ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНА 550 ЖЫЛ: Оралда қазақ хандары бейнеленген дәптерлер басылып шықты

Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Жайық Пресс» ЖШС баспаханасынан қазақ хандары бейнеленген жаңа дәптерлер басылып шықты.

Серіктестіктің бас директоры Жантас Сафуллиннің мәлім еткеніндей, мекемедегі «Нұр Отан» партиясы бастауыш ұйымының бастамасымен мұндай жұмыс осыдан үш-төрт жыл бұрын қолға алынған болатын. Бұдан бұрын батырлар Райымбек, Сырым, Исатай, Махамбет, күйшілер Құрманғазы, Дина, ақындар Абай, Ғұмар Қараш, Алаш қайраткері Жаһанша Досмұхамедовтің суреттері мен қысқаша өмірбаяндары басылған дәптерлер жарыққа шығып, тараған еді. Мұндағы мақсат - сыртқы мұқабасына адамның бас сүйегі, жартылай жалаңаш денелері сияқты сорақы суреттер салынған шетелдік дәптерлердің орнына тәрбиелік маңызы бар отандық өнімдерді шығаруға кәсіпкерлердің назарын аудару.

Жаңа дәптерлерде Керей мен Жәнібек хандардың, Абылай мен Әбілқайырдың суреттері басылып, өмірбаяндары жазылған. Оның суреттерін дәптерге лайықтап қайта салған - батысқазақстандық белгілі қылқалам шебері Бекжан Жұмабаев, дизайнері - Арман Дауылбаев. Өмірбаян деректерін жазуға тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбілсейіт Мұқтар сынды белді ғалымдар атсалысты. 

Ж.Сафуллиннің айтуынша, алдағы уақытта мұндай жұмыстар жалғасады. Мысалы, биыл туғанына 140 жыл толатын Ғұмар Қараштың суреті бейнеленген күнделік шығару көзделуде. Негізі оқу құралдары мен дәптерлердің тәрбиелік мән-маңызын арттыру мақсатында ҚР Білім және ғылым министрлігі бас болып арнайы комиссия құрып, осы істі бір ізге түсірсе, тіпті жақсы болар еді. 

http://www.inform.kz/
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз