне қол жеткізілді. Ресеймен шекаралас аймақтар Кеден одағы жағдайында қосымша инвестициялар тарту мүмкіндігіне ие болды.

Енді Кеден одағына мүше бо­лудың ел экономикасына кері әсері болды ма деген сауалға келсек, әрине, еліміздің экономикасы тек ұтып қана қойған жоқ, кейбір жағдайлардан ұтылыс тапты. Біріншіден, өзге елдерден әкелінетін импортқа (Кеден одағына мүше емес) кедендік тарифтердің өсуі қазақстандық нарықта олардың бағасының өсіміне ықпал етті. Екіншіден, кейбір жекелеген та­у­ар­лардың бағасы ресейлік на­рықта едәуір жоғары болатын, соған орай қазақстандық және ресейлік бағаны бірдей жасау қазақстандық нарықта бағаны аспандатып жіберді. Үшіншіден, Кеден одағына кірмейтін елдерден контрабанда тәуекелділігі жоғарылайтыны анық. Төртіншіден, кейбір отан­дық тауар өндірушілердің бағалық бәсекелестікке төтеп бере алмау ықтималдылығы жоғары.

Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістіктің кері әсерлеріне қарамастан, жаһандық аумақта оң ықпалы басымырақ. Өйткені Бір­тұтас экономикалық кеңістік - бұл жалпы саны 170 млн. адамнан тұратын жалпы нарық, инфра-
­­­құрылымға, капиталдың, қыз­­мет­­тің, жұмыс күшінің еркін айна­лымына тең қолжетімділік. Мұн­дай одақ инвестиция және кә­сіпкерлік белсенділік үшін елі­міздің тартымдылығын арттырады. Бұлардың барлығы, түптеп кел­генде, Кеден одағы елдерінің, соның ішінде Қазақстан тұрғындарының өмір сүру деңгейін жоғарылатуға әсер етеді деп күтілуде.

Еуразиялық экономикалық интеграция жөніндегі деклара­цияға сәйкес 2015 жылдың 1 қаңта­рына халықаралық келісімдерді кодификациялау аяқталып, елдердің интеграциясының ең жоғарғы деңгейі Еуразиялық эко­номикалық одақ құрылуы тиіс. Мұндай одақты құру үдерісі Біртұтас экономикалық кеңістікке қосылу барысына және тепе-теңдестірілген макро­эко­номикалық, еңбек, қаржы, тауарлар мен қызметтер нарығын құрылымдық реформалау жұмыс­тарының қалай жүретін­дігіне жә­не энергетика, көлік және телекоммуникация саласындағы еу­разиялық желіні құру үрдістеріне байланысты болмақ. «Бұл - өмір сү­рудің жоғары стандарттарын қа­лыптастыруды көздейтін интегра­цияның неғұрлым жоғары дең­гейі. Экономикалық одақ шеңберін­де оған қатысушы мемлекеттер валюталық одақты қалыптастыру үшін негіз болып саналатын бір­тұтас валюталық-қаржылық саясатты жүргізуі мүмкін», деп түйіндеді ойын Р.Ғабдуәлиева

inform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз