БҚО-дағы трансформатор зауыты 10 мың дана өнімді шет елдерге экспорттамақ

Мемлекеттің көмегін тиімді пайдаланған Оралдағы трансформатор зауыты сыртқы нарықты жаулау арқылы отандық индустрияландыру саласына үлгі көрсетіп келеді.

Кәсіпорын биыл алғаш рет 7 миллиард теңгенің өнімін өндіріп, 10 мың дана трансформаторды шет елдерге экспорттауды жоспарлап отыр. Цифрландыру бойынша да нақты жобалар бар.

Трансформатор – зауыты индустрияландырудың алғашқы бесжылдығында жүзеге асқан аймақтағы айтулы жобалардың бірі. Су жаңа технологиямен жабдықталған зауытта 200-ден астам адам еңбек етеді. Өндіріс толық автоматтандырылған, цифрландыру бойынша да бірқатар жұмыс қолға алынды.

Ақжол Сауранбаев, зауыт директоры:

– Цифрландыру бағыты бойынша біздің зауытта көптеген жұмыс атқарылуда. Тапсырысты қабылдағаннан бастап тапсырыс берушіге жеткізгенге дейінгі атқарылатын цикл. Соның бірі – «Ақылды қойма» бағдарламасы. Ол бізде бұрын мысалы, бір затты іздеу үшін қоймашы көп уақытын жоғалтса, қазір ол азғантай минут қана жоғалтатын болады. Ол өндіріс өнімінің ұлғаюына өз әсерін тигізеді.

Күштік трансформаторлар бұрын шеттен әкелінетін. Қазір өндірілген өнімнің 90 пайыздан астамы Ресей мен Әзербайжан елінің нарығына шығарылады. Сұраныс болғандықтан, биыл зауыт алғаш рет толық қуатына кірісіп отыр. 

Былтыр аймақтағы индустрияландыру бағдарламасы бойынша қолдау көрсетілген кәсіпорындарда 500-ден астам адам екі қолға бір күрек тапты. Соның ішінде озық жобалар қатарынан табылған сапалы бензин, кірпіш, асфальт, есік-терезе, аяқ киім және макарон өнімдерін өндіруге кіріскен 10 шақты кәсіпорынды бөле-жара атауға болады. Өйткені аталған өндіріс ошақтарындағы дайын өнімдердің дені экспортқа бағдарланған.

Қайырғали Наукенов, облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының бас маманы:

– Екінші бесжылдықта жалпы құны 1131 жұмыс орнының құрылуымен жалпы сомасы 84,4 миллиард теңге болатын 29 жоба жүзге асуда. Соның ішінде 2015-2017 жылдар аралығында 1131 жұмыс орынның құрылуымен жалпы құны 81 миллиард теңге болатын 22 инвестициялық жоба іске асырылуда.

Индустрияландыру картасының тиімділігі, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1 жылда 2 триллион теңгеге өскен. Ал салықтық түсімдердің көлемі 5 миллиард теңгеге артып отыр. Алдағы бірер жылда өңірде тағы 7 бірдей су жаңа өндірістік желі іске қосылмақшы.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

http://24.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз