Мұнай-газ саласында жаңа технологияны енгізудің маңызы зор - БҚО

Мұнай-газ саласында инновация үрдісін тереңдетіп, жаңа технологияны енгізе отырып, отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттігін, оның үлестік қатысын арттырудың маңызы зор. Бұл туралы бүгін Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында «KAZSERVEX» - Мұнай-газ саласындағы сервистік қызметтер және машина жасау форумы» тақырыбындағы аймақтық жиында айтылды.

БҚО әкімдігі мен ҚР Мұнай және газ министрлігі ұйымдастырған шарада Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың атап өткеніндей, мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы жүзеге асырыла бастағаннан бері өңірде жеті ірі жоба қолға алынса, соның бесеуі іске қосылды. Машина жасау саласында өнім көлемі екі есеге, 9-дан 18,4 млрд. теңгеге жетті. Дегенмен машина жасау кәсіпорындары өз мүмкіндіктерін толық пайдаланып отырған жоқ. Әсіресе, олардың мұнайгаз саласында үлестік қатысын көбейту күн тәртібінен түскен жоқ. Елбасы тапсырмасына сәйкес мемлекеттің қолдауымен түрлі бағдарламалар жүзеге асырылып жатқан кезеңде жер қойнауын пайдаланушылар, өнім жеткізушілер, инвесторлар мен барлық мүдделі ұйымдардың мәселені бірлесіп шешкенінің мәні ерекше.

ҚР Мұнай және газ вице-министрі Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, отандық кәсіпорындардың машина жасау және сервистік қызмет саласында рөлі жоғары болуы тиіс. Жергілікті үлес жыл сайын өсіп келе жатқанымен (2010 жылы - 681 млрд. теңге немесе 45,2 пайыз, 2013 жылы - 1560 млрд. теңге немесе 57,3 пайыз), жер қойнауын пайдаланушылар жариялайтын мемлекеттік сатып алуларда қазақстандық кәсіпорындардың еншісіне күрделі емес, жеңіл-желпі тауарлар мен қызметтер тиіп келеді. Сондықтан мұндай кезеңнен өтіп, озық білім мен жаңа технологияларға қол жеткізу керек. Мемлекет басшысы қойып отырған талап та осы. Күні бүгін «Теңізшевройл» ЖШС мен «ҚПО б.в.» компаниясы жобаларын кеңейту қолға алынып жатқан кезде оған отандық кәсіпорындарды қатыстырудың маңызы ұлғая түседі.

Форумда сөз алған Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Рақымбек Әміржанов мұнайгаз саласында кластер құру, өңірлердің бір-бірімен байланысын одан әрі дамытуға тоқталса, «ҚПО б.в.» компаниясының бас директоры Дамиано Ратти Қарашығанақтың әлемдегі ірі кен орындарының бірі екендігін, ол озық технологиялар негізінде игеріліп, өндіріс көрсеткіштері жылма-жыл өсіп отырғанын атап өтіп, жобаны кеңейтуге қазақстандық кәсіпорындардың да үлес  қоса алатындығын жеткізді. Қазіргі таңда аталмыш компанияның кенішті игеруге салған қаржысы 17,6 млрд. АҚШ долларына жетсе, республика бюджетіне аударылатын төлемдер көлемі 10 млрд. доллардан асты. 

Жиынға сондай-ақ «Halliburton», «Schlumberger», «Baker Hughes», «ГазПром Автоматизация», «CANADOIL GROUP FZCO», «EMERSON» сынды шетелдік компаниялар қызығушылық танытып, олардың өкілдері өз ой-тәжірибелерін ортаға салды. Болашақта Қазақстанда бірлескен кәсіпорындар құруды көздеп отырғандар да аз емес.

Бұл жиынды биыл күзде қос мемлекет басшыларының қатысуымен Қазақстан мен Ресейдің шекаралас өңірлерінің Атырау қаласында «Көмірсутегі саласындағы инновация» тақырыбында өтетін форумының жолашары деп есептеуге болады.

inform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз