Мен сектаға қалай бардым?..

Осыдан екі-үш жыл бұрын қалалық саябақта кездейсоқ Гауһар есімді қызбен таныстым. Жасы 22-23 шамасында. Әкесі шымкенттік, анасы Жаңақаланың тумасы екен. Бір көрген жанға жылы жүзді, байсалды, өмірден түйгені көптей көрінеді. Жаныма келіп, әуелден таныс адамдай бөгелместен сөзге тартты. Бірақ әңгіме әу бастан түсініксіздеу өрбіген еді.

- О дүниеге барғанда адамдар жаны көкке жету үшін бірнеше сыннан мүдірмей өту керек. Біздің Құдайымыздың Ехоба екенін сіз білесіз бе? Ол адамды біз ойлағаннан да қатты жақсы көреді. Оған шексіз сенуіміз керек. Бізді тозақ отынан одан басқа ешкім құтқармайды және құтқарып алмайды.

Ол үшін Ехобаның 6 сынынан сүрінбей өту маңызды. Олар: Құдайы туралы білім алу, сенім білдіру, адамдарға мейіріммен қарау, Құдай туралы уағыздау, дұға арнау және шоқыну, шомылдыру рәсімі. Осы рәсімдерді толық орындаған адам ғана о дүниеде жаны тыныштық тауып, мәңгілік тыныш өмір бұйырады. Ал мынау Ехобаға куәлік етуге берілген төлқұжатым, — деп қолындағы қызыл куәлікті көрсетті де, үзіп алғандай, кілт тоқтады.  — Қалай ойлайсың, Ехоба туралы көбірек білгің келеді ме? Сені Ехобамен және оның достарымен таныстырсам деп едім? Сенің де осындай куәлікке ие болуыңа мүмкіндігің бар, — деп сұрады. Сосын қызыл куәліктің “артықшылығын” тізе жөнелді. — Бұл менің төлқұжатым, мүлде жоғалтуға болмайды. Менің кім екендігім және болашақта кім болатындығым бәрі осында жазылған. Тіпті  кез келген уақытта ауыра қалсам, менің рұқсатымсыз маған қан құюға және менен қан алуға, инемен егуге болмайды. Ехоба бізге осындай артықшылықтарды сыйлады, оған сол үшін де адал қызмет етуге уәде еткенбіз, — деп мақанды.

Оның бұл сөздерінен әуелі секем алып, не айтарымды білмей абдырап қалдым. Мына қазақ бойжеткенінің Ехобаны Құдай санап, басқа тәңірі жоқтай, шоқынғаны несі деп таңғалдым. Артынша, бейтаныс қыздың бұл қылығын қызық көріп, бір жағынан, Ехобаның кім екенін білмекке келісімімді бердім. Сөйтіп, жексенбі күні кездесуге уағдаласып, қоштастық.

Тамұқтағы жарты күн

Жастықтың әсері шығар, бәрін  көзбен көргенше асықтым. Жексенбі күні ерте тұрып, айтқан мекенжайға келсем, Гауһар мені күтіп тұр екен. Келгенімді көріп, қуанып: “Сені маған Құдай айдап келді, жолың болады”, — деді. Мені жақын маңдағы бір үйге апаратынын айтты. Жолшыбай өзінің Шымкент қаласынан Оралға Құдайға қызмет ету үшін келгенін жасырмады:

- Оралдағы кәсібім өзіме ұнайды, күн сайын Ехобаны мадақтап, осылай адам жинап тұрсам, басшылық мені ренжіте қоймас, сұрағанымды артығымен береді. Ехобаға қызмет еткендер  шаршау дегенді білмейді. Ехоба бәрімізге күш береді. Біздің қауым сізге де ұнайтынына сенімдімін, — деді. Діттеген жерге де жеттік. Есіктің арғы жағынан, бейтаныс ер адам қарсы алып, мені бірден төрге шығарды. Бір бөлмелі тар үйде жиырмадан аса адам жиналыпты. Ер адамдар галстукті костюм-шалбар, әйелдер классикалық үлгіде киінген, құдды зиялы қауымның ортасына түскендейсің. Түр-сымбаттары да келісімді. Арасында ата-анасымен ілесіп келген мектеп оқушыларына дейін жүр. Төрге жайғасқаннан кейін, өздерінің кім екенін таныстыра бастады. Қауымдағы бір-біріне «ба-уырластар»  дегеннің бәрі де өз қазағым екен:

- Біздер Ехоба құдайына қызмет етуші және өмірден адасқан жандарға жол көрсетушілерміз. Мұқтаж  жандарға  қолұшын созамыз.

Бәріміз Ехобаның шапағатына бөлену үшін, осы жолда жүргендерміз. Сенің де қатарымызға қосылуыңмен құттықтаймын! — дегені сол еді, бәрі қол шапалақтап, мені қаумалап құшақтап, құттықтап жатты. Олардың бұл әрекеттері маған оғаш сезіліп, әрі-сәрі күйде қалдым. Сонда да сыр  білдірмеуге тырысып бақтым.

Біраздан соң барлығы Ехобаның құрметіне өлең айтты. Ортаға 30-дар шамасындағы аққұба келген жігіт шығып, қауым мүшелеріне «Қасиетті кітаптан»  бірнеше мысалдарды жамыратып әрі ежіктетіп оқытып жатты. Екі-үш кітапшаны танысып отыр деп маған да берді. Алғашқы бетін ашып қалғам, денем одан әрі түршігіп кетті. Адамды оңай арбап, өздеріне тартып алудың жолдары ашық жазылыпты: «Ехобаға қызмет етпейтін адамдардың өмірлерінде дұрыс бағыт беретін басшылық жоқ. Олар айналасындағы ар-ұяттан жұрдай адамдардың айдауымен жүреді. Араммен араласқан жан адал әдетінен айырылады» делінген. Тіпті әлемдік статистикадан да өздерінше мысалдар келтіріп қойыпты:

«…адамдар әртүрлі қиыншылықтардың салдарынан жан күйзелісіне ұшырайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәлімдеуінше, жер жүзіндегі 5 адамның біреуі өмірінде әйтеуір бір рет осындай күйді бастан кешіреді. Ал Ехобаның қызметшілерін мұндай жағдай айналып өтпейді», — деп жазылған.  Қараңыз, «…қазіргі адамдар билікке, байлыққа және атақ-даңққа қол жеткізу үшін бар өмірін сарп етеді. Нәтижесінде олардың рухани нәрселерге уақыттары қалмайды. Ал Ехобаның қызметшілері болса, иесінің ықыласына ие болу үшін басқалардың алдында өздерін кіші тұтуға дайын» делінген. Кәдімгі арандату. Ойлап қарасаңыз, басты айналдыратын мына сөздер қарапайым адамдарды өз еркінен айыруға итермелейтіні анық. Басқа сөздің жөні бөлек, бірақ «Ехоба мәңгі тірі Құдай, болашақта да мәңгі бола береді» дегеніне ашуың былай тұрып, еріксіз күлкі қысады. Құдайдың уақытша өмір сүргенін, қай уақытта көрдіңіз?! Сөздеріне құлақ түрсең, «ізгі хабарды таратушы» да  жалғыз солар екен…

Біраздан кейін бойымды қорқыныш билей бастады. Бірақ сағат жарым бойы ішімнен «біссіміләмді» айтып, дәрісті аяғына дейін тыңдап шықтым. Қауым мүшелері өздерінше «өте белсенді және сыпайы» көрініп қалуға тырысып жатты. Дәріс бітісімен, маған бәрін түсіндіруге асықты. Бірақ мен, жиналыс бітісімен, қауым мүшелерімен тез-тез қоштастым да, асығыс екендігімді айтып, шығып кеттім. Артымнан жүгіре шыққан Гауһар бос уақытта тағы да кездесуімді өтінгендей болды. Бірақ ешкімнің сөзіне құлақ асқым келмеді.

Кімдікі дұрыс?

Үйге келіп, біраз ойландым. Қолыма ұстатқан кітапты үйге келіп, тағы да ақтарып шықтым. Оқып отырып, ұйымның өздеріне еліктіріп әкететін мықты әдістері бар екенін аңғардым. Олардың «Қасиетті кітабындағы” Ехоба құдайын дәріптейтін «ізгі хабарлар» туралы жазбалар шын мәнісінде  дәстүрлі ислам мен христиан дінінен ұрланып, өздерінің пайдасына қарай бұрмалап алынған. Оған да дәлел бар: «ілтипатпен сөйлеп, өзгелермен жақсы қарым-қатынасты сақта…», «біздің жағымды сөздеріміз бауырластарымыздың еңселерін көтереді…», «күйеулер әйелдеріңді сүйіп, оларға қатаң болмаңдар!..», «кешірім сұрауға және кешіре білуге асық болыңдар…» және т.б.  Осындай “Ізгі хабарды” миына әбден сіңіріп алған олар Құдайдың мол сауабына ие боламыз деп, күндіз-түні үй-үйді аралап, уағыз жүргізуді дұрыс санайды.

Айтпақшы, олардың қазақ тіліндегі кітап-журналдары өте сауатты, әрі көпшілік оқырманға өте тартымды тілде жазылған. Кітап-журналдары тікелей АҚШ-тың Нью-Йорк қаласынан басылып шығып, әлемнің 123 еліне таралады екен. Елімізде шығатын кейбір газет-журналдың бір бетінен он қате табылатын бұл күнде, олардың кітап-журналынан бір қате таппайсың. Сонау Америкада басылып шығатын бұл материалдардан қазақ тілінен қате табылмауы таңғалдырады. Уағыздары мен кітаптағы жазбаларынан олардың  жер бетіндегі билікті ешқашан мойындамайтынын ұқтым. Ер-азаматтарға әскерге бару, ант қабылдау, қолға қару алып, Отанды қорғау күнә саналады. Мемлекеттік мейрамдарды жоққа шығарып, рәміздер мен заңдарды құрметтемейтінін білдім. Тек Ехобаның ғана туған күнін атап өтеді, басқа мейрамдарды еске алмайды. Тіпті қауым мүшелерінің  жеке басында еріктері жоқ, біреудің айдауымен жүруге көндіккіш келетінін де өз көзіммен көрдім. Қазақтың әу бастан мұсылман екендігін, ата-бабамыздың ислам дінін таңдағанын, Аллаға ғана құлшылық етіп келгенімізді қалайша естен шығарды екен? Сұрақ көп, әрине.

Бұл менің Гауһар қызбен алғашқы әрі соңғы кездесуім болды. Телефон арқылы қанша рет кездесуге уәде берсем де, мен оны мүлдем көргім келмеді, тезірек ұмытқым келді.  Бірақ өз діні мен тілін, баба дәстүрін тәрк етіп, өзгенің жетегінде қор боп жүрген оның бейнесі қанша тырысқанмен әлі күнге көз алдымнан кетпей жүр.

Ойланайықшы, достар! Менің бір күнде көрген «қорқынышты түсім» осы болса, көрмегеніміз әлі қанша? Аузы қанды бөрілерге абайсызда таланып қалып жүрмесек игі!

Ләззат  ШАҒАТАЙ

http://oraloniri.kz/
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз