ФУТБОЛ: Оралдың «Ақжайығы» премьер-лигаға қайта оралды (ФОТО)

«Ақжайық» премьер-лигада! 

Оралдың «Ақжайығы» футболдан бірінші лига командалары арасында Қазақстан чемпионатының жеңімпазы атанды.

Жексенбі күні өткен соңғы турда батысқазақстандықтар турнир кестесінде екінші келе жатқан Теміртаудың «Болатын» қабылдады. Премьер-лигаға шығу үшін «Ақжайыққа» тең ойын жеткілікті болса, «Болатқа» тек жеңіс қажет еді. Дегенмен оралдықтар тең ойын үшін тіресіп, қорғаныста жатып алған жоқ. Қайта кездесудің өн бойында қарсыластың қақпасын алуды көздеген алаң иелерінің басымдылығы айқын байқалып тұрды. Бұл ұмтылыс құр кеткен жоқ. 17-минутта допты бірден қақшып ұстай алмаған «Болаттың» қақпашысының қателігінен кейін Антон Шурыгин есеп ашты. Бірінші тайм соңында әдемі комбинациядан кейін чемпионаттың сұрмергені Олег Хромцов есепті 2:0 жеткізді. Биылғы маусымда ол барлығы 14 доп соқты. Бұл жолы қақпаның кілтін Нұрболат Қалменов нық ұстаса, Бауыржан Омаров, Магомед Узденов, Роман Қисметов секілді футболшылар өз орнында сенімді ойнады. Сонымен қатар бірін-бірі сәтті алмастырып, орталық қорғаушы, болгариялық Янко Валкановтың да шабуылға қосылған сәттері болды.

Ойынның екінші кезеңінде де батысқазақстандықтар қонақтарды тырп еткізген жоқ. Алексей Мальцев пен словениялық Матиц Марушконың орнына шыққан Ақжол Серікжанов пен Иван Антипов та еркін қимылдады. Оң қапталдан суырылып алға ұмтылған Ақжол Иванның алдына доп салып берсе, мұны Орал футболының түлегі, он тоғыз жасар И.Антипов мүлт жібермей, бірнеше ойыншыны алдап өтіп, қақпа бұрышын дәл көздеді. Сөйтіп ол чемпионат нүктесін қойды.

Осылайша «Болатты» 3:0 есебімен бет қаратпай ұтқан «Ақжайық» ұпай санын 53-ке жеткізіп, премьер-лига жолдамасын ұтып алды. Ол енді келесі жылы Қызылорданың «Қайсарының» орнына премьер-лигада ойнайды. Бірінші лигада ең көп гол (60) соққан да - Талғат Байсофыновтың шәкірттері. 50 ұпаймен екінші орынға көтерілген Өскеменнің «Востогы» премьер-лига жолдамасы үшін қосымша кездесуде Талдықорғанның «Жетісуімен» кездеседі. 

null

 null

http://www.inform.kz/
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз