Құлпытастарды зерттеу жұмыстары басталмақ

Ағымдағы жылдың басында Батыс Қазақстан облысы аумағындағы араб әліпбиімен жазылған XVIII-ХХ ғасыр аралығындағы құлпытастарды қорғау, кешенді зерттеу мәселесін көтерген «Нұр Отан» партиясы БҚО филиалының «Мирас» қоғамдық кеңесінің бастамасы «Нұр Отан» партиясы Орталық аппараты тарапынан қолдау тапқан болатын.

Бүгінде Батыс Қазақстан облысының барлық ауданында көне қорымдар мен құлпытастарды зерттеу бойынша жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына әр ауылдық округтен ескілікті әңгімелерді білетін шежіре қариялар, орта мектептердің тарих пәні мұғалімдері, жастар белсенділері, араб жазуын оқи алатын мешіт имамдары, басқа да ықыласты тұлғалар қосылды.

Негізгі мақсат – облыс аумағындағы араб жазулы құлпытастардың саны мен сапасын түгел анықтап, қаттап, мәтінін аударып, ғылыми айналымға енгізу, жинақтарға жариялау. Жер кеуіп, күн жылына бұл жұмыстар бірден қолға алынбақ.

«Нұр Отан» партиясы БҚО филиалының «Мирас» қоғамдық кеңесінің төрағасы, «Жайық Пресс» медиахолдингінің бас директоры Жантас Сафуллин, «Dana.kaz» тарихи-танымдық журналының редакторы, құлпытастардағы араб тіліндегі жазбаларды кириллицаға аударушы Қазыбек Құттымұратұлы жұмыс сапарымен кешелі-бүгінді облысымыздың Теректі, Бөрлі, Шыңғырлау аудандарында болып, жұмыс тобының мүшелерімен кездесті. Кездесуде атқарылатын жұмыстарды тағы бір мәрте пысықтау, құлпытастарды табу, тазалау, жазбаларды суретке, бейнетаспаға түсіру, тіркеу ережелерін еске салу мәселелері сөз болды. Сондай-ақ жиналғандар назарына арнайы дайындалған бейнефильм ұсынылды.

«Бөрлі ауданының Бөрлі ауылының аумағындағы 1930 жылдары большевиктер айналадағы қазақ қорымдарындағы құлпытастарды қиратып, құрылысына пайдаланылған МТС ғимаратының орнын қарап шықтық. 2007 жылы шеберхананың қабырғасына қаланған құлпытастардың бірқатары ауыл шетіндегі қорымға қойылған. Іргетасында қалғандарының өзі 100-ден асады. 

Қазір Бөрлі ауданы басшылары бұл мәселені шешу үшін кешенді шаралар жоспарлап жатыр. Шыңғырлау ауданының азаматтары да қол ұшын созуға уәде берді», - деді Қазбек Құттымұратұлы. 

www.zhaikpress.kz
Айгүл Ахметова

Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз