Құмға сіңген судай болып, алыпсатарлардың қалтасына кетпей ме?

Осыдан бірер күн бұрын облыстық әкімдік пен «Орал» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» АҚ қызметкерлері бірігіп, пресс тур ұйымдастырды. Ұйымдастырушылар бұл жолы БАҚ өкілдерін «Ел ырысы» базары мен «Бәйтерек» супермаркетіне алып барды. Бұл жерлерде арнайы бұрыштамалар ашылып, онда облыстық тұрақтандыру қорынан бөлінген әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері қойылыпты.

Ең алдымен «Ел ырысы» базарында болып, ол жердегі арнайы қоймадан азық-түлік өнімдерінің мол қорын көрдік.

– Елімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыруға арналған мемлекеттік бағдарлама бар. Бұл бағдарлама 2011 жылдан бастап жүзеге асырылуда және оның халықтың ең көп пайдаланатын тағамдарына бағаны тұрақты ұстап тұруда маңызы зор. «Орал» ӘКК» ҰК» АҚ осы мемлекеттік бағдарламаның операторы, яғни жүзеге асырушысы болып табылады. Ал енді бүгінгі шараға қатысты айтар болсақ, қазіргі уақытта күнбағыс бағасының күрт көтеріліп кетуіне байланысты облыстық тұрақтандыру қорынан жиі пайдаланылатын тағам түрлері қосымша бөлінді. Нақтырақ айтқанда, халықтың әлсіз тобына қолдау жасау мақсатында бұл жолы 128 тонна күріш, 30 мың тонна күнбағыс майы, 250 тонна картоп және 100 тонна пияз бөлінді. Яғни облыс халқының бір ай бойы тұтынуына қажетті күріштің 50 пайызы, күнбағыс майының 6-7 пайызы, картоптың  5 пайызы жә-не пияздың 10 пайызы қазіргі таңда қорда дайын тұр. Бұған қоса қажет болған жағдайда тағы 30 пайыз картоп алу үшін ме-морандумға қол қойдық. Қазір мына қоймада күріш пен күнбағыс майының мол қоры сақтаулы. Ал картоп пен пияз бұдан басқа жерде, көкөністерге арналған арнайы қоймаларда сақталуда. Аталмыш азық-түліктерді біз бүгіннен бастап, облыс орталығындағы «Бәйтерек» супермаркетінің жеті бөлімшесіне және Ақсай қаласындағы бір бөлімшесіне таратып, сол жерлердегі әлеуметтік бұрыштарға орналастыратын боламыз. Сондай-ақ аудандардағы үйлестірушілерден (операторлар) тапсырыс түссе, тұрақтандыру қорынан бөлінген азық-түлік өнімдерін оларға да жеткізіп береміз. Қордан бөлінген күнбағыс майының 1 литрі – 244 теңге, күріштің 1 келісі – 160-180 теңге. Базарда қазіргі таңда күнбағыс майы шамамен 300 теңге, яғни тұрақтандыру қорынан бөлінген сұйық май бағасы нарықтағыдан 20 пайызға арзан. Күріш пен картоп, пияз да базардағыдан анағұрлым арзан болады. Аталған супермаркеттегі әлеуметтік бұрыштарда саттыққа шығарылған сұйық май мен күріш бағасы бұдан асып кетпеуі керек. Облыстық әкімдік пен «Орал» ӘКК» ҰК» АҚ және облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бірігіп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне күн сайын  мониторинг жасап отыр. Егер сатушылар сұйық май мен күрішті осы көрсетілген бағадан асырып сатса, онда оларға айыппұл салынады, — деген «Орал» ӘКК» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ержан Балтаев қорға барлығы 491 млн. теңге бөлінгенін және тап қазіргі уақытта қолда 50 млн. теңгенің азық-түлігі өнімдерінің бар екенін айтты. Оның сөзінше, қажет болған жағдайда қосымша азық-түлік сатып алу үшін жоғарыдағы 491 млн. теңгеден тағы да қосымша қаражат қарастырылмақ.

Бұдан кейін «Бәйтерек» супермаркетінің қала шетіндегі бөлімшесіне бардық. Мұнда әлеуметтік бұрыштама ұйымдастыры-лып, күріштің келісі 160 теңгеден, ал 5 литрлік күнбағыс майы 1220 теңгеден саттыққа шығарылып жатты.

Арзан бағалы тамақ өнімдері жаңа ғана шығарылған соң ба, көптеп сатып алып жатқан халық байқалмады. Бірақ екі-үш күннен кейін-ақ арзан бағалы тамақтары бар әлеуметтік бұрыштамаларды алыпсатарлардың жым-жылас қылуы әбден мүмкін. Олар әлеуметтік әлсіз топтарды қолдау мақсатында мемлекет тарапынан бөлінген азық-түліктерді молынан сатып алып, халыққа қымбат бағамен қайта сатып ақша жасайды. Біз ұйымдастырушыларға осыны айтып, «Мұндай жағдайда не істей аласыздар?» деп сұрап көріп едік, олардан жөнді жауап болмады. Сондықтан сақтандыру қорынан бөлінген азық-түліктерді тек қана жағдайы төмен отбасылар мен  мүгедек жандар, зейнеткерлер мен көп балалы аналар ғана пайдаланатындай ереже белгіленсе, нұр үстіне нұр болар еді… Сонда әлсіз топтарды қолдау үшін мемлекеттен бөлініп жатқан осы бір қыруар қаражат, іс жүзінде жағдайы төмен адамдарға қызмет етер еді… Әйтпесе,  сауапты да  пайдалы  шара  құмға  сіңген  судай алыпсатарлардың қалтасына  кетпесіне  кім  кепіл?..

Айша ӨТЕБӘЛІ

http://oraloniri.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз