БҚО аудандарының бірінде рекордты көлемде астық жиналды

Батыс Қазақстан облысының Зеленов ауданы тұрғындары егін науқанын табысты аяқтады.

Көңілдері тоқ, қамбасы дәнге толған шаруалар аудан күнін атап өтті. Мерекені тамашалауға Ресейдің көршілес облыстарынан да қонақтар келді. 

Дала қызықтарына дайындалған жұртшылық бүгін ерекше көңіл-күйде. Жағалай тігілген ақшаңқан киіз үйлердің айналасы ән мен жырға толы. «Ырыс алды – ынтымақ» деп түсінетін ауыл халқының той тойлайтын жөні бар. Жиын-терім науқаны сәтті аяқталды. Өнім көлемі ойдағыдай. Оны шашау шығармай жинап, құт қамбаға құюға мына сайлы техниканың қосқан үлесі аз болған жоқ.

Нұрлыбек Нариманов, шаруа қожалығының басшысы:

- Соңғы 4-5 жылға қарғанда осы биылғы жылдың өнімі жақсы болды. Қай шаруашылыққа да, егін салғанға болсын, малға болсын, жердің биыл құнарлылығы да жақсы. Жауын-жашынға байланысты басқа жылдарға қарағанда өнімді жақсы қабылдап алдық.

Өңірдегі ең ірі астықты аудан биыл күздік дақылдың әр гектарынан 50 центнерден өнім жинады. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Осындай оң нәтиже картоп шаруашылығына да тән. Сондықтан болар, ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесінде көкөніс пен бау-бақша өнімдері халыққа ең арзан бағамен ұсынылды.

Ханшайым Көсегенова, Зеленов ауданының тұрғыны:

- Биылғы жылы біздің Зеленов ауданы жақсы көркейіп, егіннен мол өнім алды. Ауыл шаруашылығы малдан төлден жақсы өнім беріп, ауданымыз жылдан-жылға көркейіп дамып келеді. Халықтың игілігі үшін ауданымыз жақсы дамып келеді.

Аудан күнін тойлауға келген халық балуандардың белдесуін де қызыға тамашалады. Қыз қуу, құнан жарыс, бәрі де өз деңгейінде ұйымдастырылды.

Шараның шырқау шегі ол әрине, аламан бәйге. Тұяқтарымен жер тарпып, дала төсін дүбірге бөлеген сәйгүліктер еліміздің әр түкпірінен келіпті. Мәре сызығын бірінші болып кескен шабандозға автокөліктің кілті табысталады.

Аламан бәйгеде маңғыстаулық сәйгүлік алдына қара салмады. Тиісінше, жүлдеге тігілген темір тұлпар да қонақтарға бұйырды. Қоңыр күздің бір күнін жұртшылық осылай шат-шадыман көңіл күймен өткізді. «Биылғы қыстан қысылмай шығамыз деген сенімдеміз. Өйткені биыл жаңбыр мол болып, 203 тоннадай жем-шөп дайындап алдық. Бұл келер жылдың қысына жететін көлем»,- дейді берекелі, мерекелі ауылдың тұрғындары.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Руслан Ғазизов, Қанат Махмұтов 

http://24.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз