Маңғыстау облысында 18 баланы өмірге әкелген Батыр ана тұрады

Маңғыстау облысының Қызылтөбе ауылында 18 баланы жарық дүниеге әкелген Батыр ана тұрады. Тұрдыгөзел Аяғұтова балаларына жақсы тәрбие беріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған асыл жан. Көпбалалы ананың тәлімі бүгінде келіндеріне үлгі-өнеге болып отыр, деп хабарлайды Қазақстан ұлттық арнасы.

Тұрдыгөзел апа қазір 63-ке келді. Дүниеге әкелген 18 баласы бір-бір шаңырақ иесі. Ішінде 5 бірдей егізі де бар. Бүтін бір әулеттің отанасы бүгінде 30 немере мен шөбере де көріп отыр. Батыр ананың өзі де 10 ағайынды үлкен отбасыдан шыққан. Егіз табу оған өз анасынан дарыған. Көпбалалы ана ұрпақтарының басы аман, бауыры бүтіндігіне шүкіршілік етеді.

Батыр ана Тұрдыгөзел Аяғұтова: «Балаларымның қазір қызығын көріп отырмын. Жақсымын, шүкірмін. 30 немерем бар. Барлық аналар да бақытты болсын, балаларына қуанып жүрсін. Қазақстанымыз жайнап, гүлденсін» - деп ақ батасын берді.

Берекелі шаңырақтың келіндері де ибалы. Енесінің алдынан көлденең өтпейді. Әрбір сөзін ұлағат тұтады.

«Енеміз бәрін үйретіп отырады. Үлкен шаңыраққа келін болу – қуаныш, бақыт», - дейді келіні Алмагүл Аяғұтова.

Батыр ананы ауылдың күллі тұрғыны құрмет тұтады. Жергілікті билік те қолдан келген көмегін аяған емес, үнемі оң қабақ танытып қамқорлық жасап отырады.

«Бүгін, міне, кәсіпкерлердің қолдауымен анамызға теледидар, шаңсорғыш алып келдік. Көпбалалы аналарды үнемі назарда ұстап, оларға қол ұшын беруге дайынбыз», - дейді Қызылтөбе ауылының әкімі Аман Арыстанов.

Тұрдыгөзел апа Маңғыстау өңіріндегі «Ең көп балалы ана» атанды. Оны арнайы құрылған облыстық комиссия анықтап отыр.

http://www.bnews.kz/
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз