Ақ Жайыққа Аршавин келеді

Футболдан премьер-лига командалары арасында Қазақстан чемпионатының 18-інші турында Оралдың «Ақжайығы» Қызылордада жергілікті «Қайсармен» күш сынасты.

Бірінші таймда алаң иелері басымдылық танытып, бірнеше мүмкіндікті пайдалана алмады. Ойынның екінші кезеңінде Вахид Масудовтың шәкірттері қорғанысты бекем ұстап, ыңғайы келгенде, шабуылдап та бақты. Сондай сәттің бірінде нигериялық легионер Изу Азука қақпашымен бетпе-бет шығып, оның тепкен добы жақтауға тиіп, алаң сыртына кетті. Аһ ұрып Азука қалды. Ақыры ойын 0:0 есебімен тең аяқталды. Бұл жолы Қостанайдың «Тобылынан» ауысып келген хорватиялық Денис Главина «Ақжайықтың» құрамындағы алғашқы ойынын  өткізді. Есесіне Орал футболының тағы бір түлегі Руслан Валиуллин Ақтөбеге кетті. Осылайша, басқаларын айтпағанда, қазір Эльдар Абдрахманов Атыраудың намысын қорғап жүрсе, Бауыржан Омаров Қызылорданың «Қайсарына» ауысты. Сөйтіп, өз түлектеріміздің В. Масудовтың командасынан орын таба алмауы алаңдатады.

Қазіргі таңда «Ақжайық» 15 ұпаймен он бірінші орында келеді. Яғни жағдай түзелмесе, премьер-лигамен қош айтысады деген сөз. Оның үстіне келесі кездесуін батысқазақстандықтар 9 шілде күні П. Атоян атындағы стадионда «Астанамен» чемпиондыққа таласып жүрген Алматының «Қайратымен» өткізеді. Өткен жылы атақты ресейлік ойыншы Андрей Аршавиннің Оралға келуі жанкүйерлердің ерекше қызығушылығын туғызып, «Ақжайық» футбол стадионына халық сыймай қалғаны белгілі. Бұл жолы да Аршавинді көремін деушілер аз болмасы анық.

http://oraloniri.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз