ҚР еңбек сіңірген әртісі Ж.Рахимова мерейтойлық концертін қойды

14 сәуір күні кешкісін облыстық қазақ драма театрында Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның күміс көмей әншісі, ҚР еңбек сіңірген әртісі, доцент Жұмағаным Рахимованың «Қызымын мен елімнің» атты шығармашылық кеші болды.

Тасқаладан түлеп ұшып, Алматы консерваториясында Бибігүл Төлегенова, Александр Курганов, Бекен Жылысбаев сынды бірегей өнер шеберлерінен дәріс алған Жұмағаным Рахимова Құрманғазы атындағы академиялық қазақ ұлт аспаптар оркестрінде, «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрінде еңбек етті. Әлемнің көптеген елдерінде өнер көрсетіп, әншілігімен танылды. 1993 жылы ері, белгілі композитор, әнші Әшір Молдағайыновпен бірге Ақ Жайыққа оралған Жұмағаным содан бері Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияда еңбек етіп келеді. Оған қоса көп жылдан бері М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде ұстаздық етеді.

Жақында алпысқа толған әнші мерейтойлық концертінде Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсынан Қыз Жібектің, Ә.Молдағайыновтың «Айша бибі» операсынан Айша бибінің ариясын, Латиф Хамидидің «Бұлбұлын», қазақ, орыс, шетел композиторларының басқа да кесек те күрделі туындыларын орындап, көпшілік қошеметіне бөленді. Кеште сондай-ақ әнші шәкірттерінің бірқатары, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Аида Дүйсенова, Артем Мұқатаев, Айнара Айтқалиевалар өнер көрсетті.

- Менің арманым - Оралда өзімнің ән мектебімді ашсам деймін. Сонымен қатар зайыбым Әшір Молдағайыновтың мол мұрасын насихаттап, республикалық байқау өткізу үнемі ойымда. Оған қоса классикалық музыканың отаны саналатын Италияға барып, тәжірибе жинақтап қайтсам, бір мақсатым орындалар еді, - дейді Ж.Рахимова.

inform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз