Мас күйінде өз күйеуін өлтірген әйел жеті жылға сотталды

БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты өз күйеуін өлтірген Орал қаласының тұрғынын айыпты деп тапты.

Облыстық соттың баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға отбасында туындаған жанжалдың негізінде өршіген. Ішімдікке жаны үйір ерлі-зайыптылардың  ауыздары бір құрғамаған. Соның салдарынан отбасында ұрыс-керіс әлсін-әлсін болып тұрған. Қылмыс күйеуі күзетші болып жұмыс жасайтын автотұрақтағы  күзетші дүңгіршегінде орын алған. Бар тапқанын ішімдікке жұмсап,  кішкентай баласын материалдық тұрғыдан қамтамасыз ете алмағанын бетіне басқан әйелінің сөзінен ерлі-зайыптылар арасында жанжал басталған. Ашу үстінде әйелі пышақты оның кеудесіне сұғып жіберген. Алған жарақаттан күйеуі сол жерде көз жұмған. Сыртқа шауып шыққан әйел  күйеуін өлтіріп тастағанын айтып, айқайлаған.

Сотта сотталушы кінәсін толықтай мойындап, оқиғаны егжей-тегжейлі баяндап берген.

Сот оны Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексі 96-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп тауып, 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасын қатаң режимдегі түзеу колониясында өтеуге соттады. Сонымен қатар сот үкімімен жазасын өтеу орнында маскүнемдіктен күштеп емдеу тағайындалды. 

inform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз