Мүмкіндігі шектеулі ұл-қыздарға қолдау

Елбасы биылғы Жолдауында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға ерекше назар бөліп, қамқорлық көрсетілуін баса атағаны белгілі. Оларды белсенді өмірге тарту, өздерін қоғамға пайдалы азамат ретінде сезінуіне жан-жақты қолдау көрсетілуі ауданда да назардағы істің бірі. Даму мүмкіндігі шектеулі ұл-қыздардың жайы Ақжайық ауданында күнделікті қаперде.

Инклюзивті білім беру, яғни кембағал жандардың заманауи бағдарламаларға сай дәріс алуы жолға қойылған. Қазір аудан бойынша 18 жасқа дейінгі аралығында барлығы 340 мүмкіндігі шектеулі ұл-қыз болса, олардың 20-сы үйден оқытылады. Үйден оқитын 24 мүгедек оқушыға 13 млн. теңгеден астам қаржыға арнайы бағдарлы техникалық құралдар сатып алынды. Бұл құралдар көзі нашар көретін, эмоционалдық-еріктік бұзылымдары бар және тірек қимыл аппараты бұзылған балаларға тегін берілді.

Мектеп жасына жетпеген сәбилерді біліммен қамту үшін Чапаев және Тайпақ ауылдарындағы балабақшаларда инклюзивті кабинеттер ашылды. Сонымен қатар 3 логопед пункті, 3 мектепте түзете дамыта оқыту сыныптары жұмыс істесе, 4 мектепте дефектологтар қызмет етуде.

Үйінен білім алатын балалардың заман талабына сай сапалы білім алуы үшін, әрине, дербес компьютер мен интернет желісіне қосылу мүмкіндігі қажет-ақ. Ауданда 19 бала өткен екі жыл ішінде осындай қуанышқа ие болды. Олардың үйлеріне компьютер, ғаламторға шығатын модем, тіпті веб-камера орнатылды.

Мысалы, Жайық ауылында тұратын 14 жасар Рысжан Мұратжан 8 сыныпта оқиды. Үйден дәріс алып жатқанына осымен екінші жыл. Белсенді жеткіншек қатардан қалғысы келмейді, білім ордасындағы шараларға қатысып, сыныптастарымен де жиі дидарласып тұрады. Сабақ үлгерімі жақсы. Өткен жылдың соңында оған дербес компьютер беріліп, интернет желісі орнатылды. Әрине, жаңа компьютерді әкелген кездегі Русжанның қуанышын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.

Үйден білім алатын оқушыларды компьютермен қамтамасыз ету алда да жалғасатын болады. Аталған санаттағылардың оқу пәндері бойынша электрондық оқулықтармен қамтамасыз етілуі де назарда.

http://zhaikpress.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз