Қош бол, ипотека…

Енді қарапайым халықтың ипотекаға қол жеткізуі қиындай түседі. Өйткені, ұлттық банк несие беруді шектеді. Бұл жұртшылықтың алаңдаушылығын туғызуда, деп жазады aynaline.kz.

Банктердің активтері ішінде қатерлі депозиттер үлесі болады. Егер ол 15 пайыздан асып кетсе, жағдай шиеленіседі. Сондықтан жалпы банк жүйесі, әр банк берілген несие бойынша қатерлі депозиттерді тазартуға тырысады, -дейді белгілі экономист Жангелді Шымшықов – Қазір еліміздегі екінші деңгейдегі банктер активтерінің 35,7 пайызы қатерлі несиелерге жатады. Қатерлі депозит деп 90 күн ішінде, яғни, 3 айда несиенің негізгі бөлігін және банктың сыйақысын төлемеген несиелерді айтады. Үш ай несиесін төлемеген клиенттің кепілге қойған жылжымайтын мүлкі сатуға қойылады.

Банктер әу бастан кепілге алатын дүниені оның 30-40 пайыз құны мөлшерінде ғана есептеп алады. Ондағы мақсат – қатерден құтылу. Ақша айналымы тоқтап бара жатқан кезде жаңағы жылжымайтын мүлікті немесе көлікті тез арада сатып жіберуге ұмтылады. Банкіге клиент алған несие мен сыйақы мөлшерінде ғана табыс тапса да жетіп жатыр. Мәселен, миллион доллар тұратын жылжымайтын мүлікті оның төленбей жатқан 20 мыңы болса, сол бағаға сата салады.

Жеке адамның банкроттығы деген ұғым бар. Бұл шетелдерде 40 жылдан бері қолданылып келе жатыр. Егер елімізде осындай банкрот туралы заң болса, арнайы комиссия құрылып, аукцион арқылы жылжымайтын мүлікті неғұрлым көбірек бағаға сатып, банктің қарызын қайтарып, қалғанын адамның өзіне берер еді. Өкінішке қарай мұндай заң жоқ бізде. Сондықтан да банкте қызмет істейтіндер, олардың тамыр-таныстары мен туыстары кім несиесін төлей алмай жатыр деп қарап отырады. Ондай жағдай туындаса, банктегілер «қазір мынаны сатамыз, тез жет» деп керек адамын шақырып алады. Сөйтіп кепілдікке қойылған қымбат көліктер мен тұрғын үйлерді түкке тұрмайтын бағаға сатып жібереді.

Кез келген үкімет үшін тұтыну несиесінің неғұрлым көп берілуі тиімді. Өйткені, ол экономиканы қозғайды. Бір жағынан үкімет пен банктерге бұл жақсы, екіншіден, ол дағдарысқа апарып тіреуі мүмкін. Яғни, ақша айналысының тежелуіне әкеледі. Мұндай жағдайда макроэкономикалық тұрақтылық бұзылады. Тұтыну несиелерін өлшеусіз, қалай болса, солай берудің салдарынан қазіргі кезде біздің бүкіл банк жүйесінде ақша айналысы тежеліп отыр.

Бұдан былай банктер клиент табысының 50 пайызындай ғана несие береді. Бірақ бұл жерде де гәп бар. Егер жұрттың табысы бір деңгейде болса, «тамаша» деп айтуға болар еді. Біреулер мысалы, айына 500 мың теңге айлық алады. Оларға 250 мың теңге көлемінде несие беруге болады. Еңбекақы 50 мың теңге болса ше? Оның 50 пайызы – 25 мың теңге бір адамды асырауға да жетпейді ғой. Сондықтан да мәселеге салыстырмалы пайызбен қараудың қажет жоқ.

Өмір сүру стандарты деген бар. Ол біздің елде әлі жасалған жоқ. Адамның ең төменгі өмір сүру деңгейі ғана анықталған. Оның өзі шындыққа мүлде сәйкес келмейді. 18 мың теңгемен бір ай өмір сүруге бола ма?

Ұлттық банк алдымен банктердің жағдайын ойлап отыр. Өйткені күрделі несиелері бар банктер қарызын өтей алмаса, ертең банкрот болады. Ал бұл бүкіл макроэкономикалық көрсеткіштерге кері әсер етеді. Тұрақсыздық тудырады.

Бұдан шығатын қорытынды, алдымен өмір сүрудің мемлекеттік стандартын жасау керек еді. Ол әр адамға айына қанша қаражат керек немесе қандай азық-түлік, тауар қажет, бәрі айқындалуы тиіс деген сөз. Тұтыну қоржыны толыққанды қарастырылмаған. Германияда бұған 300 түрлі қажетті дүниелерді салып, солардың бағасына байланысты жыл сайын индикация жасалады. Сонымен қатар өмір сүрудің мемлекеттік стандартын қалыптастыру керек.

Бір жағынан Ұлттық банк қолға алған бұл шараға келісуге болады, солай істеу керек. Бірақ ол үшін алғышарт жасалмаған. Алғышарт – тұтынушы қоржыны және өмірлік стандарт. Бұл белгісіз. Адамға өмір сүру үшін қанша қаражат керек екені айқын болса, оған несие беруге бола ма, жоқ па деп банк бірден шешім қабылдар еді. Бұрынғыдай несиені үлестіре бермес еді. 

http://www.bnews.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз