Кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау жасалып отыр - Т.Құлыбаев

Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев облыс әкімі Нұрлан Ноғаевпен бірге бүгін Орал қаласындағы бірқатар өнеркәсіп кәсіпорындарында болып, батысқазақстандық кәсіпкерлермен кездесті.

Алдымен «Кублей» ЖШС мен «ОралМедРегион» ЖШС-ның тыныс-тіршілігімен танысқан Тимур Құлыбаев Батыс Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасының кеңейтілген отырысына қатысты. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бүгінгі атқарып жатқан істерімен таныстырып өткен Тимур Асқарұлы Батыс Қазақстанға өңірдегі бизнесті дамытудағы күрделі мәселелер мен оларды оңтайлы шешу жолдарын талқылау мақсатында келгендігін жеткізді. «Өңірлік кәсіпкерлер палаталарына қойылып отырған басты міндет - билікпен кәсіби диалог жүргізу, бизнесті толғандырып отырған және мемлекеттік органдар тарапынан шешімін табуды талап етіп отырған өзекті әрі күрделі мәселелерді талқыға қою. Облыс әкімшілігі мүдделілік танытуда. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге қолдау көрсетіліп, Үкімет бизнесті дамыту үшін ауқымды бағдарламалар жасап отыр. Осы бағдарламалардың орындалуын өңірлік кеңес қадағалап отыруы тиіс. Аймақтық даму институттары бизнеске арналған. Өңірдегі бизнес ахуалды дамытудың екі қыры бар десек, соның бірі - заңдар. Өздеріңіз берген ұсыныстармен де жұмыс жасаудамыз. Елбасы ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесі отырысында аймақтың даму картасын ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп жасайтынын айтқан болатын. Біз бұл жұмысымызда кәсіпкерлердің жобаларын, мүмкіндігін ескеретін боламыз. Аймақтарда бизнес сараптама жүргізетін өңірлік палаталар бар», - деді Тимур Құлыбаев.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Батыс Қазақстан облысында бизнеске қолайлы жағдай жасалғандығын, мұнай өңдеу, азық-түлік, өндіріс химиясы, ауыл шаруашылығы техникаларын жасау, құрылыс материалдары өндірісінің жақсы дамып келе жатқандығын атап өтті.

Отырыста мамандарды дайындау мәселесі де айтылды. Бизнесті дамыту үшін жасалып отырған үлкен мүмкіндіктерді ауыл кәсіпкерлеріне кеңірек түсіндіру жұмыстарын жандандыру қажеттігі сөз болды. Жиында Батыс Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің жартыжылдық жұмысы бойынша есебі тыңдалды.

ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов, төраға орынбасары Нұржан Әлтаев сөз алып, аймақтармен жұмыстағы іс-тәжірибелерін ортаға салды.

«Кәсіпкерлер мемлекеттік бағдарламалар арқылы нақты қолдауды сезінуде. Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен орнатылған өзара әріптестік байланыс Елбасы қойған міндеттерді орындауға, өңірді әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа деңгейіне шығаруға мүмкіндік жасайды деп санаймын», -  деді өз сөзінде облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.

inform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз