Коммуналдық қызметтер үшін берешек 115,5 млн. теңгені құрап отыр - БҚО

Батыс Қазақстан облысында жылыту маусымы қалыпты өтіп, коммуналдық кәсіпорындар қыстан шықты.

БҚО әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, бюджеттік мекемелер үшін өткен жылы 13 мың тонна көмір, 3,6 мың тонна сұйық отын жеткізілді. Өңірде 325 қазандық жұмыс жасап, 663 білім, 434 денсаулық, 367 мәдениет, 9 әлеуметтік қорғау нысаны, сондай-ақ орталық жылу көздері арқылы 1263 тұрғын үй жылумен тұрақты қамтылды.

Қазіргі таңда коммуналдық қызметтер үшін бережақ 115,5 млн. теңге болып отыр, бұл өткен жылғы көрсеткіштен (171,5 млн. теңге) 33 пайызға төмен. Қарызды қайтару бағытындағы жұмыстар жалғасуда.

Өңір коммуналдық кәсіпорындары енді 2014-2015 жылғы жылыту маусымына дайындықты бастайтын болады. Мәселен, «Жайықжылуқуат» АҚ 2 қуат, 1 су жылыту қазандығын, 11,37 км жылу құбырын күрделі жөндеу және басқа жұмыстарды атқаруды жоспарлап отыр. «Батыс Қазақстан электр желілерін тарату компаниясы» АҚ 173 млн. теңгеге 2655,79 км электр желісін, 20 подстанса, 315 жинақты трансформатор подстансаларын және басқа жабдықтарды жөндемек. «Батыс су арнасы» ЖШС 232 млн. теңгеге 8,7 км су құбыры, 3,3 км кәріз желісін ретке келтірмек.

Облыста өткен жылғы 28 желтоқсан мен биылғы 5 қаңтар аралығында мұздаққа байланысты электр желілері үзіліп, 11,6 мыңдай адам тұратын 34 елді мекен жарықсыз қалған болатын. Ақжайық, Зеленов, Қазталов және Теректі аудандарында төтенше жағдайлардың зардаптарын жою үшін облыс әкімдігі қорынан 64,3 млн. теңге бөлініп, қалпына келтіру жұмыстары атқарылды.

inform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз