ҚАЗАҚСТАНДЫҚ БАТЫРЛАР: А.Матросовтың ерлігін қайталаған Сүндетқали Есқалиев еді

Кеңес Одағының Батыры Сүндетқали Есқалиевтың туғанына биыл тоқсан жыл толып отыр.

1924 жылы Шыңғырлау ауданының Алмаз ауылдық округіне қарасты Аққұдық (Константиновка) елді мекенінде дүниеге келген ол 1942 жылғы шілде айында әскерге алынған. 1944 жылы 556-атқыштар полкінің құрамында Могилев облысы Быхов ауданы Лудчицы деревнясын азат етуде мәңгі өшпес ерлік көрсетіп, тарихта батыр болып қалды.

Бұл маусым айының 23-нен 24-не қараған түн еді.  556-шы атқыштар полкінің ротасы деревня маңында ұрыспен жаудың қорғаныс шебін бұзып өтіп, алға ұмтылған еді.  Шағын деревняны қалайда бермеуге  жанталасқан немістер шабуылды әлсін-әлсін тойтарып, заулатқан зеңбірегімен, қарша боратқан оғымен талай сарбаздың өмірін қиды. Әсіресе, Лудчицының шығыс жағындағы дөң үстінде  дзотқа орналасқан «аузы жабылмаған» жау пулеметі жауынгерлердің басын көтертпеді. Осы жау нүктесінің үні өшкенде ғана шешуші сәт өз жақтарында болатынын бәрі де түсінді. Сарбаз Сүндетқали қаруластары күтпеген шешімге келді. Жер бауырлап барып, пулеметке граната лақтырып еді, бірақ ол жарылмай қалды. Бұны көрген жауынгер ұшып тұрып,амбразураны өз кеудесімен жаба құлады. Қақалып-шашалған пулеметтің үні сонда ғана өшті. Осылайша жанқиярлық ерлігімен С.Есқалиев өз жолдастарына жол ашқан еді.  А.Матросовтың ерлігін қайталап, небәрі жиырма жасында қыршын кеткен қазақ жігітіне 1945 жылы 24 наурызда Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Ауылдастарының сөзіне қарағанда, Сүндетқали жетім өскен. Оны Рахима Имашева есімді абзал ана асырап алып, ержеткізеді. Кейін 1967 жылы Р.Имашева ауыл делегациясы құрамында батыр жерленген жерге барып, тағзым етіп қайтқан. 1966 жылы ол оқыған мектепке ердің есімі беріліп, мүсіні қойылды. Сондай-ақ Минск, Быхов және Орал қалаларының бір-бір көшесі С.Есқалиевтің есімімен аталады. «Ердің атын ел сақтар» деген осы болса керек.

http://inform.kz/
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз