Көлік әйнегін тұмшалауға болмайды!

Кәсіпкерлердің қай-қайсысы болса да,  өз тауарын өткізу үшін әр түрлі  жарнама  амалдарын қолданып көретіні анық. Олардың қайсыбірі өз жарнамасын қала көшелеріне билбордтар ретінде орналастырса, енді бірі аялдамаларға желімдеп қояды. Соңғы кезде қоғамдық көліктердің сыртындағы жапсырылған жарнамалардың шамадан тыс көп екендігін аңғару қиын емес.

Кәсіп иелерінің бірі оны пайда көзі деп білсе, ал екіншісі қоғамдық көліктерді пайдалана отырып, тауарының жұрт назарына ілігетіндігіне сенімді. Әсіресе, бұл жағдайды күнделікті автобуспен қатынайтын жолаушылардың байқап жүргеніне күмән жоқ. Қоғамдық көлік арқылы жылжымалы жарнамалардың қаншалықты пайда әкелетіндігі әзірге беймәлім. Бұл мәселе төңірегіндегі аялдамаларда тұрған жолаушылардың ой-пікіріне құлақ түріп көрсек.

- Әрине, кедергі келтіретіні рас, кейде автобустың үлкендігінен кондуктордың аялдамаларды хабарлағанын естімей қалып жатамыз, сол кезде қай көшеде келе жатқаныңды қарап, шамалайын десең терезелер тұмшаланып тұрады. Тиісті мекемелер қадағалап ретке келтіретін болар деп ойлаймын, — дейді қала тұрғыны Нұрғаным Мондағалиева.

- Қаламызда бұл күнде көліктер көбейіп, көлік кептемесі жиілей түсуде. Жарнамаларды, әсіресе, үлкен автобустардан көреміз.

Негізінен қоғамдық көлікті әр түрлі түске бояп, терезелерді жауып тастауы дұрыс емес деп санаймын. Жарнамаға толы жабық терезенің тұсына отырып қалсаң, сырт жақтан ештеңені көре алмайсың. Өз басым автобустардағы жарнаманы  артық  деп санаймын, — дейді тағы бір қала тұрғыны Сәкен Әбиев.

№5 автобус маршрутының «ОралАвтоТранс» ЖШС мекемесінің құзырында екенін анықтап, ондағы басшылықпен мәселенің қаншалықты заңға сәйкес екендігін білмек ниетпен атбасын сол мекемеге бұрдық.

– Қоғамдық  көліктердің салонына  жапсырылған жарнамалар бүгінгі таңда біздің коммерциялық жобамыз болып табылады. Бізге аздаған табыс әкеледі. Жарнама берушілерден тапсырысы талапқа сай болуын қадағалаймыз. Яғни тек қана А3 немесе А4 форматтарына жазылған жарнамаларды көліктің ішкі салонына ілуге рұқсат етіледі. «Жолаушылар тасымалы туралы» заң  бойынша жалпы жарнама ілуге қоғамдық көлік терезесінің 30 пайызына дейін жапсыруға рұқсат етілген. Одан асып кетсе, заңға қайшы келетінін жақсы білеміз. Біздің құзырымызға кіретін №5 маршруттардан өзге №43, №12 автобустарда да аздаған жарнамалар, акциялар мен хабарландырулар ілінген. Егер жолаушылар отыратын орындардың тұ-сындағы терезені жарнама жапсырмалары жауып тұрған болса, біз оны өзгертуге әзірміз, — деді «ОралАвтоТранс» ЖШС-ның  директоры Владимир Хасенов.

Аталмыш көліктердегі жарнамалар туралы жоғарыдағы ой-пікірлерді қойындәптерімізге мұқият түртіп алған соң, осынау олқылықтарды қадағалайтын тиісті орындардағы мамандармен де тілдестік.

- Бұрын ҚР Үкіметінің 2011 жылғы 2 шілдедегі №767 қаулысымен бекітілген «Автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидаларының» 14-тармағының 6-тармақшасына сәйкес жолаушылар мен багажды автобуспен тасымалдау кезінде терезе ойығын ақпараттық немесе жарнамалық материалдармен 30 пайызға дейін жабуға болатын еді. Ал қазір Инвестициялар және даму министрлігінің ағымдағы жылдың 26 наурызындағы №349 бұйрығымен бекітілген «Автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдау ережелерінің 329, 330-тармақтары «Жолаушыларды автобуспен тасымалдау кезінде көлік терезелері шаңнан, кірден, бояудан және олар арқылы көруді төмендететін өзге де заттардан тазартылған болуы тиіс» деп өзгертілді. Яғни қазіргі таңда заң талаптары өзгергендігі туралы қоғамдық көліктерге иелік  етіп отырған мекемелер бейхабар болуы мүмкін, — дейді БҚО ТҚҚ департаментінің тұтынушылардың құқықтарын қорғау бөлімінің басшысы Эльмира Киматова.

Қорыта айтқанда, қоғамдық көліктердің терезелерін жарнама немесе тағы да басқа суреттермен безендіруге болмайтындығы түбегейлі түсінікті болды.

Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз