Қазақстандық танымал әншілер Оралдағы шығармашылық кеште өнер көрсетті

Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында республикалық байқаулардың лауреаты, әнші, композитор Ербол Ақбасовтың «Ән қанатындағы арман» атты шығармашылық кеші өтті.

Қазақ радиосының жүргізушісі Әсел Ергешқызы мен Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әншісі, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Еркін Өтегенов жүргізген кеште жас та болса елге танылып үлгерген Ерболдың әндері шырқалды. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Рамазан Стамғазиев, Жаңабай Өтегенов, Мақпал Байбатша, батысқазақстандық әншілер Ернар Өмірәлі, Медет Оразов және басқалар сахнаға шығып, Е.Ақбасовтың туындыларын орындап, көпшілік қошеметіне бөленді.

Жаңақала ауданы Қызылоба ауылында 1980 жылы дүниеге келген Ербол Ақбасовтың мәдениет саласында қызмет атқарғанына 13 жыл толып отыр. Өзінің айтуынша, шығармашылық кеш осы «мүшел жастың» есебі іспеттес. Қазіргі таңда оның елу шақты әні бар. Соның ішінде «Атамекен», «Қайран, жастық», «Перизатым», «Ғашығым», «Бәрінен әдемі» атты әндері кезінде Қазақ радиосының ән шеруінде үздік деп танылды. Бұлардан басқа «Ғазалым», «Қос шынарым», «Сәлем, елім!», «Бір кешейік өмірді», қариялар туралы «Үзеңгіге сап аяғын, қарап тұр ісі бітпеген» сынды жаңа туындылары, Астанаға, Жаңақала, Жайыққа арнаған әндері бар.

Өнерге берілгені сондай, 2009 жылы республикалық «Жас қанат» байқауына қатысу үшін үйін сатып жіберген ол сол сайыста «Хабар» агенттігінің, Айман Мұсаходжаеваның арнайы және «ХХІ ғасырдың Әміре Қашаубаевы» атаулы сыйлығымен марапатталды. Кейін Ақтөбеде өткен республикалық әншілер байқауында бас жүлдені жеңіп алды. Облыстық байқауларда да жүлделі орыннан көрініп жүрген Ерболдың әндерін бұл жолы да Ақ Жайық жұртшылығы ерекше жылы қабылдады.

http://kazinform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз