Наурыз мерекесіне орай «Нұр» сауда үйі ашылды

Қазталов ауданы Жалпақтал ауылында Наурыз мерекесіне орай «Нұр» сауда үйі ашылды.

Жеке кәсіпкер Айсара Аққошқарова тұрғызған сауда үйі тұрғындарға қажетті тұрмыстық заттар, киім-кешектер сатумен қатар шаштараз, тігін цехы арқылы халыққа қызмет көрсетеді. Бұдан бұрын да демеушілігімен көзге түсіп жүрген кәсіпкер бұл күні де қарап қалмай, тұрмысы төмен үш отбасына киім-кешектерді сыйға тартты.

Сауда үйінің ашылу рәсіміне қатысқан аудан әкімі Нұрлан Бекқайыр Елбасы тапсырмасына сәйкес ауыл-аймақта да кәсіпкерліктің кеңінен өрістеп отырғандығын атап өтті. 

Осындай айшықты шарамен өрнектелген Наурыз мейрамы күні Жалпақтал ауылындағы орталық алаңға халық көп жиналды. 

Ұлыстың ұлы күнін қарсы алу сахналандырылған қойылыммен басталды. Қойылымда таңға ақсүйек ойынын ойнаған ауыл жастары Наурыз келгенін тұрғындарға сездіріп, ұйқыдан ояту мақсатында шылдырмақ байланған тайыншаны ауыл арасынан жүгіртті. Сол дыбыстан оянған ауыл үлкендері бір-бірімен көрісіп, жаңа жылмен құттықтап, жастарға өз баталарын берді. Көш керуенімен бірге Наурыз бейнесін бейнелеген бір топ қыздар мен тайқазан көтерген жігіттер ортаға шықты. 

Әсем әндер айтылып, әуезді күйлер, ырғақты билер көрермендерге ұсынылды. Кимешек киген ауыл әжелері жұртшылыққа тайқазаннан наурыз көже таратты. Ауыл ішіндегі мекеме-кәсіпорындар белгілі тұлғалар К.Меңдәлиев, Ғ.Молдашев, А.Хұсайынов ауылдарын құрып, дастархан әзірледі. Мерекелік шара арқан тарту, қол күресі, қазақ күресінен түйе палуан сайыстарына ұласты.

Орал қаласында 22 наурыз күні негізгі шаралар теміржол вокзалы алдындағы В.Чапаев атындағы алаңда өткізілді. Теміржолшылар ұйымдастырған Наурыз мейрамында алаңға лық толған халықты облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Шәпкенов пен Орал қаласының әкімі Алтай Көлгінов құттықтап, ізгі тілектерін білдірді. Сахнада облысқа танымал әнші-бишілер өз өнерлерін көрсетсе, ұлттық спорт түрлерінен де жарыс қызды. Сондай-ақ бұл күні Жастар шығармашылығы орталығында мерекелік концерт қойылды.

http://www.inform.kz/
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз