Ғұмар мектебіндегі «Ғұмар оқулары»

Қазақ халқын өнер-білімге үндеген, жігеріне жігер қосқан көрнекті ақын, ойшыл-философ, ағартушы Ғұмар Қараш шығармашылығын насихаттау бағытында 26 сәуір күні ақынның атын арқалаған Қараоба мектеп-гимназиясында аудандық «Ғұмар оқулары» байқауы өткізілді.

Ауданымыздың 10 мектебінің өрендері қатысқан байқаудың мақсаты – халыққа қызмет етуді өмірінің мақсат-мұраты санаған азамат ақынның өлеңдерін жатқа айту арқылы жастарымыздың шығармашылық қабілетін дамытып, жас жеткіншектерді патриоттық тұрғыда тәрбиелеу. Алғашқы  құттықтау сөз мектеп-гимназия директоры Руслан Бекежанұлына және кеш қонақтары – Қараоба ауылдық округ әкімі Нұрлығали Сағынғалиұлы мен ішкі саясат бөлімінің басшысы Қадырбек Нағымұлына берілді. Кеш барысында 1911-1913 жылдары Орда мен Орал қаласында шығып тұрған «Қазақстан» газеті туралы Нұрлығали Сағынғалиұлының Ғұмар Қараш рөлін сомдауымен түсірілген деректі фильм көрсетілді.

Үш бөлімнен құралған байқаудың алғашқы бөлімінде оқушылар ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған тест сұрақтарына жауап беріп, Казталов орта мектебінің 8-сынып оқушысы Хамит Гүлдана білімпаздығымен  дараланып, жеңімпаз атанды.

Екінші бөлімінде «Сөйле, тілім, жалықпа!» бағамында оқушылар Ғұмардың өлеңдерін нақышына келтіріп, жатқа оқу бойынша өнерлерін көрсетіп, «Әу, қазақ, балаларың өнер білсін!» бағамының қатысушылары өз шығармашылығы бойынша ақынға арнау туындыларын ұсынса, «Қалам алып қолыма ой толғасам...» бөліміне қатысушылар ақын шығармашылығы туралы мақала, эссе, шығарма жазудан қаламдарының жүйріктігін көрсете білді.

Кеш қорытындысында ақын бабамыздың рухы артындағы кейінгі толқын ұрпағын желеп-жебеп жүрсін деген мақсатта Ғ.Қараш бабаның ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, жеңімпаз оқушылар дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Ғұмардың өмір жолы мен шығармаларын барлап, байыптап қарағанда анық көз жеткізетін бір шындық – оның өз кезеңінің сан-салалы әлеуметтік мәселелерін көтере білгендігі. Оның заман сыры, өмір мәні, дін-шариғат жолы, табиғат заңдары, ғылым мен оқу-өнердің пайдасы секілді сан алуан тақырыптарда толғаған жазушы екендігін бүгінгі «Ғұмар оқулары» байқауының қатысушылары тағы бір мәрте дәлелдеп берді. Ақынын бағалайтын, мұрасын сыйлайтын ақынжанды өнерпаздары ауданымызда көп болғай!

http://zhaikpress.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз