Бопай ханымның жоқшылары

Кездейсоқтық деуге бола ма?

 Осы жылғы маусым айының 11-і еді. Орынборлық белгілі кәсіпкер Қуанышқали Ұлықпанұлы теледидардан  «Арманың орындалады!» деп аталатын хабарды қарап отырып, қазақстандық суретші баланың тағдырына назар аударады. Талғардағы отбасылық «Нұр» балалар үйінде тәрбиеленетін кішкентай қазақ баласы Санжар үлкен суретші болуды армандайды. Қазірдің өзінде оның салған тырнақалды суреттері жүлде алып, көрмелерге қойылған. Көрген адамдар сүйсініп, болашақ суретшінің талантына бас иеді екен. Телехабарға қатысқан осындай бүлдіршіннен телетілші қандай арманың бар деп сұраса, «Ноутбук болса» деген тілегін білдіреді. Сол жерде телехабар жүргізушілермен телефон арқылы хабарласып, орынборлық кәсіпкер жас таланттың тілегін орындайтынын білдіреді. Сөзіне тұрып, қыркүйек айының басында, күнілгері жоспарлаған өзге жұмыстарын жиып қойып, Орал қаласына келеді. Осында жеңіл көлігін қалдырып, Алматы қаласына ұшақпен ұшады. Қазіргі балалар үйінде тәрбиеленетін 82 тәрбиеленушінің қалада жоғары оқу орнында оқитындарынан өзге, 52 бала, ұстаздар қауымы қуанышпен қарсы алады.

Салтанатты жағдайда сыйлығын тапсырып, жас талантты қуантады. Кездесуде отбасылық балалар үйінің иесі Тұяқ Есқожинаның өзі де болады. Кездесуді бейнетаспаға түсіріп жүрген «Арманың орындалады!» телехабарының тілшілері кәсіпкерден, балалар үйінің басшысы, жасы жетпістің төртеуіне келген Тұяқ әжеден  сұхбат алады. Әңгіме одан кейін дастарқан басында жалғасып, жақын білісіп-танысады. Балалар үйінің иесі өзінің тағдыры жайлы сыр шертеді. Әбілқайыр ханның тікелей ұрпағы екенін айтады. Ханның бәйбішесі, Бопай әжесінің сүйегінің Орынбордың іргесінде жатқанын баяндайды.

Қилы тағдырды басынан кешкен әженің әңгімесі Қуанышқалиға қызықты бола түседі. Әкесі соғысқа кетіп оралмай, шешесі қайтыс болып, құйттай күнінен жетім қалып, балалар үйінде тәрбиеленеді. Оқып адам болып, өз қолы өз аузына жеткесін, әкесін іздейді. Алайда дерегін таба алмайды. Бір күні үлкен ақсақал түсіне кіреді. Ол: «Қызым, мен сенің әкеңнің әкесімін. Саған ата боламын. Әкеңнің моласын іздеп әуре болма. Әкең Днепр өзенінің түбінде жатыр. Сол суға түскен жерінен бір уыс топырақ әкеліп, басын белгіле» деп аян береді. Содан Украинаға келіп, әскери комиссариаттан әкесінің ұрысқа қатысқан бөлімдерін анықтайды. Днепр өзенінен сол әскердің тікелей жарып өткен жерін табады. Белден суға түсіп, өзеннің табанынан топырақ алады. Соны елге әкеліп, әкесінің басын қарайтады.

Осы жерден қалай зейнеткерлік жасқа жетемін, солай қалған өмірімді жетім балаларды тәрбиелеуге арнаймын деп, өзіне серт қояды. Бұл кезде ол Алматыда үлкен бір министрлікте жауапты қызмет атқаратын. Айтқандай, жасы 55-ке толған  күні зейнеткерлікке шығып,  үш баласының пәтерін және өзінің жеке үйін сатып, Талғардың балалар үйін жеке иелігіне алады. Осы күннен бастап жетім балаларға қамқорлық көрсету қызметіне  кіріседі.

Талай қиындықты артқа тастап, бүгінде өз арманын орындаған кейуана өз ісіне риза екен. Осы уақыттың ішінде Тұяқ әженің иелігіндегі отбасылық балалар үйінен 622 бала тәрбиеленіп шыққан.  Оның 350-і жоғары білім алған. Балалар үйінен қанаттанып, отбасын құрап, еліміздің әр жерінде, әр салада қызмет істеп жүрген түлектерді сөз етер болсақ, әңгімеміз ұзап кетер еді. Тек осы алтын босағадан 15 генералдың шығуы көп нәрсені аңғартпай ма?

Көргені көп, атқарған ісі елге өнеге боларлық Тұяқ әженің осындай әңгімесін тыңдап, жас талант бүлдіршін Санжар суретшіні қуантып, Қуанышқали Орал арқылы Орынборға келсе, туыстары телефон арқылы жайсыздау хабар жеткізеді. Ауылда тұратын әкесі Ұлықпан ауырып, аудан орталығындағы аурухананың жан сақтау бөліміне жатқызылған. Өзі кеткенде сап-сау, сексеннің сеңгіріне шығайын деп тұрғанмен, 27 жыл жылқышы болып еңбекпен шыныққан әкесі, ауру-сырқаудан аулақ, қайратты еді. Бұл қалай деп тез жетсе, оқиға былай болған екен. Бұл Алматыға жолға шыққан күні әкесі тұратын Димитров ауылына Ақтөбеден бірнеше көлікке тиеліп бір топ адамдар келеді. Құрамында түрлі қоғамдық ұйымдардың жетекшілері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бар. Мақсаттары — осы ауылдан 25 шақырым жердегі, Доңыз әскери полигоны аумағында қалған Бопай ханым моласын барып көру. Ол орынды білетін және оған жөн сілтей алатын бүгінде бұл ауылдағы жалғыз адам — Ұлықпан ақсақал ғана еді.

Келген қонақтарды қарсы алып, үйінде түнетіп, жайлап, қонақжайлық көрсетіп, жағдайларын жасаған ақсақал, ертесіне бірге жолға шығады. Қыркүйектің алдамшы күні ертеңгілік жайма-шуақ мінез танытып тұрады. Соған қарап жеңіл-желпі жүре берген үлкен кісі, жолды-жолсызбен жүріп әзер жететін Бопай қорымына барған соң, опынады. Өйткені қорымға жеткен соң, шамалыдан кейін терістіктен бір шөкім бұлт шығып, лезде ұлғайып, нөсерлетіп құйып береді. Жердің беті нөсер жауыннан көлкіп, сай-сала суға толып, бұл жаққа келген өңшең жеңіл көліктер қара сазға батып, аттай алмай қалады. Балшыққа батқан көліктерді итеріп шығарамыз деп қонақтар, олармен бірге Ұлықпан ақсақал да мықтап жаурайды. Қайтадан ауылға жете алмай, бірнеше сағаттар бойы ошарылып, жолда ұзақ кідіреді. Содан ауылдың, ауданның әкімшілігіне, Ұлықпан ақсақалдың ауылдағы ұлдары мен күйеу балаларына хабар беріп, олар қуатты «КамАЗ» көліктерін әкеліп, жеңіл көліктерді сүйреп жеткізеді. Содан мықтап салқын тиген ақсақал, қонақтар кеткесін, қызулап, ауырып, жағдайсыз болып ес-түссіз ауруханаға түседі. Құдай оңдағанда,  жаратылысы мығым, еңбекпен шыныққан қария дес бермей, жедел ем-домнан соң есін жиып, он күн өткенде үйіне оралады.

Бұл оқиғаны кәсіпкер ұлы Қуанышқали тегін емес дейді. Өзінің суыт Алматыға ұшуында, онда Әбілқайыр ханның тікелей ұрпағы Тұяқ Қазкенқызымен кездесуінде, оның хан тұқымын, Бопай әжесін еске алып айтқан әңгімесінде, ал сол кезде ауылға Ақтөбеден осы белгілі тұлғаны іздеп арнайы  делегацияның келуінде, олардың әкесінің үйіне түсіп, бірге баруында — бір құдіретті сабақтастық бар деп есептейді.

— Бұл кездейсоқтық емес, бұдан мистикалық сипаты бар, аруақтың қуатын сездіретіндей жағдайды көремін, — дейді басын шайқап таңғалып Қуанышқали.

Әбілқайыр мен Бопай

Кіші Жүздің отыз жылға жуық ханы болған, елдің тұтастығын сақтап, қазақ мемлекетінің қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан, тәуелсіздік жолында жан аямай күрескен зор тұлғалы қайраткер, айтулы қолбасшы, ғасырларды болжаған көріпкел Әбілқайыр хан жайлы көпшілікке белгілі деректерді қайталап айту артық болар. Бұл тарихи тұлға жайлы белгілі жазушылар көркем, деректі кітаптар да жазды. Көрнекі ғалымдардың зерттеу еңбектері  жарыққа шықты. Әбілқайыр — еңбегі өз дәуірінде, көзінің тірісінде батыс жиһангерлерінің, орыс саяхатшыларының қаламына іліккен және ол жазбалар сол замандарда баспа көрген бірден-бір тұлға. Ханның өзі, отбасы жайлы құнды деректер, құжаттар Ресей мұрағаттарында мол сақталған. Заманның өзгеруімен оларға қол жетіп, халқымыздың игілігіне айналды. Солардың арқасында хан басы ардақталып, халқымыздың жүрегінен орын алды. Ақтөбенің қақ ортасында, көрнекі жерде Аңырақай шайқасына қазанат мініп қол бастаған тұлғасы бейнелеген алып ескерткіші тұр. Қаланың бас даңғылы хан есімімен аталады. Өткен жылдары ұрпаққа сын болып жүрген бір игі іс тындырылды. Әйтеке би аумағындағы «Хан моласы» қорымындағы ханның асыл сүйегі жатқан орын анықталып, ғасырларға жалғасатын зор кесене тұрғызылды.

Әрине, бұл әңгімелерден ірі тұлға Әбілқайырды толық зерттеп болдық деген қорытынды шықпаса керек. Ханның өз басы, отбасы, ұрпағы туралы тарихтың қойнауларында қалған, зерттеуді қажет ететін деректер де жетерлік. Тәуелсіздік алып, есін жиған еліміз өрнекті тұлғаның жан-жағын түгелдеуді, олардың еңбегіне қарай құрмет көрсетуді қолға ала бастады.

Өткен жылдары ханның қабірін анықтап, басына кесене тұрғызса, енді ақтөбелік бастамашы топтар Әбілқайыр отыз жыл хандық құрған дәуірде серігі болып үлкен саясаткерлік қасиетімен көрінген, хан өмірден озғаннан кейін ісін жалғастырған, халқының ауызында аңызға айналған бәйбішесі Бопай ханымды іздестіруді басты мақсат етіп қойды.

Бопай ханым кім еді? Кешегі кеңес заманында көпшілігіміз ол жөнінде Әбіш Кекілбаевтың «Елең-алаң», «Үркер»  романдарынан,  Тахауи Ахтановтың «Ант»  драмалық шығармасынан оқысақ, қазір нақты деректер молайды. Ондаған жазушылар мен зерттеуші ғалымдардың  еңбектері қолымызға тиді. Олар тарихшы Витебскийдің «И.Неплюев пен Орынбор губерниясы»  кітабындағы, 1736 жылғы Джон Кэстлдің «Бопай ханым балаларымен» деген әйгілі суретіндегі деректерді тірілтті. Сол кездің өзінде шетелдік жиһангер: « Бопай ханым (Бәтима) — Әбілқайыр ханның бас бәйбішесі, мемлекетті басқаруға араласатын әлеуметтік белсенді,  саясаткер. Ұзақ жыл жасаған, 1690 жылы туып, 1780 жылы өмірден озған, төре әулетінде зор беделге ие» деп жазған. Осындай деректер мен халық  ауызындағы әпсаналарға сүйеніп, жерлес жазушымыз Құрал  Тоқмырзин «Дала данышпандары» деген кітабының «Ақтөбенің салынуы» деген тарауында мынадай деректер келтіреді: «Орыстың патшасы  Анна Иоанновнаның қазақ еліне жұмсаған елшісі Құтылы Мұхамедтің (А.И.Тевкелев ) жазбаларында Әбілқайыр ханның ханымы Бопай бәйбішенің билер жиналысында сөз сөйлеп, қазақ даласы мен орыс империясының шектескен тұстарына бекініс, қамал-қала салынуы  тиістігін әлденеше рет талап екені айтылады.

Бопай ханымның ел билігіне еркін араласатын ерке мінезін жазғансып отырып,  Құтылы Мұхамедтің қамал-қала, бекініс салуды еске ала беруі, әрине, тегін емес. «жел соқпаса, шөп басы қимылдамайды» дегендей, Бопай ханымның ондай ұсынысты айтуы рас та шығар. Солардың бірі — Ор өзенінің Жайыққа құяр сағасына орныққан Орынбор болса, екіншісі — біз қазіргі Ақтөбе деп жобалаймыз. Ел зердесінде қалған аңыздарда Әбілқайыр  хан Орынбордың атын «Қазаққа іргелі орын болсын» деп, патша әкімдеріне «Орынбол» деп жаздырған екен дейді. Бұл атау орыстың бұрмалауына дәл келеді. Ақ патшаның өзі ме, болмаса көп әкімдердің бірі ме, әлде неміс текті әскербасшыларының қалауы ма, «Орынбол» деген атау лезде өзгеріп, қазақша «Орын» -«Оренге» айналып, соңғы буыны адам танымастай өзгеріп, немісше қамал, яғни «бург» боп шыға келеді. Көзінің тірісінде ордасын сол қамал-қалаға көшіргісі келіп армандаған Әбілқайыр, әрине, Орынборды сыртынан көргенмен, ішіне бас сұғып, жайласа алмай кетті.

Ал Тевкелевтің әлденеше рет есіне түсіріп, Елек өзенінің бір қолайлы тұсына Бопай ханым қала салуды ұсынды дегені қазіргі Ақтөбе екеніне шүбә жоқ. Тарихи құжаттарда дәл солай жазылған» . (Құрал Тоқмырзин, «Дала данышпандары», 189-бет).  Кейінгі жылдары баспадан шыққан «Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалығында» да Әбілқайыр ханның әулеті, отбасы жақсы айтылған.

Соның бәрі — Бопай ханымның тарихта өз орны бар қазақ әйелі болғанын растайды. Тіпті қазақ ішінде руы он екі ата Байұлына кіретін Адай аталығы болғаны жайында да деректер берген. Ғалымдар мен көзі қарақты зиялылар өткен ғасырлардағы жазба деректерге, бізге ауызша жеткен шежірелерге қарап, сегіз арыс Адайдың ішінде Бопайдың қай атаның қызы екенін де қазір анықтап алған. Абыл жыраудың Баймағанбет сұлтанға айтатын: «Апамнан туған әкең Айшуақ хан, табаның таймай тұр-ау мінген тақтан» деуінде көп сыр жатқандай.

Әрине, әңгіме оның руында тұрған жоқ, тарихи тұлға қазақ әйелі болғандығында ғой. Әбілқайыр хандық құрған алмағайып кезеңдерде ханның сенімді серігі, хан қасындағы тархан Жәнібек, Есет, Бөкенбай сияқты би-батырларға сыйлы кісі болған. Сондай-ақ зерттеу деректер Бопай ханымның Еділ қалмақтарымен болған соғыста ту көтеріп, жау қуған Бекетті  құрметтегенін де жазады. Бекет атаның 260 жылдығына байланысты жарық көрген «Бекет ата» жинағында осы дерек бар.

Бопайдың көп қасиеті, қабілеті Әбілқайыр хан өлгеннен кейін көзге түседі. Елдің беделді кісілерімен ақылдаса отырып, баласы Нұралының өз еліне хан болуына күш салады. Елші Мәмбет Тевкелев мырзаға, Орынбор губернаторына, орыс патшайымына өтініш-хаттар жолдап, балаларын, отбасын, елін қорғаудың қамын жасайды. Ері қапияда қаза болғаннан кейін сүйегін батырдың қаза болған жеріне жерлетіп, сол жерді беделді қорымға айналдыру шаруасын жүргізеді. Алайда түрлі айла-шарғыға салып патша өкіметі бұл тілегін жүзеге асыртпайды. Түркістанға аударып қою әрекетіне де тосқауыл қоюшылар көп болады. Солай жағаласып жүріп, екі ұлының хан тағына отыруына тікелей еңбек сіңіреді.

Бопай ханымның адал жар, қадірлі ана болғаны өзінше бөлек әңгіме. Олардың алғашқы танысқан кездерін халық ауызындағы аңыздар бойынша суреттеген жазбалар, әпсаналар өте көп.  Бізге жеткен тарихи әңгіме бойынша Бопайға үйленген жылы Әбілқайыр хан болады. Тұңғышы Нұралы сол жылы дүниеге келеді.

Бопай — алты ұл, бір қыздың анасы. Олар — Нұралы, Ералы, Қожахмет, Айшуақ, Әділ, Қаратай және Злиха. Ұлдарының бәрі өз дәуірінде ел қамымен ат үстінде өтеді. Нұралы, Ералы, Айшуақ, Қаратай  әр жылдарда хан тағына отырады. Қожахмет пен Әділ сұлтандықпен өтеді.

Көп деректерде шын есімі Бәтима деп көрсетілетін ханымның орыс жазбаларында қалай Попай деп аталғаны туралы дерек жоқ. Мүмкін, қазақтың баланы еркетелетіп, екі есім беріп атауымен байланысты шығар деген болжам ғана бар.

Әбілқайырдың қалмақ, башқұрт әйелдері болғаны да белгілі. Бірақ еш жерде олардың есімдері аталмайды.  Демек, бұл хан шаңырағындағы бәйбіше Бопайдың абырой-беделі, ықпалы, басқа әйелдерінен жоғары болғанын көрсетеді.

Ұлтымыз үшін  көп еңбек сіңірген осындай тұлғаның сүйегі жатқан жерді  іздемеу жөн болар ма еді, әрине, жоқ. Ол шаруа және  бүгін басталды десек, шындыққа тағы қиянат болар еді.

Іздеушілер

 Жазушы Әбіш Кекілбаев сынды ат төбеліндей зиялы қауым өкілдері, Ақтөбе музейінде қызмет істеген Зада Мұқашева, өзге де бірен-саран адамдар бұл қасиетті орынды ертерек көрген. Ол жөнінде бірсыпыра деректер келтіріп, республикалық,  облыстық газеттердің бетінде мақалалар да жазған. Кейінгі жылдары  еліміздің өзге өңірлерінен де жазушы, зерттеуші-тарихшылар  іздеп барған. Алайда олардың бәрі жекелеген  адамдар еді. Үлкен құрамдағы сапар Ақтөбе қаласынан, жоғарыда біз келтіргеніміздей, осы жылдың қыркүйек айының басында ғана болады. Олар қорым іргесіндегі Елек ауданының Димитров ауылында болып, мән-жайды әбден анықтайды. Осы жердегі қазақ жұртшылығымен сөйлеседі. Орыс арасында отырған ағайындардың  да қазақ үшін қымбат тұлғаның басын қарайтуға тілекші  екенін түсінеді. Ойларын біліп, бұл істе бірлесе қимылдауға уағдаласады. Ұсыныс сіздерден болсын, біз қолдау көрсетіп, демеушілік жасалық, енді келгенде қоршау салып, басына құлпытас орнаталық деп аттанады.

Сол уәдесіне тұрып, ақтөбелік бастамашы топ 10 қазан күні бір «Газел», бір жеңіл көлікпен Орынбор бағытына жолға шықты. Олардың арасында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері ретінде біз де болдық. Негізгі көшбастаушы және осы істі ұйымдастырушы, облыстық қоғамдық ұйымдардың  жетекшілері, аймақтағы мұндай істердің бұрынғы жылдары да талайына мұрындық  болған Келдібай Еспағамбетов пен Игілік Сағиев.

Өзінің жеке көлігін жүргізіп барған Келдібай  да, Игілік те осыдан бір ай бұрын біз бара жатқан өңірді көрген. Білмейтін мен ғана. Ақтөбеден шығып, екі елдің шекаралық кедендерінен өтіп, Орынбор қаласынан әрі кетіп, ұзақ жүрдік. Түс ауа жолға шыққан біз, түн аударып Димитров ауылына шақ жеттік. Сол түні жерге ақ қырау түсіп, алғаш бұл жақта су қатты.

Олай ұзақ жүруіміздің себебін келесі күні ғана білдік. Біз айналма жолға түскен екенбіз. Негізі бұл ауыл Тұзтөбеге қырық шақырым, ал өзіміздің Жиренқопаға одан да жақын жерде екен. Бар қырсық — әскери полигон болғандығында, төте жүруге ұлықсат жоқ.

Қазақта «Жатқанға тұрған келмесін» деген сөз бар. Түнгі сағат бірде бейтаныс ауылда қай нағашың күтіп тұр. Меніңше, қанша батыл болғанмен, осы жерде Келдібай мен Игілік ағаларымыз да тұйыққа тіреліп, ат басын қайда бұрарға білмей, қысылды.

Кең көшенің бойындағы бір еңселі, айналасы қорабалы үйдің бар терезесі жарқырап, шамдары сөнбей тұр екен. Біреулердің есімін айтып, бірнеше көшені шарлап, еш жерге тұрақтай алмай, айналып келіп, ақырында алдыңғы көрген үйімізге бас тіредік. Бұл Келдіекең мен Иекеңнің қыркүйекте делегациямен келгенде жайланған Ұлықпан ақсақалдың шаңырағы екен.

Жайсыз уақытта келген қонақты ақсақалдың өзі бас болып, күйеу баласы мен қызы қабақ шытпай қарсы алды. Арасында ақсақалдың өткендегіден ауырып, ауруханаға жатып, таяуда шыққанын да айтып жатыр. Түн ауса да қазан көтеріп, қызы Айман жеңіл көліктің пеші жұмыс істемей тоңып келген бізге шай беріп, ауқаттандырды.

Келесі күні ерте тұрып, Бопай ханым жатқан қорымға баруға жиналдық. Ұлықпан ақсақал балаларының қайталап сырқаттанып қаларсың деген ескертуіне қарамай, бірге жүруге күбінді. Тек өзі емес, балаларын, ауылдастарын да жәрдем беруге шақырып, ұйымдастыру ісін өз қолына алды. Ауыл ақсақалының беделі де бар екен. Олай болатыны, үш ұлы беделді қызмет атқарады. Олардың екеуі Орынбор қаласында кәсіпкерлік жұмыста істейді. Тұрмыстағы екі қызы да ауылда сыйлы. Біз әңгімелеген үлкен ұлы Қуанышбай облыс орталығында ірі кәсіпкер, үлкен меншік иесі. Ол да ақсақалдың айтқанын екі етпейді екен, мына іске жәрдем бересің деп телефонмен шақырып алды.

Туған інісінің баласы Махмұт Тілеуұлы осы ауылда ауылдық кеңестің әкімшілік басшысы екен. «Бұл көппен бітетін іс, қандай көмек-жәрдемің бар» деп, бізді кеңсесіне ерітіп апарды. Ол жігіт алды кең, қазақ десе омырауын ашқан, өз ұлтына қамқор болып отырған  жақсы жігіт болып шықты. Орталығын қойғанда, бірнеше бөлімшелері бар, ауылда 1800-дей адам тұрады екен. Үйлердің саны 500-дің үстінде. Осы ауылда қазір 70 пайыз қазақ тұратын көрінеді. Себебі, біздегі сияқты, заманның өзгеруімен мұннан да орыс ағайындар қоныс аударып, ірі қалаларға көшіп кеткен.

Ауыл кәдімгідей қазақыланып қалған. Өзінің мешіті бар. Клуб сынды мәдениет орындарында Наурыз тойы, Құрбан айт мерекесі аталып өтіп, қазақша концерттер жиі болады екен. Ауылдың әр үйі «ОтауТВ» телеқондырғысын сатып алып, Қазақстанның  бүкіл жаңалығын көріп отыр. Тұтас елдегі емес, әр облыстың хабарын да қарайтыны белгілі болды.

Ауыл күйлі. Негізінен пайданы мал мен егіс, көкөніс өсіруден, жеке шаруаны дамытудан табатынын аңғардық. Клубта көркемдік жетекші болып қызмет істейтін, осы ауылға 17 жыл бұрын тұрмысқа шығып, көрші Шыңғырлаудан қоныс аударған Индира Мырзағалиева ауылында көпбалалы отбасылардың өсіп отырғанын айтады. Олай болатыны — мемлекеттің демографиялық қолдау көрсетуімен байланысты. Мұнда отбасында үш бала болса, көпбалалы отбасыға қосып, миллион рубльден астам қаржы береді дейді. Ол оның өзін осыдан бес-алты жыл бұрын алып, үлкен үй сатып алған. Ал қазір көпбалалы отбасына берілетін сыйақының мөлшері одан да өскен.

Индира айтып отырса, мұндағы қазақтар үшін шешуі қиын болып отырған мәселелер де бар екен. Ол — қазақ тілін үйрететін оқулықтардың, домбыра сынды ұлттық саз аспаптарының  жоқтығы. Соның салдарынан клубта Индира ашылған «Ана тілі» үйірмесі жабылып қалған.

Ауыл азаматтарының қолдауы

 Бұл ауылда  Бопай ханымның көп жылдардан бері жоқшысы болып жүрген, әңгімеміздің басында  біз әңгімелеген Ұлықпан Ещжанов ақсақал да көп жайдан хабардар болып шықты.

— Осы іспен жүргеніме  7-8 жыл болды, — деп бастады әңгімесін ол. — Алғаш рет Шыңғырлаудың әкімі екі совхоз директорын ерітіп келді.  Ол кезде Елек өзенінен тіке өтетін еді. Онда мен үшінші бөлімшеде тұратын едім. Мені іздеп келіп, сенбі күні Бопай ханым сайына Орынбордың губернаторы мен атақты жазушы келетінін, соларға жол көрсетіп, бірге болуым керектігін айтты. Қысы-жазы осы өңірде жылқы баққан мен ол жерлерді жақсы білетінмін әрі үлкендерден естіген әңгіме, деректерім де көп еді. Айтқандай, сенбі күні екі жеңіл көлікпен қонақтар келді. Аралатып көрсеттім, білетін әңгімемді айттым. Бопай ханым қабірінің басына алып келдім. Құран бағышталды. Осы сайдың бойына  киіз үй тігілген еді. Сонда  Орынбордың губернаторы, Батыс Қазақстан облысының әкімі  және атақты жазушымен дастарқан басында бірге отырдық. Оның қазақтың белгілі жазушысы Әбіш Кекілбаев екенін кейін білдік.

Осыдан бастап келушілер жиіледі. Олардың көпшілігі Ақтөбеден еді. Астанадан, Ақтау мен Атыраудан іздеп келушілер де табылды. Кейін үлкен құрамда келе бастады. Бәрі әуелі мені іздеп келеді, сосын үйде жайланып, қорым басына алып барамын. Суретке, бейнетаспаға түсіреді. Астанадан келген жазушы Жұмабек Мұқанов кітап жазамын, маған жер бедерін таныстырсаңыз деп өтініш жасады. Бүкіл сай-саланы, өзен арналарын білгенімше  түгел айтып бердім.

Ауылдың әкімшілік басшысы, Орынбордан Қуанышбаймен бірге келген азаматтар, ауылдың қол ұшын беруге келген жігіттері бірнеше көлікпен Бопай ханым  жерленген Бопай сайының бойына келген соң да, Ұлекең ақсақал әңгімесін жалғай берді.

Оның көрсеткеніндей, осы маңда Жайыққа барып құятын бірнеше салалар бар екен. Қара өзен, Құмдық өзені, тағы басқа бірнеше сағалар, оның ішінде Бопай өзені де бар. Ақсақал олардың ұзындығы қанша шақырым екеніне дейін жатқа соғады. Мысалы, бірде Бопай сайы, енді бірде Бопай өзені  аталатын саланың ұзындығы 7-8 шақырым дейді. Осының қабағында, қыраңда  Бопай ханымның моласы тұр, бір замандарда айналасы орланғаны көрініп тұрған биік төбе. Айналасында  жерленгендер көп емес, оның өзі оқшаулау тұста.

Бұл маңда,  әр жерде, Ұлықпан ақсақалдың айтуынша, қазан төңкерісіне дейін бөлек-бөлек отырған орыс, неміс, қазақ мекендері болған. Солардың қорымдары әр жерде әлі де сақталған деседі.

Ұлекең ақсақал жігіттер Бопай ханым моласын қоршап, құлпытасын орнатып жатқанда да, әр нәрседен хабар беріп әңгімесін айтумен болды.

— Мына ордың ар жағы ертеде анық мола болып жатты. Жандары түсіп, сүйектер көрініп жататын. Оларды бір кезде осы маңдағы қазақ ауылынан әкеліп қойған. Ақ пен қызылдың заманында олар бытырап  кеткен. Ақырына Сәуірбай дейтін бай қалған. Өзінің көп малы, су диірмені болған. Соның бәрі құрып, өзі қудалауға түскен. Одан кейінгі дерегін ешкім білмейді. Менің үлкендердің, оның ішінде немісі, орысы, қазағы да бар, әңгімесінен аңғарғаным, «Осы жерде қазақ ханының кемпірі жатыр» дейді. Бәрінің әңгімесі бір жерден шығады. Балалары хан болған Бопайдың басында мазар тұрғызылмауы да мүмкін емес. Оның кейін қирап, кешегі дүрбелең жылдарда типылданғанын талай үлкендердің аузынан естідім. Бұл жерде жалғыз жатқан. Мына бір-екі мола кейін қойылған адамдар. Оның бірі —Тасбарамық Үмбет дейтіннің кемпірі, 1939 жылы қайтқан.  Ана тасты кейін баласы қойды. Баласының өлгеніне 7-8 жыл  болды. Бір тележкі ақ балшық әкеліп төгіп еді, тегістеліп кетті. Екінші мола — Балышұлы Қойшығұлдікі, 1943 жылы өлді. Кейін қойылған осы екі моладан өзге бұл жерде ештеңе жоқ, — дейді ақсақал.

 Белгі: қоршау мен құлпытас

 Бұрынғы мазардың аумағын қамтитын қоршау темір мен арнайы дайындалған жазуы бар құлпытасты орнатқанша әжептуір уақыт өтті. Күздің ызғырық желі арқадан өтіп тоңдырды. Дегенмен, ұсынықты қолдар, қолқанат жастар түс ауа  Бопай ханым басына белгі орнату жұмысын толық аяқтады. Марқұмның аруағына Құран бағышталды.

Аруақ алдындағы борышын өтеген азаматтар ат басын кейін бұрып, манағы ізбен, «Ішке кірмеңіз, ескертусіз атыласыз!» деген әр жерге орнатылған бағандарды жағалап, сүрлеу жолмен ауылға жетті.

Жолшыбай келе жатып осы істі атқарып жүрген азаматтардың көзсіз ерлігіне сүйсіндім. Бұған дейін де талай ұлтымыздың жанашырлары айтулы тұлғаны іздегені, лайықты құрмет көрсеткісі келгені анық қой. Бірақ оған заманы ырық бермеді. Кейін заман түзелгенде, бұл жердің өзге ел, оның үстіне Доңыз полигоны болғаны жолды бөгеді. Ұлтымыздың талай азаматтары ардақты тұлғаның аяқасты болып жатқанын көргенмен, бармағы шайнаулы кеткен. Басына барғандардың қай-қайсысы да осыны айтқан. Енді соны тәуекелмен Ақтөбеден барған екі азамат, бала-шағасымен көтеріліп қолдау көрсеткен Ұлықпан ақсақал, ауыл азаматтары  жүзеге асырды. Жасыратыны жоқ, ауылға жеткенше көңілден алаң да кетпеді. Келдібай  ағамыз ауылдан бір қой сатып алып, өзіміз түнеп шыққан үйде садақа беруді ұйымдастырып кеткен еді. Обалы не керек, Айман, Шолпан бастаған қыз- келіншектер оралып келгенде сол дастарқанды әзір етті. Құран оқылып, аруаққа құрмет көрсетілді. Ақтөбеден барған екі азамат кезек-кезек сөйлеп, ауыл адамдарына алғыстарын білдірді. Арнайы Ақтөбеден алып келген шапанды Ұлықпан ақсақалға жауып, орамал, төбетейлерін жастарға үлестірді.

Екінші күннің бесінін аударып, Ресей ауылының азаматтары бізді жолға шығарып салды. Халқымыздың ардақты қызы Бопайдың басына кеш те болса, белгі қойылғаны көңілге медет. Алайда көңілдің алаңы мұнымен тынған жоқ. Мал баспайтын болды демесе, істің әлі аяқталмағаны анық. Полигонның ішінде, адам аяғы бара бермейтін жерде. Ол жерден көшіріп, «Хан моласына», мәңгілік серігі  Әбілқайыр ханның жанына жерлесе, қалай болар еді деген де ой келеді.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.
"Ақтөбе" газеті

 

Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз