Қоғамдық көліктегі жолақы бағасын өсіргісі келгендер әр теңгесін есептеуі керек - Ғ. Орынғалиев, БҚО

Орал қаласы әкімдігінде қоғамдық көліктегі жолақы құнына байланысты қоғамдық тыңдау өткізілді. 

Бұдан бұрын жолаушы тасымалдау кәсіпорындарының басшылары жолақы құны 88 теңге болу керек (қазіргі бағасы - 60 теңге) деп өз есептеулерін ұсынған еді. Ал 5 қыркүйектен бастап, бір ай бойы қалалық жолаушы тасымалдау бағыттарының тиімділігін зерделеген Орал қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің мамандары бағаның бұлайша шарықтауына негіз жоқ екенін айтады. Орал қаласындағы жолаушы тасымалының хронометраждық зерттеу қорытындысын жариялаған қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі басшысының орынбасары София Кенжеғараеваның айтуынша, зертеуге 48 адам қатысқан. Олар күн сайын барлық бағыт бойынша жолаушы саны мен қоғамдық көліктің жиілігін анықтапты. Бұдан соң жолаушы тасымалдау кәсіпорындардың тиімділігі нақтыланған.

Амортизациялық шығындар мен өзге де шығындардың бұрмаланып көрсетілгені анықталған. Нәтижесінде, облыс орталығындағы жолақы құны 60 теңгеден сәл ғана асады деген тоқтам жасалды.

Алайда, бұл орайда қаладағы жолаушы тасымалдау кәсіпорындарының жетекшілері өз уәжін келдірді.

«Бағаны құраушы бөліктердің бірі 10 пайызға қымбаттаса, жолақы құны қайта қаралуы тиіс. Қыстың аяғында болған теңге бағамының өзгеруі мен күні кешегі жанармай бағасы көтерілуі бұған толық негіз бола алады. Жолаушы тасымалының тиімділігі төмендеуіне байланысты қазір автобустарды жөндеу мен қосалқы бөлшектерді алуды азайттық. Өз кезегінде бұл қоғамдық көліктің қауіпсіздігі мен жұмыс сапасына кері әсер етеді,» - деді «№1 ПАП» ЖШС-нің директоры Әзербай Үмбеталиев.

«Оралтехсервис» ЖШС-нің директоры Александр Бакланның сөзіне қарағанда, былтырдан бері дизельді отын бағасы екі мәрте қымбаттап, 90 теңгеден 115 теңгеге жетті. Қосалқы бөлшектер құны да өсті. Нәтижесінде несиеге алынған техникалардың өзін-өзі ақтауы қиындап, жұмысшыларға жалақыны өсіруге мүмкіндік болмай отыр.

Осының салдарынан өз ісіне жауапты қарайтын жүргізушілер тұрақтамайды. «Батыс Қазақстан автобус паркі» ЖШС-нің директоры Нұрлыбек Бірманов мониторинг қорытындысына күмән келтіріп, қайтадан қосымша хрономтераждық зерттеу жүргізуді ұсынды.
Қоғамдық тыңдауда сөз алғандар арасында жолаушы тасымалдаушы кәсіпорындардың бағаны көтеру туралы талабын орынды деп санайтындар да, бағаны көтерудің қарапайым халықтың қалтасына салмақ түсіретінін айтып, мәселенің әлеуметтік жағын ұмытпауды ұсынғандар да аз болған жоқ.

Бүгінде Орал қаласында 36 бағыт бойынша күн сайын 520 қоғамдық көлік рейске шығады. Оның 300-дейі автобус болса, қалғаны - шағын автобустар. Жолаушы тасымалдаумен 7 кәсіпорын айналысады. Қоғамдық тыңдауды қорытындылаған Орал қаласы әкімінің орынбасары Ғалым Орынғалиев жолақы құнын қайта қарауда шикі шешім қабылданбайтынын, кәсіпорындардың ұсынған бағасының әрбір теңгесі нақты есепке негізделуі керектігін атап өтті. Қоғамдық көліктегі жолақы бағасына байланысты құрылған комиссия өз жұмысын жалғастыратын болады. 

http://kazinform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз