Құрманғазы атындағы музыка колледжінің хоры халықаралық фестивальден табысты оралды - БҚО

Ақтөбе қаласында өткен хор әуендерінің «Жұбанов көктемі-2014» халықаралық фестивалінен Құрманғазы атындағы Орал музыкалық колледжінің хоры табыспен оралды.

Аталмыш өнер додасына Ресейден, Қырғызстаннан және еліміздің әр түкпірінен 15-ке тарта өнерпаздар ұжымдары қатысты. Байқаудың бас жүлдесін Ақтөбе гуманитарлық колледжінің өнер ұжымы жеңіп алса, оралдық студенттер - бірінші, Өскемен мен Қырғызстаннан келген өнерпаздар екінші және үшінші орындарды еншіледі.

Хор жетекшісі, осы оқу орнында отыз жылдан астам уақыт бойы еңбек ететін Игорь Шмидтің айтуынша, жетпіс жылдық тарихы бар колледж үшін бұл үлкен табыс. Хорда 30-дан астам адам өнер көрсетеді. Небәрі 16-17 жастағы жастар музыкамен кәсіби түрде айналысып жүрген үлкен ұжымдардан оқ бойы озып шықты.

Айта кетейік, бұл хор қазақстандық, сондай-ақ шетелдік композиторлардың шығармаларын да орындайды.

inform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз