Батыс Қазақстанның емханаларына дәрігерлер жетіспейді

Биыл Батыс Қазақстан облысында дәрігерлер тапшы.

Емханаларға 55 маман жетіспейді. Әсіресе, педиатор, акушер-гинеколог, кардиолог, гастроэнтеролог дәрігері аз. Сондықтан жас түлектің жағдайын жасап, жергілікті билік ауруханаларға 80-ге жуық маманды жұмысқа орналастырды.

Әйгерім Отарова – Ақтөбедегі медицина университетінің түлегі. Жұмысқа тұрғанына 7-ақ ай болған. Қазір қаладағы емханалардың бірінде жалпы тәжірибелі дәрігер болып қызмет атқарып жүр. «Күйеуім де осы салада жұмыс істейді. Оқуды бітірген соң қол ұстасып, туған қаламызға оралдық. Жұмысымыз қиын да қызықты. Алдыңғы толқын әріптестердің қамқорлығын ылғи сезініп жүреміз», - дейді жас маман.

Әйгерім Отарова, қалалық емхананың жалпы тәжірибе дәрігері:

- Осындағы тәжірибелі, бұрыннан жасап келе жатқан дәрігерлер, терапевтер, педиаторлардан кеңес аламыз. Жақсы көмектеседі. Өзіміздің меңгерушіміз де көмектеседі, жақсы көмектер бар.

Сала басшыларының айтуынша, биыл Әйгерім сияқты жас мамандар қатары арта түспек. Жыл соңына дейін өңірдегі емдеу мекемелері жүзге жуық жас маманмен толығады. Ақтөбеден келетін 81 дәрігердің тең жартысы ауылдық жерлерге жолданады. Олардың 71-і интернатураны бітірсе, ал қалған 10-ы резидентураны тәмамдапты.

Берік Хасайынов, Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы:

- Он маманның ішінде дәрігер педиаторлар, акушер-гинекологтар, анестезиолог-реаниматологтар, кардиолог, гастроэнтеролог сияқты мамандықтар бойынша біздің облысымыздың медицина ұйымдарына жұмыс істеуге тілек білдірген мамандықтар бар.

Қазір Алматы мен Қарағанды қалаларындағы оқу орындарынан жас мамандар тарту жұмысы жүрігізіліп жатыр. Ауылдық жерге барып жұмыс істейтіндерге «Дипломмен ауылға» бағдарламасының көмегі зор. «Жастардың жеке кәсібін ашуы үшін несие алуына, тұрғын үймен қамтылуына қолдау көрсетіледі», - дейді сала басшылары.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов
www.24.kz

Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз