Бас прокурорды бала кезінде қылмыс жасаудан не сақтап қалды?

Әдетте прокуратура — суық мекеме. Ал еліміздің Бас прокурорының қабақ ашып, көп әңгіме айтқанын жұртшылық естіп, көре бермейтін. Тіпті солай болуға тиісті сияқты көрінетін. Бірақ жаңадан тағайындалған Бас прокурор ел арасындағы осы түсінікті бұзды. Өткенде   Жақып Асановтың Ақтөбедегі  Назарбаев зияткерлік мектебінде ағынан жарылып, балалармен емен-жарқын әңгімелескенін жазғанбыз. Жұртшылықтың ерекше қызығушылығын туғызған сол әңгімені толықтырып, қайта ұсынғанды жөн көрдік. Сонымен…

Күркетауық баққан бала

— 15 жасымда бала кезден бірге оқып, бірге ойнаған бес досым бірдей түрмеге түсті. Оның үшеуі менімен түйдей құрдас. Екеуі бір жас үлкен болатын. Үшеуі 9 жылға, екеуі 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Олар сабақты менен кем оқыған жоқ. Тіпті екеуі менен  жақсы оқыды. Қоғамдық шараларға белсене қатысатын. Олардың ата-аналары да сыйлы кісілер еді. Өнегелі отбасының балалары болатын. Дегенмен, бесеуі де әке-шешелерін жерге қаратып, олардың абыройын төкті. Мен де сол достарыммен бірге түрмеге тоғытылуым мүмкін еді ғой. Теріс жолдан сақтап қалған қандай күш? Ол — еңбек!

Ұстазым әрі көршім Леонид Даниловичтің бақшасында неше түрлі көкөніс жайқалып, сан алуан гүлдер жайнап өсіп тұратын. Көзің сүйсінеді. Ол өсірген жеміс ағаштары да мәуелі. Бірде көршімнен: «Мұның әдіс-тәсілі қалай?» деп сұрадым. Дегенмен, ол сырын айтпады. «Құпиясын айтсам, оның қадірін, бағасын білмейсің. Сол себепті, өзің еңбектен. Өсір, күтім жаса. Шын ниеттенсең, еңбегің нәтижелі болары анық» деді. Алайда, мен өсірген көкөністер бәрібір дұрыс өнім бермеді. Енді кептер, үйрек,  қоян бағып көрдім.

Бір күні күркетауық өсіру туралы ой келді. Бұл ойымды әкеме айттым. Бастапқыда ол қарсы болды: «Кептерлерің ұшып кетті, қояндарың қашып кетті. Үйректерді де өсіре алмадың. Күркетауықты қалай бақпақсың?» деп. Дегенмен,  «Бұл жолы нәтижелі еңбек етемін» деп ақыры әкемді көндірдім. Сөйтіп, алты күркетауық сатып алдық. Бірақ оларға қалай күтім жасау керек? Ол жөнінде ешнәрсе білмеймін. Кітапханаға бардым. Ешқандай әдебиет жоқ. Ол кезде ғаламтор да жоқ еді. Дегенмен, бұл құстарды өсіріп, бағуға ықыласты, ынталы болғаным соншалық —  өздігімнен оларға күтім жасауды үйрендім. Күркетауық — өте кірпияз құс. «Жатын орны» құп-құрғақ болуы керек. Оны сол күйде, құрғақ қалпында ұстау әсіресе, олар балапан басқан 28-ші күні қиын. Түнімен көз ілмей, сәт сайын, ұяны тазалап, «төсек-орындарын» алмастырып, әлекке түсесің. Күркетауықтың балапанының тезірек өсіп-жетілуі, қанаты қатаюы үшін көк пиязды ұсақтап турап беру керек. Бұл менің тапқан әдісім. Қысқасы, екі жылдың ішінде алты күркетауық жүзге жетті. Ауылдағылардың бәрі менен кеңес сұрайтын болды.

Ол кездегі жұрттың «бас ауруы» «Жигули» сатып алу болатын. Ал ол 5 мың сом тұрады. Қорадағы қой, ешкі, қозы, лақтарымды санамағанда, тек қана күркетауықтарымның өзін сатсам, 3 мың сом ақша жинайтын едім. Жемісті еңбек еткенім осының өзінен көрінеді ғой. Міне, мені теріс әрекет жасаудан сақтап қалған осы сүйікті ісім, еңбексүйгіштігім болатын. Күркетауықты бағу арқылы нәтижелі жұмыс істеуді  үйрендім. Әр жұмыс, әр іс-әрекет нәтижелі болуы керек.  Күркетауықтарға күтім жасау үшін таңғы сағат 6.00-де тұратынмын. Себебі, сағат 8.00-де сабақ басталады. Оған дейін құстардың жем-суын беруім керек. Таңертең ерте тұру үшін түнде сағат 22.00-ден кеш қалмай жату керек болады. Ал әлгі достарым түнгі сағат 22.00-ден кейін қылмыс жасаған…

Тауық кепеден жатақханаға дейін

— Әр істе бір қайыр бар екені рас. Тіпті қиындық, кедергілердің көбі түбінде жақсылыққа жол ашады. Ол үшін тағы да еңбектене білуің керек.

1980 жыл. Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетіне оқуға қабылдандым. Сабақ басталар күні Алматыдағы алыс туысқанымның үйіне бардым. Үйі тар. Адам көп. Жағдайды сұрамай, бара салатын халықпыз ғой. Апам маған төсекті қайда саларын білмей, біраз әбігерге түсті. «Онсыз да тар жердің ауасы тарыла түсер» деп балаларының қасына салғысы келмеді. Ақыры балконда жаттым. Түнімен көз ілмедім. Көшедегі у-шу мазамды алды. Сөйтіп, ертесіне, теміржол вокзалына, одан кейінгі күні автовокзалға түнедім. Ол кезде қазіргідей жекенің  иелігіндегі пәтер жоқ болғандықтан, жалға пәтер табу қиын. Қасымда екі жолдасым бар үшеуміз «жетім бұрышты» жағалап жүріп, бір әжейдің «времянкасын» жалға алатын болып, 20 сомнан 60 сом жинап, кілтін алып қалдық. Теміржол вокзалындағы жүк сақтайтын қоймадан заттарымызды алып, кешкілік                  үйімізге барсақ, бұл «үйдің» байырғы «тұрғындары» тауықтар болып шықты. Тауық кепе екен. Ішін әктеп, ортасына пеш орнатқан. Әлгі пеш тез жылып, тез суып кетеді. Сабақтан кейін курстастарымыз үйлеріне қайтуға асығады. Ал біз үшеуміздің үйге барғымыз жоқ. Содан бір күні достарыма кітапханаға барып, уақыт өткізу туралы ұсыныс айттым. Сөйтіп, біз Пушкин атындағы кітапханадан шықпайтын болдық. Іші жып-жылы. Асханасының тамағы да арзан. Қас қарайғанша кітапханада сабаққа дайындалып, түрлі кітаптарды оқып, соңғы троллейбусқа мініп, үйімізге ұйықтауға ғана келіп жүрдік. Сабаққа жүйелі, тиянақты дайындалған соң, бізді оқытушыларымыз үнемі мақтап жүретін болды. Ол аздай бір күні жағдайымызды сұрап, тауық кепеде тұратынымызды біліп, жатақханадан орын тауып берді. Сөйтіп, үшеумізге жатақхана бұйырғаны бар. Айтпағым, кез келген тығырықтан жол тауып шығуға болады.

Жетістіктері жөнінде  

 — Басты, үш жетістігімді айтайын. Біріншісі, бұдан үш жыл бұрын бір жобаны бастадым. Бір кездері Қазақстанда түрмеде жазасын өтеп жатқандардың саны өте көп болатын. Мысалы, бұдан үш жыл бұрын 52 мың адам түрмеде отырды. Прокурорлар көп жыл жазалауды сұрайды, сот көп жылға үкім шығарады. Мұны мұқият тексеріп, қорытынды жасадым. Жазасын абақтыда  өтеуі  міндетті емес адамдарды да түрмеге тоғытып жіберген кездеріміз болыпты. Сол жобаның арқасында бас бостандығынан айырылғандардың санын  30 пайызға азайттық. Қазір 32 мың адам жазасын өтеп жатыр. Бұрын Қазақстан түрмеде отырғандардың көптігі жөнінен әлем бойынша 30-орында тұрса, қазір 63-орында тұр. Осы жобаның негізін қалаған бір-екі адам болса, соның бірі — мен.

Екіншісі, Сырдария өзенінің бойында орналасқан аудан орталығы мен көрші ауылдың ортасына көпір салғыздым. Бұл көпірдің арқасында, бір ауылдың ғана емес, жалпы 13 елді мекеннің тұрғындары аудан орталығына қиындықсыз қатынайтын болды. Жап-жақын жерде тұрған ауылға тура жете алмай, жүз шақырымдай жол жүріп әуреге түсетін, болмаса қайыққа міну үшін кезек күтіп жағада тұратын жұрт көпірдің салынуын жылдар бойы күткен еді.  Парламент Мәжілісінің депутаты болғанымда, осы мәселенің шешілуіне ықпал еттім. Үкімет басшысына бардым. Тиісті министрлерге кіріп, мән-жайды түсіндірдім. Сөйтіп, екі жыл жүгіріп жүріп, көпір салу мәселесін шештім. Бюджеттен 2,5 миллиард теңге бөлініп, жаңа көпір салынды.

Үшіншісі, екі заңның авторымын. Бұрын тұрмыстық зорлық-зомбылық әлеуметтік проблема ретінде қаралған жоқ. Қолданыстағы заңнама тұрмыстық зорлық-зомбылықтардың шұғыл түрде алдын алуға және қауіпсіздік қамтамасыз етуге мүмкіндік бермеді. «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы туралы» Заң қабылданғаннан кейін, мемлекеттік және мемлекеттік емес органдар белгілі бір уәкілеттіктерге ие болды. Бұл — бір заң. Екіншісі, мемлекеттік аппаратта сыбайлас жемқорлықты азайту мақсатында әзірленген «Жария ақпаратқа қолжетімділік туралы» заң жобасының авторымын.

Бала тәрбиесі хақында

  • Екі ұл, бір қызым бар. Балаларымды жақсы көремін. Олар үшін бәріне даярмын. Дегенмен, екі ұлым 15 жасқа толғанда бізден, ата-анасынан бөлек тұрды. Ұлдарыма: «Менің зияным тиіп кетпеуі үшін осылай еткенді жөн көрдім» деп, олардың бірін — Алматыдағы физика-математика мектеп-интернатына орналастырдым, екіншісі тұрмыстық жағдайы жақсы емес туысқанымның үйінде тұрды. Олардың анасы: «Мұның дұрыс емес қой» деп жылады. Ол кезде мен Әділет министрлігінде вице-министр болып қызмет істедім. Жалақым жақсы. Қызметтік көлігім бар. Жақсы, жайлы тірлікке балаларым жаман үйреніп кете ме деп қорықтым. Сөйтіп, олардың бөлек тұруы керек деп шештім.

Дегенмен, мен  әкелік міндетімді орындадым.  Олармен жиі хат жазысып тұрдым. Хат жазу — өте керемет іс. Хат жазу арқылы мен балаларыма ашылып, жан дүниемді, ішкі сырымды ақтардым. Олар да ой-пікірлерін ірікпей, бүкпесіз айтатын болды. Олардан жырақ тұрсам да, бұрынғыдан да гөрі жақындай түскенімді сезіндім. Бір шаңырақтың астында тұратын әке мен балада мұндай жақын қарым-қатынас болмауы да мүмкін…

Біздің, үлкендердің кемшілігіміз — сол, бала үшін ата-ана шешім қабылдайды. Әке-шешенің міндеті — баланы өздігінен өмір сүруге, дұрыс шешім қабылдай алуға қалыптастыру.

Қылмыс туралы

— Терроршылардың мақсаты — халықты қорқыту, үрейлендіру. Олар өздерінің қатарына аңқау, көнгіш, сенгіш, санасы қалыптаспаған жастарды тартады.

Жастардың жат ағымның жетегінде кетуіне, ең алдымен кінәлі — ата-аналар. Мұғалімдер емес. Ата-ананың басты міндеті — баласына саналы тәрбие беру. Жұмыс, отбасын асырау — одан кейінгі кезектегі шаруа.

…Зорлық-зомбылық сипатындағы қылмыстардың 60 пайызы отбасы ішінде болады. Әрбір үшінші қылмыс — адам өлтіру. Әр жыл сайын адам өлтіру дерегі бойынша шамамен 800 қылмыс тіркеледі. 90-шы жылдары бұл дерек 2500 болатын. Ал Кеңес өкіметі тұсында, 80-ші жылдары 1500 кісі өлтіру дерегі тіркелді. Сол жылдары республикада халық саны 15 миллион болды. Ал қазір халық саны 17 миллионнан асады.  Кісі өлтіру деңгейі төмендеді. Бірақ, ғаламторды қарасаңыз, елімізде  қылмыс саны өршіп тұрғандай көрінеді. Өйткені Кеңес дәуірінде қылмыс туралы ешкім білмеді. Бұл туралы қылмыс жасаған адамның көршілері ғана білуі мүмкін еді. Бәрі жасырын болды. Бірде-бір газет бұл туралы жаза алмайтын еді. Цензура қатты болды. Қазір сөз бостандығы бар. Кез келген қылмыс жария етіледі. Сол себепті, қылмыс саны көп деген пікір қалыптасқан. 90-шы жылдары түрмеде 100 мың адам отырды. Қазір олардың саны — 36 мың. Егер тергеу изоляторында уақытша отырған адамдарды алып тастасақ, онда 30 мың адам қалады. Бұл — жақсы көрсеткіш.

 Жазып алған Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.
 

http://www.aktobegazeti.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз