Көзі көрмейтін пианист қыз Италияда оқып, елге оралды

Батысқазақстандық пианист Саида Қалықова «Болашақ» бағдарламасы бойынша Италияның Флоренция қаласындағы Луиджи Керубини атындағы консерваторияның магистратурасын фортепиано сыныбы бойынша үздік бітіріп, елге оралды.

Оралда туып-өскен Саиданың тағдыры қиын қалыптасты. 1994 жылы тоғыз жасында сырқаттанған оған Мәскеудегі академик Н.Бурденко атындағы нейрохирургиялық ғылыми-зерттеу институтында ота жасалып, содан кейін көз жанары көрмей қалады. Соған қарамастан, қайсар қыз 2002 жылы Оралдағы №21 орта мектеп пен №3 музыка мектебін, ал 2006 жылы Құрманғазы атындағы Орал музыка колледжін, 2010 жылы Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетін фортепиано класы бойынша үздік бітірді.

Бүгінде Саида Қалықованың репертуарында Абай, Ахмет Жұбанов, Кенжебек Күмісбеков, Латиф Хамиди, Нағым Меңдіғалиев сынды отандық композиторларға қоса, Фредерик Шопен (Польша), Дмитрий Шостакович (КСРО), Энрико Гранадос (Испания), Оттарино Респиги (Италия), Габриэль Форе (Франция) секілді әлемдік деңгейдегі классикалық музыка алыптары​ның шығармалары бар.

Анасы Сәуияның айтуынша, Саиданы Италияда екі жерге қызметке шақырған. Өзі Астанадағы өнер ордаларының біріне мамандығы бойынша қызметке тұруды қолай көріп отыр.

Құрманғазы атындағы Орал музыка колледжінде Саида ұстаздық еткен Наталья Свешникованың сөзіне қарағанда, бастапқы кезде оның мүмкіндігіне көпшілігі сенбеген, ал ол  бір айтқаныңды екі еткізбей, музыкалық аспапта бір ойнағаныңды қалт жібермей қағып алатын өте зерек шәкірт болып шықты. Көзі көрмейтіндігіне қарамастан, оралдық жастың Луид​жи Керуби​ни атындағы кон​серватория​ның магистрату​расын осылайша үздік тәмамдауы - үлкен жетістік.

Кезінде Оралда жеке концерт те беріп үлгерген талантты қыздың болашағы әлі алда.

inform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз