«Кәуап пісіруді ғана ҰСЫНА АЛАДЫ…»

Нина ПУСТОБАЕВА,

БҚО «Ақ Жайық» туризм қауымдастығының президенті:

- Туризм қауымдастығы немен айналысуда? Қандай ірі жобалар іске асуда?

- Қауымдастық 2013 жылдан жұмыс жасап келеді. Мақсатымыз — ішкі туризмді дамыту. Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында туризм кластерін дамыту, салаға инвесторлар тарту жайында нақты айтылды. Бұл саланың болашағы зор деп сенеміз. Себебі елімізде бұған қажеттінің бәрі бар.

«Орал» ӘКК Шалқар жағалауында жобаларды бастады. Демалушыларға қызмет көрсету үшін құрылыстар салуға инфрақұры-лым бар. Бұрыннан Шалқардың айналасының дамытылмай қалуы Орал қаласының аумағында демалыс үйлері, санаторийлер болғандықтан деп ойлаймын. Шалқарда суға шомылу кезеңі – маусым айынан бастап тамыздың ортасына дейін. Ал көбінесе ірі демалыс орнын салу үшін жыл бойы адамдар баратын аймақтар таңдалады. Сондай-ақ экологтар ондағы табиғатты, әсіресе, Шалқардың байлығы — құстар мен балықты қорғау үшін барын салды.

- Ішкі туризмді дамытуға не кедергі?

- Бұл саланы дамытқысы келетін кәсіпкерлер өте аз. Бастаса да бұл бизнесті үйіріп әкете алмай жатады. Бірнеше туристік базалар іске кірісті. Бірақ демалатын орындары таза емес, көбі күтімсіз. Яғни жақсы инвестиция салмайды. “Пайда болмайды, ақшамыз желге ұшады” деп қорқады. Үкіметтен қолдау бар. Бұл — тәуекелді қажет ететін сала. Бәрі де пайда тапқысы келеді, бірақ тәуекелге бара бермейді. Биліктен көмек күтеді.

Энтузиасттар керек. Сондай басшысы бар туризм нысандарының ғана ісі алға басады дер едім.

- Облысымызда қанша туризм нысаны бар? Туристер жайлы нақты деректер бар ма?

- Шамамен 80 шақты туризм нысаны, 30 шақты туристік фирма бар. Жыл сайын 10-15 мың адам туристік фирмалар арқылы шетелге шығады. Ең сұраныстағы елдер – Түркия, БАӘ, Мысыр. Визасыз барылатын елдерге демалушылар көп. Ресейдің көршілес облыстарындағы санаторийлерге баратындар баршылық. Ішкі туризмге мәлімет жинау қиындау. Елімізден Сарыағаш пен Бурабайға сұраныс жоғары.

- Туристердің дені қай бағытпен келеді?

- Бізге көбінесе іскерлік туризммен ат басын бұрады. Сондай-ақ қонаққа келгендерден де туризм саласына аз да болса пайда түсуде. Келгендерді өлкеміздің аса бай тарихы мен табиғаты таңғалдырады. Ал мұны еліміздің немесе әлемдік деңгейде насихаттап жатқанымыз шамалы. Жалпы, арнайы туристер өте аз. Мұның бір себебі инфрақұрылыммен байланысты. Ал қиын жолдарымызға қарамай келіп қалған адамдарды туризм нысандарының қызықтыратындай жобалары жоқ. Адамдар тек жағажайда жатып, күнге қыздырыну үшін келмейді ғой. Демалысты естен кетпестей қылатын ерекше жобалар болса, туристер көптеп келер еді.

- Шетелдіктердің өлкемізге қызығушылығы қалай?

- Өз тәжірибемнен айтсам, Германиядан келген немістер автобуспен аралап өтті. Экскурсия ұйымдастырдық. Қытайдан келген үш-төрт топ болды. Жапониядан іскерлік сапармен келгендерге Орал қаласын аралаттық. Америкадан 2 турист келді. Олар жылы жаққа бағыт алған құстар-ды бақылады. Сондай-ақ өлкеміздегі өзен-көл, су тоғандарында балық аулау үшін арнайы келетін шетелдіктер бар. Олар да туристік фирмаларға хабарласып жатады. Аңшылық шаруашылықтарының өз тұрақты келушілері бар. Бөкей ордасына арнайы келетіндер кездеседі.

- Туристерді, салаға инвесторларды немен қызықтыруға болар еді?

- Туристі қызықтырарлықтай өлкеміздің бренді әлі қалыптаспады. Мен ауылдық туризмді дамытқым келді. Мәселен, Коловертный ауылында орман, жидектер, саңырауқұлақтар, суында балық көп. Табиғи сүт өнімдерін сатса да жұмыссыз ауыл тұрғындары қызмет көрсетуге дайын. Қазір құрып бара жатқан бұл ауылда көне ғимараттар бар, яғни тарихы да қызықты. Туристке әңгімелейтін, көрсететін дүниелер баршылық. Ондағы ауыл тіршілігі қалалықтар үшін таңсық болар еді. Алайда жобам құпталмай қалды.

Ал инвесторлар тартуға болатын жер – Шалқар көлі деп ойлаймын. Алайда өркениеттен қалыспайтын жоғары деңгейде сервистік қызмет көрсету қажет. Шалқардың маңайындағы Сантас пен Сасай таулары қыста шаңғы тебушілер үшін де таптырмас орын болар еді. Өлкенің балық аулау туризмі келешегіне сенемін. Аң аулау үшін арнайы шаруашылықтарға баратындар да көп. Алайда қарумен байланысты болғасын бұл саланың түрлі қиындықтары бар. Бұрын кішігірім кеме, ұшақтар қызмет көрсететін. Оларға халықтың сұранысы өте жоғары болды. Біздің көз қызықтырар табиғатымызда атпен серуендеу де жаман болмас еді. Туристерге ұялмай көрсететін тарихи орындар көп. Алаш орда, Бөкей ордасы тарихына қатысты арнайы туристік маршруттар қажет-ақ. Оралдың өзінде тамаша музейлер, керемет сақталған тарихи ғимараттар баршылық.

- Саланы дамытудың тетігі неде деп санайсыз?

- Біздің туризмге жарнама жетіспейді. Туристердің көбісі бірінен бірі естіп қана келетіндер. Мысалы, ғаламтордан қарасаңыз, ірі кемпингтердің санаулысы мен санаторийлер жайлы ғана ақпарат таба аласыз, басқа туризм нысандарына тіпті қалай бару керектігін де таба алмайсыз. Шетелдіктер түгіл батысқазақстандықтардың өзі жол таба алмай жатады. Жұрттың бәрі демалғысы келеді. Әрі жайлы демалғанды қалайды. Ал біздің табиғат аясындағы туризм нысандарымызда — дәретхана далада, пеш сыртта жағылады. Түнеуге ұсынатын үйшіктері пионерлер заманынан дұрыс жөндеу көрмеген. Заманауи құрылғылар жоқ. Кәуап пісіруге мангал мен ағаш қана ұсына алады. Қоғам ондай кезеңнен баяғыда өткен, ондай қызметтер бүгін орынсыз. Жағажайларда моторлы қайықтар тұрады. Сағатына емес, минутына қаржы сұрайды, оны қарапайым туристің қалтасы көтере ме? Белсенді демалыс түрлерін дамыту қажет-ақ. Ал мұны дамытуға қаржы салмаса болмайды. Біздің инвесторлар туризмге құйылар қаржының қайтарына сенімсіз, бірден мол пайда көргісі келеді. Баса айтып кету керек, туристі қызықтырарлықтай өлкеміздің бренді әлі қалыптасқан жоқ. Туризмнің жаңа бағыттары іске қосылуы тиіс. Емдік, жағажай, спорттық, экологиялық, экскурсиялық, балалармен отбасылық туризмді дамытуға қажетті нәрсенің бәрі бар. Жоғарыда айтқанымдай, тек энтузиасттар керек.

Сұхбаттасқан Нұрлыбек РАХМАНОВ

Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз