Германдық делегация батысқазақстандық кәсіпорындардың мүмкіндігімен танысуда

Кеше Германияның Алматыдағы бас консулы Михаэль Грау бастаған іскер топ өкілдерінен құралған делегация жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысына келді.

Германдық делегацияны қабылдаған облыс әкімінің орынбасары Марат Кәрімовтің атап өткеніндей, Батыс Қазақстан облысының экономикалық әлеуеті мол. Бір ғана Қарашығанақ кенішінің өзі неге тұрады. Сондықтан өңір басшылығы мұнайгазға қатысты барлық сабақтас салаларды дамытуға мүдделі. Оған қоса Оралда бірнеше ірі машина жасаушы өндіріс ошақтары шоғырланған. Олардың да мүмкіндігі толық пайдаланылып жатыр деуге әлі ерте. Сонымен қатар агроөнеркәсіп саласы - экономиканың негізгі бағыттарының бірі. Бұдан да бірлесіп атқарар жоба-жоспарлар табуға болады. «Өңірде Шалқардай көліміз болғандықтан, туристік кластерді жасақтауға баса назар аударып отырмыз. Бір сөзбен айтқанда, қарым-қатынасты одан әрі тереңдетудің жолдары сан алуан. Өзге шет мемлекеттермен салыстырғанда Германияның Батыс Қазақстан облысымен сауда айналымы өткен жылы бар-жоғы 26 млн. АҚШ долларын құраған екен. Ол, әрине, аз. Осының орнын толтырып, келешекте сенімді әріптестік байланыс орнату - заман талабы» - деді М. Кәрімов.

М.Грау мырза өздерін жылышырайлы қабылдағаны үшін алғысын білдіріп, делегация құрамымен таныстырды. Ақ Жайық өңіріне аяқ басқандар қатарында Орталық Азиядағы Германия экономикасы өкілдігі басшысының орынбасары Ғалия Жүнісәлиева, жол салумен шұғылданатын «WirtgenKasachtan» өкілдігінің басшысы Аманкелді Елғонов, жерасты және жерүсті құрылыстарын жүргізетін «BAUER KasachtanGmbH» фирмасының бас директоры Мұрат Балтабаев, имидждік және жарнамалық қызмет көрсететін «AmsterdamMediaGrup» компаниясының атқарушы директоры Елена Утяшева, көлік-логистика саласына маманданған «M&MMilitzer&MunchGmbH» фирмасының өкілі Андреас Верль, «Бош» фирмасының өкілі Рүстем Асқаров, мұнайхимиясы, металлургия ссаласында жұмыс істейтін «ISIIndustrieserviseInternationalUG» фирмасының бас менеджері Петер Тевс мырзалар болды.

Екі күнге созылатын жұмыс сапары барысында германдық делегация облыстың бірнеше кәсіпорнын аралап, іс барысымен танысуда.

inform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз