«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ сатып алуларына оралдық кәсіпорындар да қатыса алады

«ҚазақМұнайГаз» ҰК» АҚ сатып алуларында қазақстандық үлесті арттыру, отандық тауар өндірушілердің мұнай-газ жобаларына қатысуын кеңейту мәселелері аталмыш компания мен оралдық кәсіпорындар өкілдерінің қатысуымен Оралда өткізілген кеңесте талқыланды.

Орал қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің атап өткеніндей, Елбасы экономиканы диверсификациялау міндетін қойып отыр. Бұл ретте оралдық зауыттардың күш-әлеуеті баршылық. Егер олар кеңестік дәуірде негізінен әскери-қорғаныстық мақсатта жұмыс жасаса, кейінгі кезде озық технологиялар негізінде жаңартылуда. Қазіргі заманға лайық, бәсекеге қабілетті болуы үшін машина жасау компаниялары бірігіп, «Машзавод» консорциумын құрды. Оның операторы болып белгіленген «Зениттехсервис» ЖШС мұнайгаз компаниялары өткізетін тендерлерге жергілікті өндіріс орындарының атынан қатысады.

Жергілікті кәсіпорындардың тыныс-тіршілігі, мүмкіндігімен танысу мақсатында Ақ Жайыққа келген «ҚазақМұнайГаз» ҰК» АҚ жұмыс тобының жетекшісі, сатып алулар мен жергілікті үлесті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Бауыржан Ілиясов жергілікті үлесті көбейту ұлттық компанияның басты міндеттерінің бірі екендігін атап өтті. Осыған орай өңірлерді аралап, компанияның тауар, қызметтер жөніндегі қажеттілігі туралы әңгімелеп, отандық тауар өндірушілердің әлеуеті, жұмыс жоспары туралы барынша толығырақ біліп, пікір алысудың маңызы зор. Компания сатып алулары ашық жүргізіледі әрі ақпарат та қолжетімді. Оған қоса тендерге қатысу кезінде отандық кәсіпорындар үшін бірқатар жеңілдіктер қарастырылған. Мәселен, бағаның шартты түрде 20 пайызға дейін төмендеу мүмкіндігі қазақстандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады.

Кеңеске қатысқан жұмыс тобының мүшелері, «ҚазТрансГаз» АҚ, «ҚазМұнайГаз» ӨБ» АҚ, «ҚазТрансОйл» АҚ, «ҚазМұнайГаз өңдеу-маркетинг» АҚ, «ҚазМұнайГаз-Сервис» ЖШС, «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС, «ҚазМұнайТеңіз» МНК» АҚ және басқа компаниялар өкілдері жүзеге асырылып жатқан ірі жобалар, жергілікті кәсіпорындар да атқара алатын тауар мен қызмет көлемі жөнінде айтып берді. Ұлттық компаниялардың 2014-2015 жылдарға арналған тауарлар мен қызметтерді сатып алу жоспарларымен таныстырды. Бұл жерде 1 маусымнан бастап тендерлердің бәрі құнның төмендеуі бойынша өткізілетіні мәлім етілді. Бірақ бұл тәсіл батысқазақстандық кәсіпкерлерге ұнай қойған жоқ. «Машзавод» консорциумының мүшелері атынан сөз алған «Зениттехсервис» ЖШС директоры Көшербай Айғожаұлының ойынша, төменгі құн бойынша тендер өткізу дұрыс емес. Олай болған жағдайда, сапасыздыққа жол беріледі. Мәселен, «ҚПО б.в.» компаниясы аудит өткізбей, компанияны тендерге қоспайды. Бұл дұрыс та. Компаниялар жабдықты сатып алмастан бұрын оның қайда, қандай жағдайда шығарылатынын білу керек. Яғни қазіргі заманғы күш-қуаты бар кәсіпорын ғана тауар сапасын, оның кейінгі кепілдік қызметін, қосымша тетіктерін қамтамасыз ете алады. Айталық, ресейлік «Газпромавтоматизация» ААҚ-мен оралдық кәсіпорындар алаңында сервистік орталық құру жөнінде келісімге қол жеткізілді. Онда құрастыру өндірісі жолға қойылып, кепілдік қызмет көрсетіледі, қосалқы бөлшектер қоймасы ашылады. Сондықтан, ең бастысы, сапаға көңіл бөлу керек.

Бұл пікірді «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ сатып алулар мен жергілікті үлесті ұйымдастыру департаментінің жетекші маманы Сабыр Асқарбаев та құптады. Жасыратыны жоқ, сатып алудың оң да, теріс те жақтары бар. Өнім жеткізушілердің сенімділігіне көз жеткізу қиын. Әйтсе де тек ірі бизнес өкілдерімен жұмыс жасалса, басқалары өкпе артуы мүмкін. Бұл мәселені Ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы көп болып кеңесе отырып, шешу қажет.

Кеңесте сондай-ақ ұзақ мерзімді келісімшарттарға қол қою, конкурстық құжаттама мен сатып алу тізіліміне тіркелуді сауатты толтыру, «СТ-КЗ» сертификатын бірнеше жылға рәсімдеу мәселелері де сөз болды.

Сапар аясында жұмыс тобының мүшелері машина жасау, құрылыс индустриясы, жеңіл өнеркәсіп компанияларында болып, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандар қызмет ететін кәсіпорындар шығаратын өнімдерге қызығушылық танытты.

http://inform.kz/
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз