ФУТБОЛ: Жергілікті ойыншыларға көбірек сенім артқан «Ақжайық» ірі есеппен жеңіске жетті

Бірінші лига командалары арасында футболдан Қазақстан чемпионатының кезекті турында Оралдың «Ақжайығы» өз алаңында Шымкенттің «Қыранын» қабылдап, 5:1 есебімен жеңіске жетті.

Осының алдындағы турда Ақтауда «Каспийден» 1:2 есебімен ұтылып қалғандықтан болар, оралдықтардың бапкері Сергей Волгин команда құрамына біраз өзгерістер енгізді. Бұл жолы ол Николай Забродин, Иван Антипов, Еркін Тапалов, Руслан Хайыров сынды жергілікті футболшыларды бірден ойынға қосты. Әсіресе, он тоғыз жасар И.Антипов бапкердің де, жанкүйерлердің сенімін ақтай білді. Оң қапталда әдемі ойын өрнегін көрсетіп, қорғаушыны сан соқтырған ол алдымен Николай Забродинге дәл пас берді. Одан кейін Орал футболының тағы бір түлегі Алексей Мальцев И.Антиповтың пасын сәтті пайдаланып, қонақтардың қақпасына екінші допты баспен енгізді. Екінші таймда алғы шепте ұшқырлық пен шеберлік танытқан А.Мальцев тағы екі гол соғып, хет-триктің авторы атанды.

Ойын барысында словениялық легионер Марушко Матиц биылғы біріншіліктегі бесінші добын соқса, қонақтардан Жансерік Қалдыбай бір ғана голмен жауап берді.

Бұл матч легионерлерсіз де батысқазақстандық команданың сәтті өнер көрсете алатынын танытты. Қазақстан футбол федерациясының президенті Ерлан Қожағапановтың алдағы жылы бірінші лигада легионер болмайтынын мәлімдеуі тегіннен-тегін емес. Мұндай талап, сөз жоқ, қазақстандық ойыншылардың тынысын ашып, оларға көбірек мүмкіндік беру ниетінен туындап отыр.

Осы турдан кейін он ұпаймен төртінші орынға көтерілген «Ақжайық» бірінші лигадағы әзірге ең көп гол (16) соққан команда екенін айта кетейік. Чемпионат көшін 16 ұпаймен Семейдің «Спартагы» мен Өскеменнің «Востогы» бастаса, биылғы маусымда жақсы қырынан көрінген Теміртаудың «Болаты» (13 ұпай) үшінші орында келеді. Оралдықтар келесі ойынын 24 мамырда Алматыда көш соңындағы командалардың бірі ЦСКА-мен өткізеді.

http://inform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз