«Құлпытас сырын ашайық» жинағының таныстырылымы өтеді

2014 жылдың 21 шілдесінде сағат 10.00-де «Жайық Пресс» ЖШС мәжіліс залында Батыс Қазақстан облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен жарық көрген «Құлпытас сырын ашайық» жинағының таныстырылымы өтеді.

Жинақта облысымыздың Ақжайық, Қаратөбе, Сырым аудандары аумағында сақталған XVIII-ХХ ғ. ескерткіштері – араб қарпімен жазулы көне құлпытастардың мәтіні аударылып, оқырман назарына алғаш рет ұсынылған. 50 құлпытасты қамтыған бұл жинақта Тайлақ батыр, Дәуқара батыр Қарақожаұлы, Науша батыр Қаржауұлы, Сатыбалды Кенжеғараұлы, Есенгелді тархан Жанмырзаұлы, Бабатай би ұрпақтары т.б. тарихи тұлғалардың өмірбаяндық деректері – туған-қайтыс болған жылдары, ата-тегі тұңғыш рет жарияланып отыр.

Тарихшы мамандардың бағалауынша, қазақ құлпытастарын зерттеу төл тарихымыздағы тұғырлы тұлғалар тағдырындағы түйіткілдерді тарқатып, түгендеу үшін өте қажет. Сонымен бірге бұл еңбек елімізде дамып келе жатқан эпиграфика ғылымына да қосылған үлес деуге лайық.

«Құлпытас сырын ашайық» жобасының авторы – «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллин. Құлпытас мәтіндерін араб әліпбиінен аударушы – журналист Қазбек Құттымұратұлы. Жинақтың алғысөзін жазған – тарих ғылымдарының кандидаты Жәнібек Аллаярұлы.

Жоба авторларының айтуынша, жергілікті билік орындары тарапынан қолдау болса, бұл бастама болашақта та жалғасын таппақ.

 «Құлпытас сырын ашайық» жинағының таныстырылымына «Қазақстанның киелі орындарының тарихы мен қазіргі жағдайын және оларға байланысты киелі әлемді жүйелі және кешенді түрде зерттеу» жобасымен облысымызға арнайы келген Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты мамандары – Таяу және Орта Шығыс елдері бөлімінің меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы Муминов Әшірбек Құрбанұлы және тарих ғылымдарының кандидаттары Нұрманова Айтжан Шаймерденқызы мен Медерова Дина Есіркепқызы қатысады деп күтілуде. Қазақ эпиграфика ғылымының танымал мамандарымен жолығып, сұрақ қойып, сұхбаттасу мүмкіндігін қапы жіберіп алмаңыздар!

Анықтама үшін: 50-66-88, 50-30-14,

8-705-988-61-50, 8702-886-01-87

http://zhaikpress.kz/
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз