17 жыл отасқан жұбайы тастап кеткен павлодарлық жалғызбасты әке елден көмек сұрады

Павлодарда көп балалы, жалғызбасты әке перзенттерін жаңа оқу жылына әзірлей алмай отыр деп хабарлайды КТК арнасы.

 

17 жыл отасқан жұбайы тастап кеткен павлодарлық жалғызбасты әке елден көмек сұрады

Скриншот КТК арнасы

Қайыр Көшелековтің айтуынша, жұбайы оны кәмелет жасына толмаған төрт баласымен тастап, ізін суытқан. 37 жастағы әйелімен 17 жыл бірге тұрған отағасы бүгінде жалғыз жәрдемақыға қарап отыр. Ал бұған дейін шаһарға жолаушы тасып, күнін көрген ер адамның көлігі бұзылып қалған. Бұдан басқа жұмыс таппаған жалғызбасты әке енді жомарт жандардың көмегіне жүгінуге мәжбүр.

15 жасар Жұлдыз отбасының тұңғышы. Сондықтан да ас әзірлеу, үй тазалау мен кір жуу да оның мойнында. Бұған еті әбден үйренген жеткіншек сабақ басталысымен біраз әбігерге түсетінін жасырмайды.

"Таңертең тұрып үйдің ішін жинаймын. Бауырларыма, отбасына тамақ пісіремін. Содан кейін далада да біраз көмектесемін. Нанды дүкеннен сатып алмау үшін үйде нан илеймін. Осылайша, кішкене, әкеме көмектесуге тырысамын", - дейді Қ.Көшелековтің қызы Жұлдыз Көшелекова.

Жұлдыздың Ерсұлтан, Ербол және Шолпан есімді іні-қарындастары өсіп келеді. Бұл балалардың жалғыз әкелеріне қарап отырғандарына тура жарты жыл толған. Ер адаммен 17 жыл тұрған тасжүрек әйел болса биыл көктемде үйден кетіп, сол күйі оралмапты. Ал ауыртпалықты өз мойнына алған отағасы қазір жалғыз жәрдемақыға қараудан басқа амал таппай отыр.

Бұған дейін жолаушы тасыған көп балалы əке қазір жалғыз күнкөріс көзінен айырылып отыр. Қыста істен шыққан көлігін жөндеу үшін 100 мың теңгедей ақша қажет екен. Айына небəрі 30 мың теңге алатын отбасының өзгелерден көмек сұрауына да осы себеп.

Күнкөрісінен айырылған отағасы бұдан соң екі қолға бір күрек таппақ болған. Алайда 67 жастан асқан ер адам үшін еш жұмыс табылмаған. Ал үйде киім-кешексіз, қалам-қағазсыз отырған үш баланы мектепке аттандыру үшін орта есеппен алғанда 100 мың теңгедей ақша қажет. Амалы таусылған жалғызбасты әке енді жомарт жандардың көмегіне жүгінуге мәжбүр.

"Алатыным 30 мың. Тамақ балаларға киім керек, жетіңкіремейді. Біреу көмек жасаса бас тартпаймын", - дейді жалғызбасты әке Қайыр Көшелеков.

Бұл отбасының жағдайынан әкімдіктегілер де құлағдар. Демеушілерді іздеп жатқандарын жеткізген олар жақында жалғызбасты әкенің ескі үйі мен көлігін жөндеп береміз деп сендірді.

"Азық-түлік берсек ол бір айдан кейін бітіп, отбасы тағы қиыншылық көріп, тағы бізге келеді. Сондықтан біз ана көлігін жөндеп берейік деп отырмыз. Ол кісі сол көлігімен кісі тасып, қаражат тауып сонымен күн көрсін деген ойымыз бар", - дейді Алғабас ауылдық аймағының әкімі Мерхат Валитов.

Осылайша уәдені үйіп-төккен атқамінерлер биыл отбасына қысқы отын да түсіріп беретіндерін айтуда. Ал әзірге құр нанмен отырған жалғызбасты әкенің оларға сенуден басқа амалы жоқ.

nur.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз