Мал басын көбейту, егін шаруашылығын өркендету күн тәртібінен түспеуі тиіс - БҚО әкімі

Елбасы тапсырмасына сәйкес орта және шағын бизнестен түсетін түсімді жалпы ішкі өнімнің 50 пайызына жеткізу - негізгі міндет. Барлық жағдай бар, кедергілер азайып, мемлекет тарапынан қолдау көлемі артуда.

Дегенмен Жайық өңіріндегі жағдай қанағаттандырмайды. Бұл туралы 14 наурыз күні барлық деңгейдегі әкімдердің қатысуымен өткен кәсіпкерлікті дамыту мәселелері талқыланған жиында өңір басшысы Нұрлан Ноғаев баян етті.

Жиында облыс әкімінің орынбасары Марат Кәрімов мәлімдегеніндей, кәсіпкерліктің дамуы жөнінен облыс республика көлемінде орташа деңгейде. Ал өңір бойынша Орал қаласы, Ақжайық, Қазталов, Тасқала және Жаңақала аудандарының көрсеткіштері жаман емес.

Бұдан кейін сөз алған облыс әкімі істі ширата түсу қажеттігін атап көрсетті.

«Облыста жағдай әр түрлі. Бөрлі мен Зеленовтың жақсы көрсеткіштері негізінен осы аудандардағы ірі өнеркәсіп орындарымен байланысты. Егер бұл жерлерде ірі кәсіпорындар болмаса, соның айналасында жүріп табыс табатын шағын кәсіпкерлік нысандарынан түсетін түсім де анағұрлым төмен болар еді. Мәселен, Бөрлі мен Зеленовтың көрсеткішінен мұнай-газдан түсетін түсімді алып тастасақ, не болады? Сондықтан шағын кәсіпкерлікті дамыту мәселесінде барлық аудандарды бірдей қарап, жұмыс қарқынын талдау керек. Өз-өзімізді алдап, жұбатудың қажеті жоқ. Бәріміз бірдей жасай алатын ортақ шаруаны қолға алуымыз қажет. Мал басын көбейту, егін шаруашылығын өркендету мәселесі күн тәртібінен түспеуі тиіс. Рас, бес саусақ бірдей емес. Әлеуметтік көмек алып, үйде шалқайып жататындар бар. Ел арасында масылдық психология әлі жойылған жоқ. Аудан, ауыл әкімдері осындай жұмыстармен күнбе-күн айналысуы керек», - деді әкім.

Жиын соңында аудандарда шағын және орта бизнесті дамытуды кеңінен насихаттау жұмысын жолға қою, тың жобаларды қолға алу жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

http://www.inform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз