Қазақ тілін өзің біліп қана қоймай, өзгеге үйретудің жауапкершілігі мол - И.Жилик, Оралдағы №26 мектептің мұғалімі

Елбасымыз мемлекеттік тілді меңгерудің мән-маңызын үнемі айтып келеді. Қазақстан халқы Ассамблеясының таяуда өткен сессиясында да бұл мәселеге жан-жақты тоқталды.

Шын мәнісінде де қазақ тілін меңгеру өзге ұлт өкілдерін бір-бірімен жақындастырып, топтастыра түседі. Ал тілді біліп қана қоймай, оны өзгеге үйретсең, ол екі есе бақыт әрі жауапкершілігі де үлкен. Бұл туралы Қазақстан халқы БҚО ассамблеясы жастар қанатының өкілі, Орал қаласындағы №26 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ирина Жилик мәлім етті.

Украин қызы Ирина Жилик Тасқала ауданы Мерей ауылдық округіне қарасты Айнабұлақ елді мекенінде туып-өскен. Айнабұлақ десең, айнабұлақ. Ауыл жанында айнадай бұлақ сылдырап ағып жатыр. Осындай әдемі мекенге Иринаның ата-баба, туысқандары әлдеқашаннан бері бауыр басып кеткен. Қазақ балаларымен бірге ойнап өскен Ирина қазақшаға судай. Оның үстіне қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болуды жастайынан арман етсе, тілді жете меңгеру өмірінің басты мақсатына айналып кеткен. Қазіргі кезде М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің үшінші курсында сырттай оқып жүрген жас ұстаз түрлі ұлт балаларына қазақ тілінен сабақ беруде.

«Елбасының өзі сессияда: «Болашақта бар­лық азаматтардың мемлекеттік тілді білуі олардың бірлігін нығайта түседі», деп атап көрсетті. «Дамудың сыры - бірлікте, табыстың сыры - тірлікте» екенін айтты. «Қазақты қара шаңыраққа баласақ, еліміздегі барша этностар - сол шаңыраққа шаншылған уық­тар. Еліміздің босағасын берік, шаңырағын биік етіп ұстап, түтінін түзу ұшыру - елдік мақсат», - деді. «Берекені көктен тілеме, бірлігі мол көптен тіле», дейді дана халқымыз. Осыншама түрлі ұлт ағынан жарыла мақсат-мүдделес екенін, ұрпағының келешегін Қазақстанмен байланыстыратынын айтуда. Береке басы бірлікте екенін ұғындырған Елбасы саясатының қолдаушылары екенін білдіруде. 1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күнін де бәріміз шалт-шадыман көңіл-күймен атап өтетін боламыз. Біздің түпкі мақсатымыз да бір, ол - Қазақстанның әлемнің алдыңғы қатарлы отыз елінің қатарына қосылуына үлес қосу. «Кемедегінің жаны бір» деген, ендеше, жұрт дегенде жұмылып, ел дегенде егілетін отандастарымыз көп болсын деп тілейік!», деді И.Жилик.

inform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз